22-01-18 |
11050 рет қаралған
Дін үшін әйелін пышақтаған адамға үкім шықты.
Дін үшін әйелін пышақтаған адамға үкім шықты

22 қаңтар күні Шымкенттің Қаратау аудандық сотында «өзге дінге кіргені үшін әйелін пышақтағанын» мәлімдеген Хайролла Нарметовтың ісі бойынша сот үкімі шықты. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, судья Ермахан Рахманберді Хайролла Нарметовті Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігімен («қасақана ауыр дене жарақатын салу») айыпты деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сотқа Нарметовтің адвокаты, жәбірленуші ретінде әйелі Умида Нарметова мен оның анасы қатысты.

Бүгін үкім оқылғанға дейін өткен жарыссөзде прокурор Аслан Жұмағұлов Хайролла Нарметовтің қылмысына «шын өкінгенін» айтып, оны үш жарым жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Сотта соңғы сөз берілген кезде жәбірленуші Умида Нарметова өзіне пышақ салған күйеуі Хайролла Нарметовті «балалары үшін кешіретінін» айтты. Ал Хайролла Нарметов істі ашумен істегенін, онысына қатты өкінетінін айтып, әйелі мен оның анасынан кешірім сұрады. Ол сонымен қатар соттан балалары үшін өзіне кешірім беріп, жазасын жеңілдетуді сұраған.

Нарметовтің адвокаты оның бұрын сотталмағанын және отбасылы екенін ескеріп, айыбын жеңілдетуді және бас бостандығын айырмайтындай жаза кесуді сұраған.

Бұл іс бойынша сот 16 қаңтарда басталған.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының 1983 жылы туған тұрғыны Хайролла Нарметов былтыр қараша айында екі айға қамалған. Хайролла Нарметов 12 қарашада әйелімен болған жанжалдан соң түсірген видео үндеуінде «әйелімді басқа дінге өткені үшін өлтірдім» деп мәлімдеген. Бұл видео 13 қарашада әлеуметтік желіге тарап кеткен еді. Күйеуі пышақ салған Умида Нарметова аурухананың жансақтау бөліміне түскен болатын.

Дереккөз: azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.