20-07-20 |
3120 рет қаралған
Есенғали Раушанов: Тоқаев қолы таза адам.
Есенғали Раушанов: Тоқаев қолы таза адам

Мен кісі танысам, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қолы таза адам. Харамнан мал жиып, тобырдан топ құрып, иман сені­мін, абырой беделін лас дүниеге айыр­бастаған адам ол емес.

Ай­таққа еріп, айнала шауып, ойқас­тап кеткен кезін де көрген жоқпыз. Шы­нымызды айталықшы, Қазақ­станның жаңа тарихында билікке араласқандардың арасында жаман істерден бойын аулақ ұстап, арын таза сақтап қала алғандар көп пе? Қай басшыға таза адам деп мінездеме бере алар едіңіз? Біздің биліктегілер ұят иман, обал сауап иммунитетінен аластайтын пандемияға шырмалғалы қай заман?! Сол қара тасқынға тосқын қойылар кез жеткенін халық біліп отыр. Наразылықтың, әсіресе соңғы кезде қатты өршіп кеткені де содан. Ел сең қозғалғанын сезді, бұған енді бөгдедей бө­гет, тос­қауыл жоқ. Тек алға жүру ғана бар. Президентіміз ма­ңын­­да­ғы­лардан өз бойындағы таза­лық­ты, өз бойындағы зия­лылықты, білім­паздықты, мәдениетті талап ететіні көрініп тұр. Оған қар­сылар көп болатыны да содан. Тазарту дегеніміз – жаңадан жасап шыққаннан да гөрі қиямет жұмыс, дейді Шығыс мәтелі. Ол рас. Одан гөрі бәрін көлдеңдетіп белінен бір-ақ сызып қайта бастау оңай шығар, бірақ бұл әдіс біздің елде жүрмейді.

Ілекең, Ілияс Жансүгіров ке­зін­де:

Халқыңның сырын өзің білесің де,

Ісіне күйесің де, күлесің де,

Қаласың кейде ренжіп, кейде мәз боп,

Әйтеуір, сол халықты сүйесің де, –

дегенде осының бәрін басынан өткерген соң жазған. Асылы, бұл дүниеде жаңа ешнәрсе жоқ деген дұрыс сөз. Біздің зиялылардың ұстанымдары, дүниетанымы, қа­лып­тасу принциптері басқаша болып келді. Кейбі­реу­лердің Пре­зи­дентімізге «Сталин бол!», «Назарбаев бол!» деп теп-тегін ақыл­дарын тепе-тең үлестіріп жүр­гендерін көзіміз көріп отыр. Еш­қашан ешкімге разы болмайтын енді бір топ сол баяғы керауыздыққа салып атқарылған орасан көп жұ­мыстардың бәрін де жоққа шы­ғаруда. Әлбетте, кім болу, қай жол­ды ұстану Президенттің өзі шеше­тін мәселе. Менің ойымша, ол Сталин де емес, басқа да емес, Тоқаев болуы керек. Себебі елге жаңа леп керек. Жаңа көзқарас керек. Таза ауа керек!

 Мына індет көп нәрсенің бетін ашты, кім екенімізді, жаңаның жанталаса жұмыс істегенмен жақсы нәтижелерге қол жеткізудің қиындығын көрсетті. Бірақ елде ауызбіршілік бар. Ең басты жеңі­сіміз осы болса керек. Қазақ дәрігерлер әлемі бұрын-соңды мұндай сынды басынан кешірген жоқ. Шан шараф, ізет үрмет оларға! Олар халықты қалай сыйласа, халық та, Президентіміз де оларды солай құрметтеуде. Осы сапарда жан тапсырғандарды ақ шейіт деп бағалайық және бұл дәстүр әрі қарай жалғасын табатынына сенеміз. Халықты қолы да, жолы да лас адамдар басқара алмайды, басқарам деген күннің өзінде ондай биліктің түптің түбінде берекесі кететінін ел көріп отыр. Халық біріксе таза адамның ғана маңына топтасады. Індеттің кететініне сенелік. Ешқандай пәле мәңгі орнап қалмайды. Бұл сынақ. Рас, билік дайы­н еместігін көрсетті. Рас, осындай қысылтаяңда пиғылы жаман адамдар қара басының қамымен пайда тауып қалуға ұмтылып жүргенін де көрдік. Халық шаруашылығы салаларын мамандар емес, кездейсоқ менеджерлер басқарғандықтан ойсырап қалғанының да куәсі болдық. Ел осының бәрін айта бас­тады. Кеше айта алдық па? Бірақ айту деген аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып қоясын ақтару емес. Ескі өлеңде айтылғандай жылауға рұқсат берілді екен деп даланы басымызға көтеріп байбалам салу емес. Берекет табыңыз, бір сәт әлеуметтік желілердегі мақалаларға және оларға жазылған комментарийлерге назар аударып көріңізші, қазақ ХХІ ғасырдың толыққанды ұлты емес, ортағасырлардың бауын шуына малып, өз нәжісіне өзі малтып жүрген қара тобыры емес пе деп ойлап қалуыңыз әбден мүмкін. Әдеп иесі болуға тиіс әйелдер әлеуметтік желілерді шаңқылдап, шаптығысатын алаңға айналдырып алған секілді. Әйел секілді еркектер туралы әңгіме басқа. Мен бұрын кешегі Мұхаң («Бесігіңді түзе»), Ғабең («Ана туралы, әйел хақында…»), Сәбеңдер («Ботагөз») неге ылғи әйел әдебі туралы жаза берген деп ойлаушы едім, соның мәнін енді түсініп келе жатқан секілдімін. Сонда біздің 100% сауатты елге айналып, әлемдік мәдениет қайнарларынан сусындап өскен, өркендеген, қалыптасқан, толған, толысқан ұлтқа айналғанымыз қайда? Тап мына түрімізге қарағанда кешегі ат тағалап, атан қомдап өскен, «бір ұрты қан, бір ұрты май қазақтар» (Абай) бізден гөрі анағұрлым мәдениетті, анағұрлым парасатты болған сыңайлы ғой.

