23-04-21 |
390 рет қаралған
«7 мамырда жалпыұлттық митинг ұйымдастырамыз».
«7 мамырда жалпыұлттық митинг ұйымдастырамыз»

Жер комиссиясының мүшесі, экономист Мұхтар Тайжан 24 сәуірде өтетін жер комиссиясының кезекті отырысында комиссия мүшелері жерді Қазақстан азаматтарына сатуға дауыс берсе, онда 7 мамырда жалпы ұлттық митинг ұйымдастыратындарын хабарлады.

«Егер ертең, сенбі күні, 24 сәуір, Жер комиссия жерге жеке меншік ашамыз деп дауыс берсе, бәріміз 7 МАМЫРДА (ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ КҮНІ) ЖАЛПЫ ХАЛЫҚТЫҚ НАРАЗЫ МИТИНГІГЕ ШЫҒАМЫЗ. Әр қала, әр ауыл ЖЕР ҮШІН бір күнде – 7 мамырда – бас алаңда сағат 12.00 жиналу керек.

Бұл жалпы ұлттық митинг заңды болуы үшін дүйсенбі күні 26 сәуірде әр ауылдың, әр қаланың тұрғындары жергілікті әкімдікке барып жазбаша түрде ресми ескерту қалдыру керек. Ешқандай рұқсат сұрау қажет емес, тек ескету қалдыру керек болды. Мен митинг жайлы Заңды жақсы білем, сол үшін айтып отырмын.
Керек болса апта сайын әр сенбі күні алаңға шығатын боламыз. Жерді сатқызсақ ұрпақ болашақтан айырылады.
Не болса да ЖЕРДІ САТҚЫЗБАЙМЫЗ!», – деп жазады ол facebook парақшасында.

Сондай-ақ М.Тайжан Жанболат Мамайдың бастамасымен 24 сәуірде өтетін митингіге де «шығыңыздар» деді.

«Ертеңгі Жер үшін митингіге шықпаңдар деп айтқан жоқпын, оған да шығыңыздар. Ол да керек, себебі мақсат бір – жерді сақтап қалу.
Бірақ ертең Жер комиссия халық қаламайтындай шешім шығарса, онда 7 мамырда жалпы ұлттық митинг ұйымдастырамыз. Керек болса, апта сайын шығатын боламыз.
Ол кеш болмайды, себебі Жер комиссия шығарған шешім ол қабылданған Заң емес. Заңды Мәжіліс пен Сенат қабылдайды, президент қол қояды. Сондықтан 7 мамыр кеш болмайды», – дейді М.Тайжан.

Бұған дейін президент Тоқаев жерді шетел азаматтарына, заңды тұлғаларына сатпау туралы шешім қабылдаған. Қазіргі кезде жерді Қазақстан азаматтарына да сатпау туралы мәселе көтеріліп, ол жер комиссиясында талқыға түспекші.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.