25-08-20 |
820 рет қаралған
«Жаңа кәсіптер атласы» – пайдалы нұсқаулық.
«Жаңа кәсіптер атласы» – пайдалы нұсқаулық

Республикасының Кәсіподақтар федерациясы үнемі еңбек нарығын ынталандыру, еңбек қауіпсіздігін сақтап, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келеңсіздіктерді жоюға ықпалды жобаларға бастамашылық жасап келеді. Бүгінде федерация ден қойып отырған жобаның бірі – «Жаңа кәсіптердің атласы». Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жақында бұл жобаның тиімділігін құптай келе, осы қанатқақты бастаманы елде жүргізіп отырған BTS Education компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Жоба біздің елден бұрын көршіміз Ресейде қолға алынған. 2014 жылдан бастау алған «Жаңа кәсіптер атласы» ең алдымен елдегі жұмыс күшін үйлестіру, жұмыссыздықты жою, кәсіп таңдауда көмек көресту мақсатында жасалған болатын. Кәсіптер атласы деп аты айтып тұрғандай, бұл жобаның талапкерлерге де пайдасы орасан. Өйткені біз көбінесе мамандық таңдағанда жақындарымыздың, таныстарымыздың ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Солардың жол көрсетуімен болашақ кәсіпті таңдап жатамыз. Алайда, біздерге кеңес берген азаматтардың еңбек нарығын зерттеп, болашақты болжап жол нұсқамайтыны белгілі. Олар айналасындағы табысты, жолы болғыш жандардың тәжірибесіне қарап ақыл айтады. Осы ретте «Жаңа кәсіптер атласының» кез келген адамға сауатты нұсқаулық болары күмәнсіз.

Атласты дайындау барысында еңбек нарығында алдағы уақытта туындайтын жағдайлар болжанып, соған орай сұраныс тудыратын мамандықтар тізбесі түзіледі. Өкінішке орай, соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер азаматтардың мамандық таңдауға атүсті қарайтынын көрсетіп отыр. Көпшілігі заңгер, қаржыгер, дипломат секілді мамандықтарды ақылы болса да оқуға тырысады. Бірақ, дәл осы кәсіпті игергендердің басым бөлігі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтініне назар аудара бермейді. Сонымен қатар, ата-анасының, жақындарының ықпалымен мамандық алатындардан да өз кәсібінің майталманы бола алмайды. Өйткені жүрек қалауымен таңдау жасамаған соң олардың жұмысты да жүрдім-бардым істейтіні шындық. Жұмыссыздар легін толтыратын да осындай өз мамандығына адасып келгендер.

Атлас әдістемесі 2014 жылы Халықаралық Еңбек ұйымы, Стретагиялық бастамалар институты мен Сколково Мәскеу басқару мектебі бірлесіп әзірлеген қабілет пен құзіреттердің технологиялық форсайтына негізделіп жасалып отыр. Жобаны жасау барысында елдің ерекшелігі мен мемлекет үшін маңызды бағыттар басшылыққа алынады.  Бүгінде арнайы әдістеме және сарапшылардың пікірі негізінде Қазақстан экономикасының бірқатар салалары бойынша «Болашақтың сұлбасы» түзіліп жатыр. Жобаның Қазақстандағы үйлестіруші BTS Digital компаниясы. Осы компанияның оқыту орталығының жетекшісі Саясат Нұрбектің айтуынша, атлас белгілі бір салалардың болашақта қалай өзгеретінін, қандай жаңа технологиялар келерін елестетуге сеп болады. Мұндайда, қай кезеңнен бастап белгілі бір кәсіптерге сұраныстың кеміп кетерін, сондай-ақ қандай кәсіптердің ескіре бастайтынын болжауға мүмкіндік туады.

 «Жаңа кәсіптер атласын» жүзеге асыру бағытында қазір ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Жалпы бұл мәселенің маңызды екеніне жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған болатын. Президент «Елде бос жұмыс орындары болғанымен, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын игергендер жетіспейді» деп мәселені ашық айтқан еді. Расында, жоғары оқу орындарында білім алғысы келетіндер көп болғанымен, соңғы жылдары кәсіптік білімге ынталылардың төмендегені шындық. Бұл орта және шағын өндірістің ақсауына алып келетін кемшілік. Сондықтан, атлас дайындаушылар бұл мәселеге көңіл аударып отыр.

Бүгінде мұнай бағасының құлдырауы және коронавирус пандемиясы кез келген елдің экономикасына ауыр соққы. Жағдайды таразылаған Халықаралық еңбек ұйымы COVID-19 пандемиясының салдарынан шамамен 25 миллион адам  жұмыссыз қалуы мүмкін деген болжам жасауда. Осыған орай еліміздің Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Жаңа кәсіптер атласын» корнонавирус пандемиясына орай орын алатын жұмыссыздықтың алдын алады деген пікірде. Сондықтан да кәсіподақтар бұл жобадан тыс қалмай отыр. «Жоба әлеуметтік әріптестерге уақыт өткен сайын сыртқы және ішкі әлеуметтік-экономикалық факторларды ескере отырып, еңбек нарығы қалай өзгеретінін және жаңа мамандықтарға жұмысшыларды қайта даярлау үшін қажетті базаны қалай құруға болатындығын болжауға көмектеседі. Жұмыс орындарын сақтау және жаңаларын құру кәсіподақтар жұмысындағы маңызды басымдық болып табылады» деді ол.

Кәсіподақтар федерациясы атсалысып отырған жобаны таныстыру, сұранысқа сай мамандықтарды насихаттау ақпарат құралдарының парызы. Өйткені, дәл бүгінгідей сындарлы сәтте әр отбасының тығырыққа тірелмеуі жұмысқа байланысты. Ал еңбек нарығынан шығып қалмау үшін сұранысқа сай кәсіпті игеру керек. Осы ретте «Жаңа кәсіптер атласы» барша қазақстандықтарға пайдасын тигізеді деген ойдамыз.

Руслан Мәлікұлы
arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.