25-08-21 |
520 рет қаралған
Аймағамбетов ҰБТ-ға жалған құжатпен кіретіндердің жолы кесілгенін айтты.
Аймағамбетов ҰБТ-ға жалған құжатпен кіретіндердің жолы кесілгенін айтты

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-дағы заңсыз әрекетіне қатысты пікір білдірді.

Министрдің айтуынша, білім және ғылым министрлігі жүргізген реформаның арқасында құжатты қолдан жасағандар ұлттық бірыңғай тестілеуге кіре алмаған.

«Ең бастысы заң бұзушылық болған жоқ. Біз жүргізген реформаның арқасында жалған құжатпен кіремін деген талапкерлер ҰБТ тапсыра алмады. Дереу аты-жөнін тиісті органдарға бердік. Егер тестілеуге кірерде тексерістің бір ғана сатысы болса, құжатты көрсетіп, әрі қарай өтіп кететін еді. Құжатты көрсеткеннен кейін, Face ID-ға барады. Үшінші кезеңге барғанда барлығы анықталады», – деді министр.

Ол сондай-ақ биыл осындай заңсыз әрекетке барғандар саны артқанын айтты.

«Жүргізілген өзгерістердің нәтижесінде биыл тестке өзі емес, басқа адамды жіберген факті бірнеше есе көбейіп отыр. Бұл – дұрыс шешім. Заң бұзушылық болған жоқ, біз қабылдаған, енгізген шешімнің арқасында заң бұзушылыққа жол берілмей отыр», – деді ол.

Айта кетері, бұған дейін белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы үшін ҰБТ-ны басқа адам тапсырды деген ақпарат тарады. Кейіннен Қабатов бұл жағдайды түсіндірді.

Қабатов өзінің, жары мен мектеп бітірген қызының бұл іске қатысы жоқ екенін, барлығын оқушыларды тестке дайындайтын орталық ұйымдастырғанын жеткізді.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұндай дайындық орталықтары ешкімнен лицензия, рұқсат алмайды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.