08-04-19 |
8590 рет қаралған
Қазақстан трансшекаралық суларға тәуелді ме?.
Қазақстан трансшекаралық суларға тәуелді ме?

Еліміздегі ірі өзендердің көбі шет елдерден бастау алады. Қырғызстан Парламенті Алатаудан аққан суды Қазақстанға сату идеясын арагідік көтеріп тұрады. Қырғызстан бізге келетін судың мөлшерін тек өздері ғана шеше ме? Трансшекаралық судың сапасы қандай? Өзендер тартылып қалуы мүмкін бе? Шет елдік суға біз тәуелдіміз бе?


Стефанос Ксенариос (Stefanos Xenarios)

Сырт көз сыншы дегендей, осы сұрақтарға жауап іздеп Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің профессоры, табиғатты пайдалану экономикасы саласында Ph.D, табиғи ресурстарды басқару, экологиялық саясат, гидроэкономикалық модельдеу, су ресурстары саласын зерттеуші Еуропалық сарапшы Стефанос Ксенариосты әңгімеге тарттым.

– Су – экономика тірегі, саясат тұтқасы дейміз. Қазақстанның қазіргі су қоры өзімізге жеткілікті ме? Трансшекаралық суларға тәуелділік бар ма?

– Қазақстанда су жеткілікті. Бірақ, мәселе оның орналасуының теңсіздігінде болып тұр. Мұнда сегіз бассейн, яғни сегіз бөлек-бөлек су жүйелері бар. Мәселе мынада – Қазақстанның орталығында, батысында және оңтүстік батысында елдің солтүстігі мен шығысындағыдай су көп емес. Ал суармалы ауыл шаруашылығымен айналысатын оңтүстік мол суды қажет етеді. Елдің теріскейіндегі біраз су өндіріске: тау-кен, гидроэлектр қуатын өндіруге жұмсалады. Су жеткілікті, бірақ өзіңіз айтқандай трансшекаралық суларға үлкен тәуелділік бар. Ол сулар Ресей, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан бастау алады. Бұл жағдайды біраз күрделендіреді.

Бүгінгі күні Қазақстан осы төрт мемлекеттің барлығымен жақсы қарым-қатынаста. Ешқандай дау-жанжал жоқ. Бірақ, болашақта алда-жалда проблемалар болып қалса – суға қатысты мәселелер туындауы ықтимал.

Қазақстанның өзен бассейндері және жаңартылатын (ішкі және сыртқы) ауыз су көздері. Дерек көзі: Қазақстан география ғылыми-зерттеу институты (KRIG) (2013) Қазақстан Республикасының ұлттық атласы. Қоршаған орта және табиғи ресурстар. Алматы, Қазақстан

– Қырғызстан Қазақстанға су сату мәселесін көтеруде. Осы қаншалықты әділетті?

– Қырғызстан экономикасы суға тәуелді. Өйткені ол елде Қазақстандағыдай мұнай-газ тәрізді қазба-байлық жоқ. Сол себепті олар гидроэнергия көздерінен пайда тапқысы келеді. Ал Шу, Талас өзендері суын ауылшаруашылық мақсатта пайдалану жөнінде менің қолымдағы бір жыл бұрынғы ақпаратқа қарағанда, жақсы шешілуде еді. Дәл қазір мәселе қалай өрбіп жатқанын білмедім.

– Қамбар ата, Токтогул, тәрізді су қоймаларынан суды қашан жіберетінін қырғыздар өздері ғана шеше ме, әлді біздің сұранысымыз бойынша жіберіп тұра ма?

– Судың үлкен бассейнінің бірі – Нарыннан бастау алатын Сырдария. Бұл өзен жөнінде 1998 жылы қол қойылған келісім болған. Бірақ, қазір бұл келісім Өзбекстанның кесірінен тоқтап қалды. Өзбекстан Қырғыз еліне суға айырбас ретінде бензин, электр қуатын жеткізуге сөз берді де, соңынан айтқанын орындамады. Сол себепті Қырғызстан келісімді тоқтатты.

Халықаралық Арал теңізін Құтқару Қорын (авт. ХАҚҚ http://www.ifas.kz/en/) білетін боларсыз?  Қырғызстан оған да қатыспайды. Жаңа өзіңіз айтқан «Қамбар ата» басқа елдермен байланысып отыруы тиіс. Алайда, қазір олар орындауы міндетті ешқандай ресми келісім-шарт жоқ. Совет Одағы кезінде жасасқан құжат қана бар.

– Яғни, Қырғызстан өзендердің жоғарғы жағында отырып, суды өз білгенінше реттей алады ғой?

– Иә. Негізінен өздері біледі. Дегенмен де мәселелер туындамауы үшін, диалог орнатады. Менің ойымша, Өзбекстанға жаңа Президент келуіне байланысты бұл мәселе әлдеқайда жеңіл шешілуі керек. Өзбекстанның жаңа басшысы Қырғызстанмен тіл табысса, Қазақстан үшін жақсы болмақ.

– Қырғызстан бізге су мәселесінде қысым жасағысы келсе, Қазақстанның ол елге әсер ету тұтқасы бар ма?

– Қазақстан қазір Орта Азияда беделді, көшбасшы ел – басқаларына әсер ете алады. Сіздер суға соншалықты тәуелді емессіздер.

– Бізге келетін трансшекаралық сулардың сапасы туралы не айтасыз?

