11-03-20 |
350 рет қаралған
Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға қайтаруға мүмкіндік бар – Бас прокуратура.
Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға қайтаруға мүмкіндік бар – Бас прокуратура

Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің құзырлы органдары бір келісімге келген жағдайда аспан асты елінде өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбай жазасын өз елінде өтеуі мүмкін. Бұл туралы сенатта тілшілердің сұрағына жауап берген бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтты.

– Бізде Қытай Халық Республикасымен құқықтық көмек көрсету, қылмыскерді ұстап беру және экстрадициялау бойынша келісім бар. Қазіргі таңда тарап (Ақжарқын Тұрлыбай) сот үкіміне шағым (яғни апелляция) беріп отыр. Егер сот үкімі шығып күшіне енсе, онда Ақжарқын Тұрлыбай осыдан кейін Қазақстанға өтініш бере алады. Бұл жағдайда ҚР мен ҚХР елдерінің Бас прокуратуралары Ақжарқынның жазасын Қазақстанда өтей алатындай бағытта жұмыс жүргіземіз, – дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында сотталғандарды өзара тапсыру тәжірибесі болған.

– ҚХР сотының түпкілікті шешімі шыққаннан кейін үкім заңды күшіне енуі тиіс. Осыдан соң біз ҚХР-мен өзара келісімге сәйкес қарым-қатынастар аясында жұмыс жүргіземіз. Жалпы халықаралық шарттарда бас тарту негіздері көрсетілген. Егер ол босқын немесе саяси себеп болса, онда одан бас тартуға болады. Ал егер санатқа жатпаса онда екі жақтың шешімімен елге қайтаруға толық мүмкіндік бар, – деді ол.

Естеріңізде болса, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Қытайда Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысты сот отырысы өткен болатын. Қытай соты отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды.

2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілген болатын.

Дереккөз: holanews.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.