22-04-19 |
2080 рет қаралған
Болат Оспанов, Ассамблея мүшесі, мәслихаттың депутаты: «Ең алдымен – ел қамы, содан кейін қалғаны».
Болат Оспанов, Ассамблея мүшесі, мәслихаттың депутаты: «Ең алдымен – ел қамы, содан кейін қалғаны»
Болат ОСПАНОВ

Мемлекеттің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмейтіні белгілі. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту да даму өзегінің бірі болып табылады. Ата Заңымыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілгенін ескерсек, бұл бастамалар еліміздің әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасу және даму жолының негізін айқындайтын басты ұстаным. Байқап отырғанымыздай, елімізде әрдайым әлеуметтік салаға басым­дық беріледі және өзгерген экономикалық жағ­дайға, қол жеткізген бе­лес­терге орай әлеуметтік саясаттың индикаторлары өзгеріп отыра­ды. Сонымен қатар, адамдарға жан-жақты қамқорлық жасауға, өмір сапасын жақсартуға, тұтастай алғанда, қазақ­стандықтардың әл-ауқатын нығайтуға аса мән беріледі. «Ең алдымен – ел қамы, содан кейін қалғаны» деп Қадыр Мырзалиев айтқандай, мемлекеттің негізін құрайтын әрбір шаңырақтың, әрбір тұрғынның әл-ауқаты, жұмысы, тұрғын үйі, кәсібі болса ғана ол ертеңіне сенімді болады, мемлекетіне адал еңбек етеді.

Осы орайда Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларды жүзеге асыру туралы нақты тапсырмалар бергені мәлім. Бүгінде елімізде берген тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар басымдықтар жүзеге асырылуда. Әлбетте, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, ана сүтін ардақтап, ата салтын салмақтап өскен елміз. Оның үстіне адам ұрпағымен мың жасайды емес пе?! Сондай-ақ, қанша жерден экономикалық қиындықтар, жаһандық дағдарыстар орын алса да, біздің мемлекетімізде әлеуметтік көмектер қысқарып көрген жоқ. Жыл өткен сайын тұрмыс деңгейі­міз көтеріліп, материалдық және мәдени қажеттіліктеріміз қанағаттандырылу үстінде. Біздің әлеуметтік жағдайымыздағы жеткен жетістіктер – мемлекеттің әр қазақстандық үшін жасап отырған қамқорлығының жемісі.

Бұл ретте Алматыда «Бақытты отбасы» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бастама тікелей көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл бастама да Тұңғыш Елбасының тікелей бақылауында. Өйткені, көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету мемлекетіміздің негізгі басымдығы болып табылады.

Жалпы 2019 жыл халықты әлеуметтік қорғау саласында көптеген жаңалықтарымен келді. Соның бірі – ең төменгі табысты көбейту мен ең мұқтаж отбасыларына қолдау көрсету. Біздің қаламызда көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету әрбір адал ойлы азаматтың міндетіне айналып келеді. Осы ретте Түрксіб ауданындағы жалғызбасты әрі көпбалалы ана Мейрамгүл Бұхарбаеваның үйіне арнайы бардық. Сөйтіп, Наурыз мерекесі қарсаңында жанұядағы сегіз баланың әрқайсына азық-түлік кәрзіңкесі мен ойыншық, нетбук тарту етілді. Бұған көпбалалы отбасы мүшелері қатты қуанып, шат-шадыман қуанышқа кенелді. Әрине, баланы әркім өзі үшін туып, бағып-қағады. Дегенмен, мемлекет те еліміздің демографиялық жағдайын жақсарту үшін, әр отбасында бала санының көбеюіне мүдделі болуы шарт. Бала туу көрсеткішінің өсуі – адам капиталының дамуына ықпал етпек.

Жуырда «Достық», «Матай» және «Ақтоғай» стансаларына барып, жергілікті тұрғындарға Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік іс-шарасының мақсатымен таныстырып, оны жүзеге асыру жолдарын түсіндірдік. 

Сонымен қатар, қай кезде де  елдегі береке-бірлікке, игі істерге ұйтқы болып жүретін Алматы пайдалану локомотиві депосының ұжымы  да әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау білдірген болатын.  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көпбалалы отбасы­ларға қолұшын созу мақсатында теміржол­шылар ынтымақтастық танытып, игі шарадан шет қалмай, қайырымдылық көмек ретінде біркүндік жалақыларын (1 млн. 956 мың теңге көлемінде) аударды. Бұдан өзге, Алматы жүк тасымалдау бөлімінің басшылары да 20 мыңнан жиналып, қаладағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған төрт отбасына 50 мың теңгеден ақшалай көмек көрсетті. Сондай-ақ, депо ұжымы су тасқыны сияқты айтып келмейтін апаттардан зардап шеккен азаматтарға да қолдау көрсетуді азаматтық парыздары деп санайды. Ұлы Отан соғысы жылдары ерен ерліктің, батырлық пен қайсар­лықтың, өшпес өжеттіліктің үлгісін көрсеткен майдангерлер бүгінгі күні қандай құрметке болмасын әбден лайықты. Жыл сайын «Алматы пайдалану локомотив депосы» АҚ-ның ұжымы әрдайым ардагерлерге барынша сый-құрмет көрсетеді. Жуырда Ұлы Отан соғысының ардагері 94 жастағы Лидия Козлованы туған күнімен құттықтап қайттық. Аудандағы Балалар үйінде құрбан шалынып, садақа беру дәстүрге айналды. Жыл сайын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысамыз. Мақсат – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету және баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу.

Болат ОСПАНОВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,

Алматы қалалық мәслихатының депутаты

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.