30-10-22 |
930 рет қаралған
Дені сау ұлт – діңгегі мықты жұрт – кардиолог.
Дені сау ұлт – діңгегі мықты жұрт – кардиолог

Саламатты ұлт қалыптастыру үшін саналы ұрпақ тәрбиелеу қажет. Қазіргі қалыптасқан дағды бойынша адамға дәрігер ауырған кезде ғана керек. Бұл да дұрыс емес. Бұл туралы кардиолог, «Қалалық кардиологиялық орталық» директоры Алмат Тұрысбекұлы сұхбат барысында айтты.

– Алмат Тұрысбекұлы, “Дені сау ұлт” ұлттық жобасы қолға алынды. Бұл жобаның мақсаты қандай?

– «Дені сау ұлт» жобасы 2021 жылы қабылданған. Бұл 2021-25 жылға дейін қазақ елінің денсаулығын жақсарту, жалпы медицина саласын халыққа қолжетімді жасау және оның сапалы болуын қамтамасыз етуге арналған бағдарлама. Жалпы халықтың өмір сүру жасын 71-75-ке дейін көтеру керек деп отыр. Әрине, оны айтуға оңай, ол бірден көтеріле салмайды. Ондай жетістікке жету үшін ең алдымен денсаулық сақтау жүйесі жүйелі түрде өзгергені жөн. Жалпы ауылдық жерден бастап, денсаулығы сыр берген азамат бірден медициналық қызметке жүгінуі керек. Медициналық қызмет адамдар үшін қолжетімді болуы тиіс. Және білімді, сапалы көмек көрсете алатын дәрігерлер болуы керек. Сонда халықтың арасында кең таралған жұқпалы емес аурулардың алдын алып, әрі оларды дер кезінде емдеуге мүміндік туады. Біз осылайша халықтың денсаулығын жақсарту арқылы адамдардың өмір сүру ұзақтығын 75-ке жасқа дейін ұлғайта аламыз.

– Саламатты ұлт қалыптастыру үшін не қажет?

– Саламатты ұлт қалыптастыру үшін саналы ұрпақ тәрбиелеу қажет. Қазіргі қалыптасқан дағды бойынша адамға дәрігер ауырған кезде ғана керек. Бұл да дұрыс емес. Адам ауырғанға дейін де саламатты өмір сүруді дағдыға айналдыруы тиіс. Яғни, адам өз денсаулығы үшін өзі әрекет жасағаны дұрыс. Саналы ұрпақ тәрбиелеген кезде, ең алдымен денсаулықтың қаншалықты құнды екенін, оның қандай маңызды екенін ұқтыруымыз керек. Жаман әдеттерден аулақ болып, жақсылыққа жетелейтін салт-сананы қалыптастырған жөн. Адам нені мақсат етеді? Сол мақсатқа жету жолында денсаулықтың қадірін білгені дұрыс. Әйтпесе бір мақсатқа ұмтыламын деп, кейде денсаулықты ұмытып кететін тұстарымыз бар. Кейде «қолымызды мезгілінен кеш сермеп» жатамыз. Бұл да дұрыс пайым емес. Сол үшін мектеп қабырғасынан бастап, саламатты өмір салтын түсіндіретін пәндерді енгізген дұрыс. Ол пәндерді ендіріп ғана қоймай, оның денсаулыққа қажеттігін түсіндіретін мамандардыда даярлаған абзал.

– Медицина саласында дәрігер тапшы дегенді жиі естиміз. Бұл орайда, тапшылықты жою үшін не істеген абзал?

– Шынымен де, дәрігерлердің жетіспейтіні белгілі. Үлкен қалаларда, әсіресе, Алматы мен Астана қаласында сезілмегенімен, шет аудандарда білікті мамандардың жетіспеушілігі бірден байқалады. Емделетін маман іздеп сандалып жүрген ауыл азаматтарын көресіз. Қалалық жерлерде, кардиологиялық, нейрохирургиялық орталықтарда білімді мамандар жеткілікті болғанымен, шағын емханаларда халықты күнделікті қабылдайын дәрігерлер жетіспей жатады. Бұл тапшылықты жою үшін үлкен жоспарлар құрылып жатыр. Бір Алматы қаласының өзінде әкімдіктің қолдауымен жылына 120 квота бөлініп отыр. Бұл квота Алматы қаласында жетіспейтін мамандарды даярлау үшін бөлінген. Бұл жоба Бақытжан Сағынтаев әкім болып тұрған кезде басталған еді. Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен қалаға қажетті дәрігерлерді даярлау үшін жасалған. Дәл осындай жобалар арқылы үлкен қалалар, облыс орталықтары квота бөлер болса, бұл олқылықты түзетуге болар еді. Дәрігерлердің тапшы болатын себебі, академияны бітіріп шыққан мамандардың көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Өйткені дәрігер мамандығы бойынша жұмыс істеп кетуіне жағдай жасалмаған. Біріншіден, тұрғын үй тапшылығы, екіншіден, жалақының төмендігі әсер етіп отыр. Сол себепті де, өз мамандығын тастап, басқа кәсіппен айналысып кетіп жатқан дәрігерлер де жетерлік. Сондықтан дәрігерлерді оқытып, даярлап ғана қоймау керек, ары қарай сол мамандықты алып кетуіне мүмкіндік жасаған абзал.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.