29-06-21 |
420 рет қаралған
Софы Сматаев Жеңіс Қасымбекке сенер-сенбесін білмей отыр.
Софы Сматаев Жеңіс Қасымбекке сенер-сенбесін білмей отыр

Маусымның 27 күні Алматы қаласында М. Әуезов театрында жазушы, драматург Софы Сматаевтың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Айтулы жазушының мерейтойы Алматы қаласымен шектелмей еліміздің өзге де өңірінде аталып өтіледі. Алайда туған жері Қарағанды облысының атқамінерлері Софы Сматаевтың 80 жылдық мерейтойын атап өте ме?

Біздің бұлай сұрауымызға жазушының жуырда өзінің әлеуметтік парақшасында «Бар мен жоқ» деген жазбасы себеп болды. Софы Сматаев Мұхтар Шахановты туған жері төбесіне көтеретінін, ал өзін туған жері Қарағанды облысына бара алмайтынын жазыпты.

«Мен кеше әлемдік желіден Мұхтар Шаханов досымның туған жеріне, туған еліне – Шымкентіне барып, ағайын-туыстарымен қуана табысып, емен-жарқын күй кешіп жатқанын көріп, қатты риза болдым. Өйткені мен Мұхтар әріптесімдей болып өзімнің Қарағандыма елпілдеп бара алмаймын. Барғым-ақ бар-ау… Туған топырағымды жалаңаяқ басқым-ақ келеді… Сөгіле беріп қайтейін.
Ал Мұхтардың ақындығын да, азаматтығын да барынша бағалайтын, айрықша сыйлайтын жерлестерінің кісілігіне құн жетпейді», – деп жазды ақын.

Халықтың Мұхтар Шахановқа деген құрметіне «қызыға да, қызғана да қарайтын» жазушыға туған жерінде неге құрмет көрсетілмейді? Мұның себебін жазушы сүйікке сіңіп кеткен орысшылдықпен байланыстырады.

«Өйткені облыс боп құрылғаннан бастап орыс билеп, жөйт илеген Қарағандыда қазақ рухының иісі де қалмады. Соның нәтижесінде облысымның төрелерінде нигилистік ұғым мейлінше қалыптасқан. Оларға қазақтың қаймағын мазақтау түк емес те, басқа ұлттың жайдағын құрметтеуді мәртебе санайды. Ана тілінен адасып қалған, бірін-бірі алмастырып жатқан басшыларының шала қазақшасымен шашалып, қақалып сөйлегеніне шүкірлік еткің-ақ бар. Әй, бірақ ұлттық намысын шовинистік уысқа қысып бергендерден ата ділі мен ана тіліне деген сүйіспеншілікті таба алмай келеміз. Дәлел ме? Менің 60, 70, 75 жылдық мерейтойларым не аулымда, не ауданымда, не облыс орталығында бір де бір рет өткен жоқ. Осы биыл 80 жылдығымды ұялғандарынан өткізетін шығар деп облыс әкіміне де, оның орынбасарына да, ауданымның әкіміне де бірнеше рет телефон соқсам да, бір де біреуі трубкасын көтеріп «Әу!» деп лебіз танытқан жоқ. Соған қарағанда оларға Сматаевтай қаламгердің бар-жоғы қажет емес сияқты», – деп жазған болатын.

Осы жазбадан кейін «Қарағанды облысы әкімдігі жазушыға хабарласты ма?» деген сұрақ мазалады. Өйткені жазушының жанайқайы негізсіз емес еді. Софы Сматаев әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін жергілікті билік тарапынан реакция болғанын тілге тиек етті.

«Әлеуметтік желідегі жазбамнан кейін облыс әкімі Жеңіс Қасымбек хабарласып, кешірім сұрады. 27 күні Алматыда өткен кешіме орынбасары Абзал Нүкеновті жіберіп, Құттықтау хаты мен шапанын жауып кетті. Енді қыркүйек айында Қарағандыда қабылдаймыз деп отыр. Өздері сілкініп оянған тәрізді. Бұларға сенемін бе, сенбеймін бе, білмеймін, бірақ туған жер ғой «Шақырамыз» деп отыр, сенуге болады. Әйтпесе облыс әкімі «Білмей қалдық аға» деп кешірім сұрады. Маусымның 27 дейін орынбасары келіп, бір сөйлесіп келіп кеткен. Содан кейін 27 күні тағы келіп, шапаны мен құттықтауын табыстап кетті. Сол кезде «Мұхтар Әуезов атындағы кешті қыркүйек айында Қарағандыда қоямыз» деп айтты» – деді жазушы.

Осы ретте «Софы Сматаев әлеуметтік желіге пост жазбай тұрып жергілікті билік өздері алдын ала мерейтойды ұйымдастыруы керек еді?» деген сұрақ туындайды. Бұл әрине иделогияға жауапты Абзал Нүкенов пен мәдениет немесе ішкі саясат басқармасы басшыларының олқылығы болса керек.
«Негізі солай болуы керек қой. Бұлар менің 50, 60, 70 және 75 жылдығымда

«Шақырамыз, шақырамыз» деп келіп, Құттықтау хатсыз, шапансыз келгенде залдағы адамдар «Құнсыз, опасыздар» деп айдап шыққан. 75 жасымда тіпті қабылдаған да, білген де, қатынасқан да жоқ. Әлеуметтік желіге жазып, халық шуылдаған соң парақшаның пайдасы тиген болуы керек. Әйтеуір әкімнің өзі рекация жасап жатыр. Енді оның рас өтірігін кім біледі. Шақыратыны, шақырмайтыны қыркүйекте шешіледі», – деді жазушы.

Софы Сматаевтың 80 жылдық мерейтойы Қарағанды облысында аталып өтіле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Біздің бір білетініміз Жеңіс Қасымбек сынды басшылардың ұлттық руханияқа жүрдім-бардым қарайтыны болып отыр. Кезінде Жұмабек Тәшенев сынды қайраткерлер Бауыржан Момышұлы сынды азаматтарды шақырып алып, ақылдасып отырады екен. Біздің қазіргі басшылар «қолын мезгілінен кеш сермеп жүр» әйтеуір.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.