Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ұлыбританияны Украина тарапынан Ресейге қарсы жасалған шабуылдарға көмектесіп отыр деп айыптады. Оның айтуынша, Киев мұндай әрекеттерге Лондонның қолдауынсыз қауқарсыз болар еді.
Лавров Курск облысын мысалға келтіріп, онда әскери нысан болмағанына қарамастан, шабуылдар болып жатқанын айтты. Ол: «Украина бұл шабуылдарды өзі жасап отыр, бірақ Ұлыбританияның қатысы – 100 пайыз. Тіпті, кей тұстарда АҚШ арнайы қызметтері де араласуы мүмкін», – деді.
Мұндай мәлімдеме Ұлыбритания мен Қазақстан қорғаныс министрліктері арасында әскери ынтымақтастық жоспары бекітілгеннен кейін айтылып отыр. 6 маусымда жарияланған құжатта бейбітшілік миссиялары, тілдік дайындық және қазақстандық әскери қызметшілерді Ұлыбританияның жоғары әскери оқу орындарында оқыту мәселелері қамтылған.
Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі елін мүмкін болатын соғысқа дайын болуға шақырған еді: «Бізге тікелей қауіп төніп тұр. Сондықтан біз соғысуға да, жеңуге де дайын болуымыз керек», – деген ол.
фото: REUTERS