20-05-19 |
1730 рет қаралған
Тоқаевты таңдаудағы толыққанды тоғыз тамыр.
Тоқаевты таңдаудағы толыққанды тоғыз тамыр

Кез келген елдің экономикалық тұрғыдан дұрыс дамуы үшін, әлеуметтік мәселелердің түпкілікті шешілуі үшін, әділетті де өркениетті қоғам орнату үшін ең алдымен мемлекеттік саясат сындарлы да салиқалы жасалуы тиіс.

Мемлекеттік саясат толыққанды және түпкілікті дұрыс жасалғанда ғана ол мемлекеттің бағы жанатыны дәлелдеуді қажет етпейді. ҚР Президентігіне Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдаудағы толыққанды тоғыз тамырды тізіп шығудың қажеттілігі де дәл осы тұста туып отыр.  Ол – шын мәнінде дұрыс мемлекеттік саясат құра білетін, сол саясаттың адам бостандығы мен игілігі үшін, елдің тұрақты даму мен өркендеуі үшін барлық алғышарттарды қамтамасыз ете алатын тұлға.

Біз неліктен Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президентіне сайлағымыз келеді? Осы сұраққа жауап іздеу жоғарыдағы ойымызмен астатып жатқанына шүбә жоқ. Сонымен сайлаушыларды дұрыс таңдауға жетелейтін тоғыз тамырды байыппен бажайлап көрейік!

Бірінші тамыр. Бұл – ең маңызды тамыр. Қасым-Жомарт Тоқаев – өте адал адам. Халыққа адалдық бір адамға адалдықтан басталады. Ал, жекелей алғанда кез келген адамға адалдық халыққа адал болуға алып келетіні бесенеден белгілі. Аталмыш философияның логикалық жолы осындай. Қасым-Жомарт Тоқаев билік баспалдақтарында осы жолды ақықтығымен дәлелдеп келе жатқан сыйлы саясаткер. Сондықтан да билік дәлізінде ширек ғасырдан астам уақыт өз адалдығына титімдей де нұқсан келтірмей келе жатқан оның халық алдында жүзі жарқын екені дау тудырмайды.

Екінші тамыр.  ҚР Президентіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір қанға сіңген басты қасиеті – әр істе, әр жағдайда әділетті болу. Бұл да ел басқаратын адамға ауадай қажет қасиет екенін ол жан-тәнімен сезетінін байқау қиын емес. Кісіге кәсіби мамандығымен келетін қасиет болады. Біз айтып отырған әлгі қасиет Қасым-Жомарт Тоқаевқа осылай орныққан деп батыл айта аламыз.  Дипломатиялық миссияны атқару процесінде өз бойыңа бұл қасиетті қалыптастырмау мүмкін емес. Салқынқандылық пен шыдамдылықты, табандылық пен өзаратүсіністікке ұмтылуды табанды түрде талап ететін бұл кәсіпте әділеттілік – әліппенің басында тұратын «А» әрпі сияқты ең маңызды фактор. Бүкіл саналы өмірін сыртқы істер саясатына арнаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың бойына біткен бұл қасиетті одан әрі ежіктей берудің енді қажеті де жоқ.

Үшінші тамыр.  Кез келген істе табандылық таныту – үлкен дәрежедегі саясаткер үшін таптырмас қасиеттің бірі де бірегейі. Онсыз көздеген мақсатқа жету мүмкін емес. Міне, осы қасиет те Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсібилік қанымен келген. Оның бұл қыры талай мемлекеттік істерді жеріне жеткізе орындайтындығына сендіретіні сөзсіз.

Төртінші тамыр. Саясат негізінен үш сызыққа құрылады. Ең алдымен алдыңа мақсат қою бар. Және сол мақсатқа жету бар. Ал, енді осы екі сызықтың ортасындағы ең маңызды сызық  Ізденіс деп аталады. Іздене білу ғана нәтиже береді. Қасым-Жомарт Тоқаевта бұл қасиет те ерекше дамыған. Әрине, ізденістің де түр-түрі бар. Біздің ерекше байқағанымыз, оның барлық ізденісі қашанда ізгілікке құрылады. Әрине, мұның өзі мемлекеттік саясаттың адам үшін қызмет етуінің жарқын үлгісі екендігіне ешкімнің күмәні болмайтынына бәс тіге аламыз.

