06-03-19 |
18340 рет қаралған
Аида Балаева: Үйін жалға беретін меншік иелері пәтерін жалдаушылардың барлығын тіркеуге тұрғызуға міндетті.
Аида Балаева: Үйін жалға беретін меншік иелері пәтерін жалдаушылардың барлығын тіркеуге тұрғызуға міндетті

Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің басшысы, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Аида Балаева (суретте) атаулы әлеуметтік көмекті кімдер, қалай алатыны туралы Sputnik Қазақстан агенттігіне баяндап беріпті. Атаулы әлеуметтік көмектің ел ішінде қызу талқыланып жатқанын ескеріп, Балаеваның агенттікке берген атаулы көмек туралы түсіндірмесін толықтай көшіріп жариялап отырмыз.

arasha.kz 

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 27 ақпанда «Нұр Отан» партиясының съезінде көпбалалы және тұрмысы төмен қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту бойынша бірқатар тапсырма берді.

Әлеуметтік көмек алуға қалай өтініш беруге болады?

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жан басына шаққандағы орташа табысы кедейшілік шегіне де жетпейтін азаматтарға тағайындалады.

Бүгінгі таңда кедейшілік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын немесе 14 849 теңгені құрайды.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес, енді кедейшілік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 емес, 70 пайызын құрайды. Демек, бұл 20 789 теңге деген сөз», – деп мәлімдеді Балаева.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда бұл әлеуметтік көмекке жүгінетін азаматтардың саны күрт артады деп болжанып отыр. Яғни, осыған дейін атаулы әлеуметтік көмек алып жүргендердің қолына 14 849 теңге тисе, енді 20 789 теңге берілмек.

Жаңа өзгеріске сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысын тіркетуде азаматтардан көп құжат сұралмайды.

«Елбасының тапсырмасы бойынша, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап бұл процедура оңтайландырылады. Жаңа тәртіп бойынша, Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе ауылдық округ әкімдері арыз толтырушыдан қосымша құжат сұратпайды. Азаматтар жеке басын куәландыратын құжатпен арнайы мекемеге келіп, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жазады, болды», – дейді ҚР президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Аида Балаева.

Айта кетелік, осыған дейін тәртіп бойынша, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда құзырлы органдар азаматтарға қосымша құжаттар жинататын. Мысалы, банктің шоты, баланың туу туралы куәлігі, неке туралы куәлік деген сияқты. Енді осы қағазбастылықтың көзі жойылмақ.

Отбасының «пропискасы» жоқ болса не істеу керек?

Сондай-ақ Балаева жәрдемақыны тағайындауда азаматтардан тұрғылықты мекен-жай анықтамасы неліктен талап етілетінін түсіндіріп берді.

«Өйткені атаулы көмекке ақша жергілікті бюджеттің қаржысынан қарастырылады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, мұндай міндетті талап болмаса, онда алаяқтыққа жол берілуі мүмкін. Мәселен, атаулы көмекке жүгіне алатын адам ол ақшаны тұрақты тіркелген мекен-жайы бойынша да, сол секілді уақытша тұратын мекен-жайы бойынша да аудартып алуы ықтимал ғой», -дейді ол.

Халықты көп алаңдатып отырған мәселе де осы тұрақты мекен-жай тіркеуі. Себебі тұрмысы төмен отбасылардың көбісі пәтер жалдап тұрады. Тұрақты тіркеуі жоқ. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Бұған Балаева былай жауап қатты:

«Егер отбасының ешқандай да тұрғылықты мекен-жай тіркеуі болмаса, онда олар жалдап тұрып жатқан үй иесінен өздерін тіркеуге алуын талап етуі тиіс. Заңға сәйкес, үйін жалға беретін меншік иелері пәтерін жалдаушылардың барлығын тіркеуге тұрғызуға міндетті. Уақытша болсын, тұрақты болсын тіркеу жасауы тиіс», – дейді ол.

Ал егер үй қожайыны пәтер жалдаушыларды мекен-жайына тіркеуден бас тартса, онда бірден полицияға немесе әкімдікке шағым түсірген абзал. Заңда оларды жауапқа тарту бойынша нақты шаралар қарастырылған.

«Заң бойынша пәтерін жалға беретін тұрғын үй иелері салық төлеуге міндетті. Ал оны елемейтін жалға берушілер жауапкершілікке тартылады», – деп түсіндірді ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Балалар үйінің тәрбиеленушілері тұрғын үйге кезекке қалай тұрады?

 Аида Балаеваның айтуынша, Балалар үйінен түлеп шыққан жастар үй кезегіне тұруы үшін оқып жатқан оқу орындарының жатақханасына міндетті түрде тіркелуі тиіс.

«Балалар үйінен түлеп шыққан жастардың үй кезегіне тұруы үшін міндетті түрде тұрғылықты мекен-жай тіркеуі болуы тиіс. Бұл ретте олар өзі оқып жатқан колледждің немесе ЖОО-ның жатақханаларына тіркеле алады. Ал егер Жастар үйінде тұратын болса, онда сол араға тіркелгені дұрыс», – дейді ол.

Айта кетелік, бұл жаңа өзгерістерге сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысын қазақстандықтар 2019 жылдың 1 шілдесінен ала бастайды. Бұл туралы алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлім еткен еді.

Дереккөз: sputniknews.kz

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті кімдер алады? Балаева түсіндірді

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.