07-06-19 |
11320 рет қаралған
Мархаба Сәби: Қысымнан қорқып, көне берсек ештеңе өзгермейді.
Мархаба Сәби: Қысымнан қорқып, көне берсек ештеңе өзгермейді

Біз бұған дейін танымал қазақстандық әнші Мархаба Сәбидің елдегі жүргізіліп отырған саяси жүйені сынға алатын “Жүйе” деген әні жарыққа шықанын хабарлаған болатынбыз. Бұл әннің танымалдылығы желіде сағат санап өсіп жатыр. Бұған дейін елімізде мемлекет жүргізіп отырған саяси жүйеге қарсы еш бір әнші ән орындаған емес, сондықтан біз Мархаба ханыммен сұхбаттасуды жөн көрген едік.

Араша: Мархаба ханым, сіз инстаграм парақшаңызда «Өзгеру керек, өзгерту керек». 10 жыл бұрын осы ойда болғанмын. Әлі де сол ойдамын», -депсіз. 10 жыл бұрын қандай да бір жағдай саяси позицияңызға әсер етті ме?

  • Мен екі жоғары оқу орнын аяқтамай шығып кеткенмін. (Консерватортия және Жүргенев академиясы) Себеп – келіспеушілік, қанағаттанбаушылық, еркіндіктің, жаңашылдықтың қолдауға ие болмауы. Мен үшін сол кезде оқу орнында «жүйе» болды. Оқудан кетуіме нақты саяси жағдайлар емес, көзқарасым себеп болған. Дұрыс емес қоғамның, жүйенің салдарынан туатын күнделікті әр адам көретін келеңсіздіктер себеп.

Араша: Әніңіз арқылы «жүйені өзгертуге» шақырасыз. Әніңіз елдің жүрегіне жетеді деп ойлайсыз ба? Халықтың реакциясы қалай болады деп күтесіз?

  • Бұл әнде мен үшін ең басты мәселе өз көзқарасымды өнер арқылы білдіру болды. Жастар тарапынан ояну туралы серпіліс болып жатқанда бей-жай қала алмайтын болдым. Халықтың реакциясы қалай болсада, мен өзімнің ғана көзқарасымды сездірдім. Қалғаны маған беймәлім.

Араша: Бұл әнді қашан жаздыңыз? Жаңадан жаздыңыз ба, әлде бұрын жазылып қойылған ән бе еді?

  • Бұл ән шамамен бір жарым айдай бұрын туындаған. Жарыққа шығаратынымызды білдік. Осы уақытты ыңғайлы деп шештік.

Араша: Осыған ұқсас мазмұндағы басқа әндеріңіз бар ма? Тағы осындай ән жарыққа шығарасыз ба?

  • Тағы 1-2 ән жариялау ойда бар. Мазмұндас әндер.

Араша: Алда президенттік сайлау келе жатыр. Сайлауға барасыз ба, әлде қалыс қаласыз ба?

  • Сайлауға барып Қосановқа дауыс беремін деген ойда болғанмын. Бірақ қазір екі ойлы болып тұрмын. Бір «кісілердің» жазған сценарииін атқарып жүрген адам сияқты ма деген күмәнім бар екенін де жасырмаймын. Екі ойлымын. Барған жағдайда дауысымды сол кісіге беремін.

Араша: Әншілер мен шоу бизнес өкілдері арасындағы саяси белсенділікті қалай бағалайсыз?

  • Жоқ нәрсені қалай бағалауға болатынын білмеймін. Өзім үшін жауап бергенім дұрыс болар. Мен өзімді саяси терең білімді адаммын деп ойламаймын. Қарапайым күнделікті көрген білген нәрселерден көзқарасым туындайды. Менің ойымша әр адамға жанының тыныштығы керек. Жақсы өмір сүріп жатқан адам жақсы күнімнен не үшін айрыламын деп ойлайды. Белсенділіктің болмауына сол ғана себеп шығар.

Араша: Ел сізді қазіргі елдегі ахуалды пайдаланып, атақ-абыройын арттырғысы келеді деп ойлауы мүмкін деп қорықпайсыз ба?

  • Енді әркім әрқалай ойлай алады. Бірақ өнер мына айналада болып жатқан өмірдің айнасы болса ғана тірі болады деп ойлаймын. Егер қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған керемет заманда өмір сүріп жатқан болсам мен «бұлттың аржағындағы» қиял мен «пәк махаббат» туралы әндерді жырлап жүргенді қалар едім.

Араша: Ал билік жүйесіне қарсы шыққаныңыз үшін қысым көрсете ме деп қорықпайсыз ба?

  • Қысымнан қорқып, көне берсек ештеңе өзгермейді. Осылай қала береді. Ой, пікір, көзқарастар еркін айтылуы керек деп есептеймін. Және айтылған дүниелер тыңдалуы керек, қорытындылар шығарылуы керек.

Араша: Болашақтан не күтесіз?

  • Біздің ел, біздің халық бір дұрыс жүйеге, дұрыс қоғамға лайық деп есептеймін. Сондай күнге жетсек деп армандаймын.

Араша: Cұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Балжан Жеңісқызы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.