05-12-17 |
6470 рет қаралған
«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ай қарап отырды ма?.
«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ай қарап отырды ма?

Сонымен, бензин тағы да қымбаттады. Онысымен қоймай, көлік жүргізушілер қала кезіп бензин таппай қалды. Бір қызығы, «Синойл», «ГазПромКазахстан» сияқты жанармай бекеттері еш кедергісіз жұмыс істеп тұрса, алпауыт «ҚазМұнайГаздың» бекеттерінде бензин тапшы. Неге? Қымбатшылықтың соңынан тапшылық «ҚазМұнайГазға» жеке-дара жеткен бе?

Сұраныстағы бензин литрінің бағасы 150 теңгеге жеткенде энергетика министрлігі де, «ҚазМұнайГаз» да мұны әр маусымда боатын заңды құбылысқа балады. Алайда күн ұзамай жатып екі мекеменің бір сөзі түрленіп шыға келді.
Мәселен, министрлік өкілі «баға ары қарай да қымбаттайды, себебі дефицит көлемі де өсіп жатыр» деп ашығын айтты. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың сөзінше, қазір елде бар жанармай тек қазанның ортасына дейін ғана жетеді.
– АИ-92 бензинінің бағасы одан әрі өсе береді, себебі жанармайды Ресейден біршама қымбатқа алуға мәжбүрміз. Елде бар АИ-92 жанармайының көлемі қазір 125 мың тонна. Ал ай сайынғы сұраныс – 350 мың тонна. Бұл – елде бензин әрі кетсе жарты айға жетеді деген сөз. Осылайша қазанның ортасына қарай баға тағы да өсуі, бензиннің литрі 157 теңгеге жетуі мүмкін, – деді министрлік өкілі.
Ал «ҚазМұнайГаз Өнімдері» операциялық басқармасының бас директоры Нұркен Мырзағалиевтің пікірінше, тапшылықты шешу шаралары белсенді жүргізіліп жатқанымен, мәселенің созылып кетуіне Атырау зауытынан жанармай тасымалдау қиындығы себеп. «Жақында ғана жөндеуден шыққан Атырау мұнай өңдеу зауыты бензин тапшылығын шешу үшін жуырда жұмысқа кіріседі. Әзірге импортқа жүгінеміз», – деді ол.
Осы жерде бір кілтипанның шеті шығады. Жалпы, «ҚазМұнайГазға» қарасты Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстарын көктемде жүргізуі тиіс болған. Бірақ, біздегі ақпарат бойынша, олар тиісті орындарға хат жазып жүріп бұл шараны күзге қалдырған. Сондай-ақ жоспарлы жөндеу жұмыстарына тұрған кезде, яғни күзде бензин қоры жеткілікті боларын, тапшылыққа ұрындырмауды мойындарына алған. Алайда компания мұнай өңдеу зауытын жаңалаудағы жөндеу жұмыстарының мерзімін созып жіберген. Оның үстіне Павлодардағы мұнай өңдеу зауытына жаңа қондырғыларды толығымен қоймаған тәрізді.
Компания үкіметке берген уәделерінен шыға алмай, бензин қымбаттап кеткен сәтте жетіспейтін жанармайды Ресейден шұғыл тасуға сөз берген. Бірақ ресейліктер оларға бензин бере салуға асығатын емес. Яғни бензиннің бұл жолғы қымбаттауы «ҚазМұнайГаз» компаниясы басшылығы ісінің шалалығынан деуге негіз бар.

Аян ҚАЛМҰРАТ

Жас Алаш

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.