26-07-20 |
1110 рет қаралған
Саяси партияларға жаңа күш керек.
Саяси партияларға жаңа күш керек

«Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген афоризм санамызға мықтап орныққан. Шын мәнінде, бізде саясатпен айналыспайтын адам аз секілді. Тіпті соңғы жылдары саясат асүйде ең көп талқыланатын тақырыптың біріне айналған. Әрине, мұнда айтылатын пікірлерді сауатты, білікті дей алмайсың. Әрі саясатты талқылауға құштар азаматтардың басым бөлігі саяси партиялардың немен айналысып, қалай жұмыс істейтінінен мүлде хабарсыз. Саяси партия – мемлекетті алға сүйрейтін пәрменді күш екеніне назар аудармайды. Өзге мемлекеттердің де саяси партисларға деген көзқарасы әртүрлі.

Біз үлгі тұтатын АҚШ, Германия, Франция, Шеция сияқты алпауыт мемлекеттерде саяси партиялардың белсенділігі де жоғары, ел арасындағы беделі де биік. Осы мемлекеттің қайсысын алып қарасаңыз да партиялардың белсенділігін көтеру үшін қаржы аямайды. Ел қазынасынан саяси партияларға ақша бөлудің астарында саяси белсенділікті көтеру, азаматтық қоғамды ынталандыру ниеті жатқаны анық. Шетелдік жағдайды електен өткізген біздің еліміз де жоғарыдағы дамыған мемлекеттердің тәжірибесін қолдануды жөн деп тапқан. Соған орай, бізде заңды түрде тіркеліп, тұрақты жұмыс жүргізіп отырған партиялар мемлекет есебінен күн көреді. Оларға бөлінетін қаржының көлемі де ашық. Саяси партияларды қаржыландыру ережесіне сәйкес, ол партияны қолдап дауыс бергендер санына қарай есептеледі. Осыдан көріп тұрғанымыздай, сайлаушылары көп, қолдаушылары қалың саяси партияның да қалтасы қомақты. Бізде мұндай игілікті Нұр Отан, Ақ жол және Қазақстанның коммунистік партиясының өкілдері көріп отыр.

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің доценті Мөлдір Жақсылықованың айтуынша, қарапайым азаматтар мұндай мәселеге көп мән бере қоймайды. Тіпті, саяси тұрғыдан белсенді күш саналатын студенттер қауымының өзі азаматтық таңдау жасауда аса сауатты емес. «Студенттер – болашақ жоғары білімді мамандар. Олар кәсіби маман ғана емес, елдің патриоты да болуға тиіс. Соған орай студенттер арасында үнемі жиындар, іс-шаралар өткізіп, сауалнамалар алып, елдің дамуына қатысты ұстанымын білуге тырысамыз. Сондайда байқалатыны – жастар саяси тұрғыдан білімін жетілдіргісі келмейді. Партиялардың тарихына үңіліп, бағдарламасына мән бергеннен гөрі, тізімде тұрған партия мүшелерінің танымалдығына көп қарайды. Осының өзі саяси сауатты арттыруға көбірек көңіл бөлу керектігін көрсетеді» дейді оқытушы.

         Елдегі саяси партиялардың жұмысын жандандыру үшін жаңа бағдарлама мен жаңа күш керек.  Қазір кез келген жоғары оқу орнына, кәсіби арнаулы оқу орындарына барсаңыз студенттердің альянсы, ұйымы, орталықтары жұмыс жасайды. Олардың өздері бірігіп шығаратын қабырға газеттері, арнайы шаралары әлі де өз деңгейінде өтіп тұрады. Жастарды бір мақсатқа ұйыстырып, бір ортаға жинап отырған бұл ұйымдардың ел ісіне араласуына, пікір қосуына  әлі ерте. Алайда, өздері білім алып отырған оқу орнының заман көшінен қалмай, соны бағытқа өзгеруіне жастар ұйымының әсері аз болмайды. Олар осы ұйымда жүріп білім ордасының беделін көтеруге, абыройын арттыруға қызмет етеді. Кемшіліктерді бірігіп жеңуге, олқылықтарды бірлесіп түзеуге талпынады. Көппен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп, ұйымдасып мәселе шешуге дағдыланады. Студенттік шақтың өзінде осындай бай тәжірибе жинап, біліктілігін арттырған жастардың кейін саяси партиялар лидеріне айналарына күмән жоқ. Ел өміріне белсене атсалысатын, ерекше пікір айтатындар да осындай жастардың арасынан шығады.

Ал оларды саяси партияға кіруге ынталандыру үшін саяси сауатын көтеріп қана қоймай, отаншылдыққа тәрбиелеудің де маңызы зор. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің баспасөз хатшысы Гүл Баяндина студенттер ұйымдарының білім ордасындағы мәселелерді реттеуде ықпалы жоғары екенін алға тартып отыр. «Біздің түлектер өзі қалаған мамандықтың майталманы ғана болып шықпайды. Сонымен бірге, университет ішіндегі ұйымдастыру жұмыстарына қатысып, альянстарға мүше бола жүріп қоғамдық мәселелерді шешуге төселеді, көпшілікпен жұмыс істеп үйренеді. Осы тұрғыдан алғанда біз қоғамға азаматтық позициясы мықты, билікте өзін көрсете алатын, халықпен етене жұмыс істей білетін мамандар дайындаймыз деп сеніммен айта аламыз» деген пікірде.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.