Ел қиналып жатқанда сырттан тегін келген дәрі-дәрмекті саудаға салатындар күн сайы­н ұсталып жауапқа тартылуда. Кейбіреулер бұдан былайғы жерде ақша жеп қойғандарды ғана емес, қолынан іс келмей орнынан түскен Үкімет мүшелері мен әкімдерді де жауапқа тарту керек деп талап етуде. Екі-үш жыл министр не әкім болады, ішеді, жейді, соңында түк болмағандай сүттен ақ, судан таза болып «денсаулығына байланысты» немесе «басқа жұмысқа ауысуына байланысты» көзден таса, көңілден ғайып болып кете барады. Бұлардан неге жауап алынбайды? Ондайлар о баста қайда, неге бара жатқанын білмеді емес, білді ғой. Жұмыртқадан жүн қырқатындар бізді әлі талай уақыт өкшелеп отырады. «Әуелі экономика» деген сөзді ебін тап та екі асап үйрен деп түсінгендердің қайта тәрбиеленуі қиын. Қазақтың зиялылары мұның буынға түскен жегі құрт екенін айтумен келеді, әлі де айтуда. Бірақ оған құлақ асқан билік болмады. Ұлт зиялыларына «жаңа заман талабын дұрыс түсінбейтін консервативті топ» деп ат қойып, айдар тағылып, идеялары күресінге тасталды. Есесіне түйені түгімен, биені бүгімен жұта білетіндер «менеджерлер» деген жаңа есіммен айбарланып, ат ойнатып алға шықты. Итке итсің деп айта алмау қандай жаман. Әсіресе оның ит екенін шыққыр көзің көріп тұрса. Қазақстан маман даярлаудан гөрі, кадр даярлаудан гөрі бір орталыққа, бір мақсатқа бағынған менеджерлер тобырын дайындауға битін сығып кірісті. Мұның несі жаман десеңіз, менеджерлер деген сала мамандары емес, тек қаржы-қаражат ағымын бақылап, керек жүйеге бұрып отыратын жанды роботтар үйірі болып шықты. Қазақстанда жүздеген жылдар бойы қалыптасқан мұнайшылар династиялары болды, жетпіс-сексен жыл бойы қалыптасқан диқандар, агрономдар, металлургтер, механизаторлар, мұғалімдер, малшылар әулеттері болды. Қайда солар бүгінде? Таза еңбек адамдарына деген құрмет қайда? Мұнайды жеті ата, жетпіс жеті бабасында қолына бұрғы ұстап көрмеген қу аяқ менеджерлер басқарғаны нәтижесінде ел арасы бүлінген кезде болды, бірақ одан нәтиже шыққан жоқ. Малшы асылы малын баққаны дұрыс, ол металл қорытып қатырмайды.

Қазір әркім әр жаққа тартпай Президен­тіміздің маңына топтасып жұмыс істеуіміз керек. Ол екі қарпып, бірін өзіне алып қалатын адам­ға мүлде ұқсамайды. Біз бағын­сақ, таза­лыққа бағынамыз.

Бұл бізді толғандырып жүрген мәселелердің бір парасы ғана. Көңіл жеткен жерлерге өмір жеткей, әлі талай айтатын боламыз. Бізде Қазақстаннан басқа Отан жоқ. Оны меншіктеп алуға ешкімнің хақысы жоқ. Ол қазақтың ортақ байлығы.

Біз жаңа басшылықтан Мұхтар Әуезовтің тілімен айтсақ, жыл келгендей жаңалық күтеміз және осы жолда қолдан келген көмегімізді аямаймыз.

 

Есенғали РАУШАНОВ,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Дереккөз: egemen.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.