13-04-21 |
570 рет қаралған
Қазақстанда халық наразылығы жыл сайын өсіп, күшейіп келеді.
Қазақстанда халық наразылығы жыл сайын өсіп, күшейіп келеді

Қазақстанда билікке деген наразылық күшейді. Тұрмыстық жағдайы төмендеген халық атқарушы билікке сенбейді. Халық арасында әлеуметтік көңіл-күйді анықтау үшін сауалнама жүргізген «Стратегия» орталық мамандары осылай дейді. Халықтың саяси өзгерістерге деген сенімі азайған.

«Стратегия» зерттеу орталығының қызметкері Ернұр Молдашевтың Азаттыққа берген сұқбатында наразылықтың екі есеге көбейгені айтылады.

«Сауалнама кезінде «Елдегі жағдайға халық наразылығы бәсеңдеді ме, күшейді ме немесе өзгеріссіз қалды ма?» дейтін сұрақтар қойылды. Респонденттердің 62 пайызы «наразылық күшейіп келеді» деп жауап берді. Мысалы, 2013 жылғы сауалнамада «наразылық күшейіп келеді» дейтіндер 35 пайыз, 2017 жылы 31 пайыз еді. Төрт жылда екі есе көбейгені – айрықша құбылыс. Бұл – халық санасындағы үлкен өзгерістердің белгісі.

Бұрынғы сауалнамада «өзгерген жоқ, бірқалыпты» дейтіндер 40-50 пайыз еді. Ал соңғы сауалнамада олардың саны 16 пайызға түсіп қалды. Ал билік әрекетін қолдаушылар бұрын 15 пайыз болса, қазір сәл азайып 13 пайызға төмендеген.

Бұрынғы сауалнамалардан бері келе жатқан бір тенденция – 40 жастан асқан ауыл қазақтарының арасында наразылық әлеуеті төмен болатын. Билік те осы әлеуметтік топтарға сүйенді. Қазір олар наразы топтарға қосылып отыр»,-дейді ол.

«Стратегиялық» зерттеу орталығы сауалнама кезінде ауыл халқы мен қала халқының әлеуетіне қатысты бірқатар наразылық мәселелеріне көз жеткізген.

«Тағы бір байқағанымыз, қала тұрғындарының наразылығы ауыл тұрғындарына қарағанда бұрын әлдеқайда көп болатын. Наразы топтар бұрын қалалықтар есебінен ғана өсетін. Қазір екеуінің деңгейі теңескен. Ортақ наразылық әлеуетінің өсуіне бұл да әсер етіп отыр. Бұл – билік электоралды базасын жоғалтып жатыр деген сөз. Мұның себебін бірінші кезекте әлеуметтік жағдайдан іздеу керек. Өйткені кейінгі үш жылда әлеуметтік жағдай, тұтыну потенциалы барлық жағынан төмендеген. «Отбасыңыздың материалдық жағдайы өткен жылғымен салыстырғанда қаншалық өзгерді» деген сұраққа «нашарлады» деп жауап бергендер 48 пайызға жеткен, яғни халықтың жартысына жуығы әлеуметтік жағдайы нашарлағанын айтып отыр. «Өзгеріссіз» дейтіндер – 29 пайыз, «жақсарып келеді» дейтіндер – 14 пайыз. Әлеуметтік жағдайы нашарлаған сайын адамдардың наразылық әлеуеті да өзгере бастайды»,-дейді Ернұр Молдашев.

Сауалнамада «қай өңірде билікке қарсылық пайда болуы мүмкін» деген сұрақтар болған. Респонденттер  қарсылық өзі тұратын жерде емес, басқа өңірде болуы мүмкін екенін айтып, көбіне Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларын атаған.

Зерттеу кезінде сауалнамаға қатысушылардың көп бөлігі кедейшілікте жүргендерін айтқан.

«Биылғы зерттеуде адамдардың 44 пайызы «киім алуға ақшамыз жетпейді» деп жауап берді.Осы жолғы зерттеуде әлеуметтік жағдайдың қатты өзгергенін аңғардық. 2021 жылдың бас жағында халықтың тұрмысы ауырлай бастаған. Мысалы «Әлеуметтік жағдайыңызды қалай бағалайсыз?» деген сұрақ «Тамақ алуға ақшамыз жетпейді; тамаққа жетеді, киімге жетпейді; киімге жетпейді, тұрмыстық техника ала алмаймыз; тұрмыстық техника аламыз, үй-мәшине ала алмаймыз» және «кез келген мүлікті сатып ала аламыз» деген жауаптардан тұрады. Осыған дейінгі зерттеулердің барлығында респондентттердің негізгі бөлігі өздерін «тамақ пен киім сатып алуға ақшамыз жетеді, тұрмыс техикасы қалтамызға ауырлау тиеді» дейтін санатқа қосатын. Бұл жағдай кейінгі 15 жылда айтарлықтай өзгермеген еді. Ал биылғы зерттеуде адамдардың 44 пайызы «киім алуға ақшамыз жетпейді» деп жауап берді. Мысалы бұл көрсеткіш 2009 жылы 15 пайыз, 2020 жылы 14 пайыз еді. Айырма өте үлкен»,-дейді ол.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.