13-01-19 |
7210 рет қаралған
НАЦИОНАЛИЗМ және ЕКІЖҮЗДІЛІК.
Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы, конфликтолог:
Жақында екі-үш танысым мені біраз күн бұрын жазған постыма бола “екіжүзді” деп айыптады. Олар бұрын мені “ұлтшыл” деп ойлап келіпті де, қазақ ұлтшылдығы туралы пікірімді оқыған соң “ұлтшылдардың жауы” екенімді “түсініпті”. “Қай жерден қате жібердім?” деп ойланып қалдым. Осыған дейін шимайлағандарымды шолып шықтым. Бәрі дұрыс сияқты. Содан соң ғана мәселенің “ұлтшылдық” яки “национализм” сөзінің академиялық ұғымын әркімнің әркелкі түсінетінінде екенінде екенін байқадым. Тарқатып айтайын.
Біріншіден, nation және nationalism сөздері – мән-мағынасы өте көп, нақты анықтауға келмейтін сөздер. Сондықтан, әсіресе национализм деген терминді объективті құбылыс ретінде ғылыми тұрғыда саралағанда әркім мақаласының басына “национализмнің” өз интерпретациясын жазып қойғаны жөн. Егер оқырманның санасындағы национализм мен сіз ұсынған национализм сипаттамасы сәйкес келмейтін болса, онда әрі қарай оқымай-ақ қойса да болады.
Екіншіден, национализмнің теориясын бір кісідей оқыған, оқып келе жатқан, бір оқығанын қайта оқыған адам ретінде менің өзім әлі оның нақты мағынасын түсіне алған жоқпын. Э.Смит “Ұлт этностан пайда болған” десе, Б.Андерсон “Ұлт та, басқасы да қиял, ертегі” дейді, ал Э.Геллнер “Канада, Бельгия сияқты көпұлтты елдерде біртұтас ұлт болмайды” дейді. Қысқасы, “ұлтты қолдан құруға болады” дейтіндер мен “ұлт – бір халықтың табиғи түрде қалыптасқан эволюциясы” деген пікірлер арасындағы қайшылық “жұмыртқа бұрын пайда болды ма, тауық бұрын пайда болды ма?” деген сияқты бітпейтін дау. Сондықтан, национализмді қате түсініп жүрген біз ғана емес.
Үшіншіден, “мультикультурализм” деген – Кеңес одағындағы “көпұлттылықтың” батыстық, әдемі баламасы. Ол – заманауи ұлттардың қалыптасуы кезеңіндегі әлемдегі либералдық құндылықтардың “модный” сипаты. Бірақ, біле білсеңіз, дәл сол мультикультурализм сол Батыс қоғамының өзінде тек глобалдық деңгейде, құжат жүзінде ғана болған да, қоғам оны толық қабылдамаған. Еуропаның кез келген еліне (әсіресе Шығыс Еуропа) ене салысымен соны байқайсыз. Сарапшылар Батыста болып жатқан терактілердің көбін сол иммигранттарды “кірме” деп сыртқа тепкен қоғамға деген қарсылықтың көрінісі екенін айтады.
Төртіншіден, қазақ национализмі даму эволюциясында басқа қалыптасқан ұлттар сияқты пісіп-жетілу жолынан өтпеген. Бұған “қылышынан қан тамған” Кеңес одағы кінәлі. Образды түрде айтсақ, Алаш көсемдері бастап, “Оян, қазақ!” деп ұран көтергенде, үкімет олардың өздерін қырып тастаған. Сондықтан, оның постколониалдық национализмді енді бастан кешіріп жатқаны – заңдылық. Әрі ол елге көп жақсылық әкеледі (тек егер национализмнің алапат күшін дұрыс бағытқа бұра алса). “Қазақ ұлтшылдығы қауіпті шегіне қарай өршіп барады” дегенде осы позитивті национализмнің (ұлтты сүюдің, оянудың, мемлекетке, елге қызмет етуге деген ынтызарлықтың, патриотизмнің) бұрыс бағытқа қарай кетіп бара жатқанын айттым.
Оны қайдан білдік? “Қазақстан – қазақ ұлтының мемлекеті, қалғандарың қайқайыңдар” мен “Қазақстан – қазақ ұлтының мемлекеті, қалғандары – біздің тағдырластарымыз, олар өз тіл, дәстүрін дамытып, мемлекеттік тіл – қазақ тілін құрметтесе, олардың азаматтық құқықтары қазақтікімен тең” деген екі ұғымның жарысында біріншісі басым түсіп жатыр. Оны қазақтілді әлеуметтік желіні бір шолып шыққан адам түсінеді. Бірінші жолмен жүрген елдердің көбі бөлшектеніп, қанға бөгіп, тіпті жойылып тынған. Мемлекеттердің ыдырау, жер көлемінің өзгеру процесі әлі де жүріп жатқанын, соңғы рет Оңтүстік Суданның, Эритреяның, Косовоның бөлініп шыққанын есте сақтаңыз. Айтпақшы, Косово сербтердің “Сербия – тек серб мемлекеті, қалғандарың қайқайыңдар” деген сөзінен соң бүлік шығарған. Абхаздар да, оңтүстікосетиндіктер де, Қарабақ армяндары да солай.
“Қазақстан – қазақ ұлтының мемлекеті, қалған ұлттар – кірмелер, олар тез қазаққа айналмаса, біздің қоғамнан оларға орын жоқ” десек, шамамен 7 миллион халықты сыртқа тепкен болып шығамыз. Және олардың үн-түнсіз, ың-шыңсыз бұл пікірмен келісе қоятынына еш кепілдік жоқ.
Ал келіспеудің арты қандай тұрақсыздыққа ұласатынын кез келген ирредентистік, сепаратистік конфликтіден көрсеңіз болады. Конфликтінің табиғаты сол, тыныш күйінде ол – біздің ғана проблемамыз да, ушыққан кезде ол үлкен державалардың проблемасына айналады.
Сонда дұрыс бағыттағы национализм деген не? “Толеранттылық”, “өз тілі мен дінін сақтау құқықтары” деген сөздер де – әдемі, стандарт, бірақ керек сөздер. Бірақ, ең бастысы – национализм басқа ұлттарды кемсітуден, сес көрсетіп, айбат шегуден, тұрмыстық төбелесті ұлттық мәселеге айналдырудан тұрмауы керек. Ол мемлекеттің мығымдығы, жемқорлықтың болмауы, әділдіктің орнауы, көшенің тазалығы, мәдениеттің дамуы, дүниетанымның кеңдігі, қазақ тілінің өз биігіне көтерілуі, ғылымдағы, спорттағы, мәдениет пен әдебиеттегі, руханияттағы жетістіктер, т.с.с. категориялармен өлшенуі керек. Алашордашылардың еңбектерінен әсіреұраншылдық, шовинистік емес, дәл осындай жасампаздық рухы сезіледі. Э.Геллнер “мемлекет пен ұлт біртұтас ұғым болуы керек” дегенде осыны меңзеген. Мемлекет ұлттан бөлек бола алмайды, қазақ ұлтын жақсы көріп, бірақ Қазақстан мемлекетінде пара беріп (немесе алып), жол ережесін бұзып, т.с.с. істеп жүруді қалыпты деп санау – нонсенс.
P.S.
Бұдан былайғы посттарымды “Ұлт құрылысы” #Ultqurylysy деп шартты атау берген болашақ кітабымның тарауларын шолуға, национализм туралы классикалық және заманауи теорияларды түсіндіруге арнаймын.
Соңғы мақалалар.
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
МІНБЕР.
ӨЗГЕ ДЕ МАҚАЛАЛАР.