07-07-21 |
560 рет қаралған
Ресейдің сесін басатын Бейжін факторы маңызға ие – саясаткер.
Ресейдің сесін басатын Бейжін факторы маңызға ие – саясаткер

Расул Жұмалы Қазақстанның Ресей мен Қытай арасындағы байланысы туралы пікір білдірді. Саясаткер ойын Facebook желісіндегі парақшасына жазды. 

«Осыдан екі ғасыр бұрын тұтас Еуропаны бағындырған Наполеон Бонапарттың айтқаны бар: «Әзірше Қытай ұйқыда жатқан алпауыт, бірақ ол оянар болса күллі әлемді дүр сілкіндіреді». ХХІ ғасырда осы айдаһар күшіне еніп онымен тіл табысуға Америка да, Еуропа да, Азия да мүдделік танытуда. Соның бір көрінісі ретінде бүгін болып өткен Қытай компартиясының 100-жылдығын атап өту аясында әлемдік партиялардың саммиті. Оның жұмысына Нұр-Отан партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.

Қытай сияқты алыппен іргелес жатқан Қазақстан үшін онымен ұзақ мерзімді әрі сенімді байланыстар орнатудың маңызы айтпаса да түсінікті.

Осы ретте екі жақты ынтымақтастықтың соңғы 30 жылына зер салса талай игі шаруалар атқарылғанын көреміз. Әлбетте, бірінші кезекте аса сезімтал шекара мәселесі біржолата шешілді, оның ізімен басқа да түйткілдер ұпайымызды жібермей тарқатылды. Содан бері Совет заманынан мирас боп қалған Қытаймен қырғи қабақ соғыстың орнына өзара тиімді саяси, гуманитарлық, сауда-экономикалық, энергетикалық ынтымақтастық орнатылды. Бұнымен қатар Бейжіннің Қазақ еліне қатысты ескі амбициялары сейіліп ізгі көршілестікке негізделген ұстаным танытуы да жағымды алғышарт.

Екінші жағынан Ресей сияқты импершіл көршінің сесін басып тәуелсіз көпвекторлық саясат жүргізуде Бейжін факторы біздің ел үшін қосымша мәнге ие.

Өз алдына қазіргі Қытайдың ғасыр жобасы саналатын «Бір жол – бір белбеу» жоспарының түсауы кезінде нақ Қазақ жерінде кесілгені немесе жоғарыда аталған алқалы жиында Орталық Азиядан сөз тек Қазақстан өкіліне берілгені бекер емес. Әрине, аталған жетістіктер өздігінен бола салмады – ол үшін парасат пен жігер, табандылық пен салқынқандылық қажет болды. Сондықтан осы қасиеттерді көрсете білген тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да, заманауи Қазақ дипломатиясының негізін қалаушылардың бірі, бүгінде екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да үлесіне тиісті баға берген жөн. Ал енді Нұр-Отанның Қытаймен қатар Түркия, Жапония, Франция, Ұлыбритания, Сингапур, Германия, басқа да елдердің жетекші саяси партияларымен тығыз ықпалдастық құрғаны тәжірибе алмасу мен жан-жақты берік серіктестік құру тұрғысынан өз алдына құптарлық жәйт. Айналып келгенде қоршаған әлеммен байланыстарда түрлі тәуекелдерге бой ұсынбай жағдайды өзіңе тиімді жолға бағыттау болашағын ойлайтын кез-келген ұлт үшін баламасы жоқ басымдық»,- деп жазды. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.