Бесінші тамыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір басты артықшылығы – ол басқалардың пікірімен санаса біледі. «Тезис-антитезис-синтез» формуласын терең меңгерген ол шындықтың ортақ ойда болатынын бар болмысымен сезіне алатын сезімтал басшы. Ел басқару ісінде бұл қасиеттің іс мүддесі үшін ерекше орын алатыны айтпаса да түсінікті. Прожекторизм мен даңғазалыққа жол бергісі келмейтін Қасым-Жомарт Тоқаев секілді басшылар ғана осындай жасампаз жолды таңдай алады.

Алтыншы тамыр. Қандай да бір құбылысқа, қандай да бір оқиғаға тамаша талдау жасау талантын бойында қалыптастырып үлгерген үлкен саясаткер екені де Тоқаевты таңдау тартымдылығын арттыра түседі. Сыртқы саясатпен айналыса бастаған алғашқы жылдардың өзінде ол Қытай мен Сингапур экономикасына терең талдауларымен көзге түскені тарихтан белгілі. Оның бұл қасиеті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы болған жылдары жарқырай көрінді. Нарықтық қатынастарға көшкен Қазақстанның экономикалық өсуін біршама қамтамасыз ете білген оның Премьер-министр креслосындағы барлық табыстары ең алдымен осы терең экономикалық талдаудың дұрыстығынан бастау алғанын еліміздің білікті мамандары талай рет атап өткен болатын. Сондықтан да ол Президент болып сайланған жағдайда елдің экономикалық-әлеуметтік мәселелері дұрыс шешімін табатынына сенім зор.

Жетінші тамыр. Сыртқы саясаттың барлық баспалдақтарынан абыроймен өткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік аренадағы беделін де оның  тартымды тамырларының біріне жатқызбасқа амалымыз жоқ. Себебі, Қазақстанның болашақта экономикалық үлкен секірістер жасауы үшін  Мемлекет басшысының ұлы көршілеріміз – Ресей мен Қытайдан бастап басқа да ірі державалармен иық тірестіріп тұрып тең тұрғыда мәміле жасауы үшін Бірінші тұлғаның жеке беделінің ролі зор екенін түсіндіріп жату – басы артық шаруа. Талай келіссөздер мен саяси кездесулерде құрыштай шыңдалған Тоқаевтың басқа мемлекеттер алдында есе жіберуі екіталай екенін ескерте кету – біз үшін парыз.

Сегізінші тамыр. Ол – мемлекет қайраткерінен бұрын мемлекетшіл қайраткер.  Талай халықаралық дипломатиялық текетірестерде елінің мүддесі үшін жанкештілікпен еңбек етіп, тер төккен оның бұл қасиеті елдің ішіндегі адамдардың бәріне бірдей белгісіз болуына да таңданудың қажеті жоқ. Иә, сыртқы саясаттағы салқынқандылық мұндай ерліктерге жарнама жасамайтынын біз жақсы білеміз. Отан үшін дипломатиялық саясатта отқа да, суға да түсе білетін кәнігі саясаткер ешқашанда драматургиямен айналыспайды. Ол үшін ең басты нәрсе – қайткенде де ел мүддесіне пайда әкелетін нәтижеге қол жеткізу.

Тоғызыншы тамыр.  Қасым-Жомарт Тоқаев – биліктің үш тармағының екеуінде өз талантымен жарқырай көрінген тұлға. Ол Үкімет басшысы ретінде атқарушы билікті абыроймен атқарды. Ол Сенат төрағасы ретінде заң шығарушы биліктің де биігіне көтеріле білді. Биліктің бұл екі тармағында шыңдалу болашақ Президент үшін – бай тәжірибе. Иә, ол биліктің үшінші тармағы – сот билігінде жұмыс істеген жоқ. Бұл – біздің үміткердің кемшілігі ме? Жоқ. Біз айтар едік, бұл да – оның артықшылығы. Иә, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл билікті бүге-шігесіне дейін білмеуі де мүмкін. Өзі терең білмейтін іске араласқанды жаны қаламайтын Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл биліктен бойын алыс ұстағаны да болашақ Президенттің беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Өйткені, сот билігі ешкімге тәуелді болмауы тиіс. Тіпті Президентке де. Олай болса, болашақ Президент осы фактінің өзі арқылы да елде әділеттілікті орнатудың басты алғышартын жасайтыны анық.

Ержан Алтай

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.