– Маңызды сұрақ. Жалпы алғанда Орталық Азияда су сапасы байыбына барып тұрып қарастырылған емес. Совет заманында тыңайтқыштар, пестицидтер өте көп қолданылып, уран сарқындары да су көздерін ластағанын сіз менен жақсы білесіз. Сондай-ақ, сулардың ластануының дәлелдері де бар. Сулар «улы заттармен бүлінді» деп дөп басып айта алмаймын, бірақ ластанғаны анық. Қырғызстан мен Өзекстаннан келетін өзендердің ғана емес, Қытайдан келетін судың да сапасы жақсы емес.

Қытай бағыты – өте нәзік мәселе. Шығыс көршілеріңіз өте күшті мемлекет болғандықтан, Ресей және Біріккен Ұлттар Ұйымын араға салу керек. Мәселе туындаса осы Қытайдан келетін сулар жөнінде болуы мүмкін, бірақ қазір нақты айта алмаймын.

– Судың сапасын тексеру, тазарту бекеттері бар ма? Су тазарту қондырғыларын өзендерге орнатуға бола ма?

– «Қазгидромет» станциялары бар. Қазір олар бұрынғысынан әлдеқайда жақсы жұмыс істеуде. Әр-түрлі бағдарламалары бар, тұрақты мониторинг жасап отырады. Онда судың сапасына қарағанда, көлеміне көбірек көңіл бөлінеді.

Су тазарту бекеттерін салу өте қымбат нәрсе. Көп қаражат талап етеді. Егер суға лас нәрсе төкпесеңіз, табиғи фильтрлер арқылы судың өзін-өзі тазартатын қасиеті бар. Бірақ бұған уақыт қажет. Біраз уақыт алады.

Менің ойымша, су сапасы бірнеше жылдан кейін өзекті мәселеге айналады. Тіпті судың көлемінен де маңызды болуы мүмкін.


су сапасы бірнеше жылдан кейін өзекті мәселеге айналады. Тіпті судың көлемінен де маңызды болуы мүмкін

– Жаһандық жылыну әсерінен өзен-көлдер тартылып қалып, қиын проблемалар туындауы мүмкін бе?

– Иә, климаттың өзгеруі негізгі факторлардың бірі. Климаттың өзгеруі туралы білетініміз – тау басындағы кей мұздықтар еріп жатыр. Мұз еріген кезде – керісінше су молаяды. Қазір сәуір-мамыр айларында өзендерге көп су келуде, ал біраз уақыттан кейін мұздардың еруі ертерек басталатын болады. Климаттың өзгеруі кезінде су көлемі азаймайды – проблемалар уақыт өте келе басталады. Бұл ауыл шаруашылығына әсер етеді. Әсіресе, экономикасының 90 пайызынынан астамы ауыл шаруашылығына байланысты Өзбекстан үшін бас қатырарлық мәселе.

– Нақты қашан су көлемі қысқарып, өзендер тартылып кетуі мүмкін?

– Жаңа айтқанымдай, мұздықтар еруі кезінде су көбейіп, артынша 10-15 жылдан кейін азая бастағанын көрерсіз. Қазір еріген мұз суына жаңбыр мен қар қосылып жатыр.

Абрамов мұздығы: Орталық Азиядағы эталон мұздықтардың бірі, онда 12 жыл өткеннен кейін өлшемдер түсіру 2011 жылы қалпына келтірілді. Криосфераның барлық компоненттері – қар, мұздық және мәңгілік тоң болып қатуды көруге болады. Фото: М. Хоелзл(M. Hoelzle), тамыз 2011 жыл

– Еуропада Рейн, Дунай тәрізді өзендер 5-10 мемлекетті басып өтеді. Олар бұл мәселені қалай шешті?

– Иә. Ол мемлекеттер сол өзендерден су ішеді. Олар көлемін де, сапасын да қадағалап отырады. Еуропада су өте қатал реттеледі. Қазақстанда да реттеу қолға алынуда, бірақ көп уақыт қажет. Қоршаған ортаны зерттеу, келісімдерге келу көп уақыт алады.

– Ал дамушы елдер осы мәселені қалай шешуде? Ніл өзенін жағалап отырған Мысыр, Судан, Эфиопия не істеді? Осы елдерді зерттегеніңіз бар ма?

– Иә, көп жыл бұрын мен Эфиопияда тұрдым. Ол өңірді білемін. Менің ойымша, Қазақстан ол елдермен салыстырғанда оқ бойы озық ел. Экономикалық тұрғыдан болсын, басқа жағынан болсын сіздер әлдеқайда алдыға кеткенсіздер.

Сіздердегі проблема тек Орта Азия аймағындағы алдыңғы қатарлы Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан тәрізді елдер судың төменгі ағысында орналасқан. Ал судың жоғарғы жағында жайғасқан суы мол, бірақ жағдайы нашар Ауғанстан, Тәжікстан және Қырғызстан суды өздерінде ұстап тұрғысы келеді. Мәселе мынада, ол елдерде жоғарыда айтылған «Қамбар ата – 1», «Қамбар ата – 2», Тәжікстандағы «Рогун» тәрізді үлкен ГЭС бар. Егер олар осы бөгеттерді ауыл шаруашылығына да пайдаланса, ешқандай проблема болмайтын шығар. Өйткені олар төменгі ағыс бойындағы елдерге біраз су өткізеді.

Бұл жерде бір тетік бар – Халықаралық Арал теңізін Құтқару Қоры өте маңызды өңірлік ұйым. Ол ұйым қазір жақсы жұмыс істеп тұр, бірақ арасында Қырғызстан жоқ. Қырғызстан бұл ұйымға кіргісі келмейді…

– Әңгімеңізге рахмет!

– (Қазақша)Рахмет! Сау болыңыз.

Нұржан Көшкін arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.