31-01-22 |
570 рет қаралған
Сағынтаев: Алматы мәңгі менің жүрегімде!.
Сағынтаев: Алматы мәңгі менің жүрегімде!
Алматы әкімі қызметінен түскен Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарына арнап арнайы жазба жариялады. Онда экс-әкім істеген жұмыстарына қысқаша тоқталған.
«Құрметті алматылықтар!
Бүгін мен өз лауазымымды жаңа әкімге тапсырамын. Осыдан тура 720 күн бұрын Президент маған Алматы әкімдігін басқаруды сеніп тапсырды. Бұл үшін Мемлекет басшысына ризамын.
Мен сіздермен үнемі бірге болдым. Қала өмірін жақсартуға бар күш-жігерімді арнадым.
Ұзақ мерзімді «Алматы-2050» стратегиясын қабылдап, қаланы дамытудың келешегін айқындадық.
Президенттің «Шетсіз қала» қағидаты негізінде қалаға қосылған аудандардың түйткілді мәселелерін шешуге баса назар аударып, «Жаңа Алматы» кешенді бағдарламасын қабылдадық.
Біз әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Алматыны агломерация ретінде дамыту және облыстың қаламен шектесетін 4 ауданында жұмыс орындарын құру жұмысын күн тәртібіне қойдық.
Денсаулық сақтау жүйесі нығайтылды. Бір жылдың ішінде ең заманауи жабдықтармен жабдықталған 3 жұқпалы аурулар ауруханасын іске қостық. Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарысқа жол берілмеді.
Мектептерді жедел салу бағдарламасын қолға алдық. Тек 2021 жылы 33 жаңа мектеп салынды. Бұл – мектептердегі орын тапшылығын азайтуға бағытталған түбегейлі қадам болды.
Экологияны жақсарту үшін жүйелі екі шешім қабылданды: миллион ағаш отырғызу және екінші ЖЭО-ны газға ауыстыру.
Менің әрбір жұмыс күнім сіздердің көз алдыларыңызда өтті. Өздеріңізбен әрдайым кездесіп, ақылдасып отырдық. Апта сайын Akimat Live тікелей эфиріне шықтым. Атқарылған шаралар туралы үнемі хабардар болдыңыздар. Бірге атқарылған жұмыс үшін алматылықтарға алғыс айтамын!
Қаламызға және барша алматылықтарға бақытты ғұмыр тілеймін! Алматы мәңгі менің жүрегімде», – деп жазады Сағынтаев.
Президент Тоқаев «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында Сағынтаевты жақсы қызметкер деп сипаттай келе оны қызметінен алу туралы қала тұрғындарының пікірінде ескеретінін айтқан еді.
Сөйтіп, Сағынтаев қызметтен кетіп, орнына Ерболат Досаев тағайындалды.
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.