22-08-22 |
1230 рет қаралған
Фармацевтика – қауіпсіздік факторы.
Фармацевтика – қауіпсіздік факторы

Дәрі-дәрмек өндіру, атап айтқанда фармацевтика саласы мемлекет қауіпсіздігінің басты бір кепілі екенін шегелеп айтқан жөн. Үкімет 90-жылдардың екінші жартысында бұл секторды дамытуды өз қолына алып, көптеген бағдарлама ұсына бастады. Енді бүгінде елімізде дәрі-дәрмек өнеркәсібі ішкі қажеттілікті өтеуге ат салысып қана қоймай, белгілі бір дәрежеде экспорттық әлеуетке де ие болып отыр. Былтыр елімізде «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бастау алғанда «2025 жылға дейін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ішкі қажеттіліктің 50 пайызын отандық өндіріс өтеуі қажет» деген мақсат қойылды. Бұл мақсат жолында қандай істер атқарылып жатқанын шолып өтсек.

Тоқырауда тозбаған өндіріс

Расын айту керек, 1990-жылдардың бірінші жартысында, барлық посткеңестік аумаққа тән жағдай болды. Дәріханаларда тіршілікке қажетті дәрі-дәрмектер болмады. Импорт тоқтап, отандық фармацевтика өндірісі елдің дәрі-дәрмекке деген сұранысын небәрі 3 пайызға ғана қанағаттандыра алды. Ахуалды түзеу үшін мемлекет 1995 жылдан бастап фармацевтикалық секторға түбегейлi қайта құру жүргiздi. Дәрiлiк қамтамасыз етудiң орталықтандырылған жүйесiнiң орнына фармайналымның жаңа сипаты қалыптасты. Яки, iрi дистрибьютерлiк компаниялар пайда болып, дәрiхана ұйымдары дербестiк алды. Мысалы, дәрiхана ұйымдарының саны 1996 жылы 2 120-дан 2001 жылы 6 471-ге дейiн, дәрiлiк заттар ассортиментi 1 220 атаудан 4 450-ге дейiн артқан. Осы кезеңде отандық фармацевтикалық және медициналық өнеркәсiп дамып, өндiрушi кәсiпорындар саны 13-тен 70-ке дейiн көбейдi. Өндiрiс көлемi 4,7 млн АҚШ долларынан (1996 жылы), 19 млн АҚШ долларына (2001 жылы) жетті. Ал қазақстандық фармацевтика ұйымдары өндiрген және тiркеген дәрiлiк зат саны 60-тан 315-ке дейiн өсіпті. Соның арқасында қатаң бәсекелестік есебiнен дәрі-дәрмек бағасы төмендеп, нарық тұрақтандырылды. Осылайша, аталған саланың ғылыми-әлеуметтік маңызы бәсекелестік ортада жаңа қажеттіліктер мен талаптар аясында қалыптаса бастады.

Әйтсе де, шешімін күткен мәселелер әлі де көп еді. Берілген еркіндікке сай, дәрiханалар желiсi бейберекет қалыптасып, олар көбіне қалаларда шоғырланды да, ауыл халқының басым бөлiгiнiң дәрiлiк көмекке қолы жетпедi. Жалған дәрiлiк заттар мен контрабандалық өнiм, мемлекеттiк тiркеуден және сертификаттаудан өтпеген дәрiлер көбейді. Отандық фармацевтикалық өндiрiс ассортиментiнiң негiзгi үлесi ескiріп, олардың денін бәсекелестiкке қабiлетсiз дәрiлер құрады.

2002 жылдан бастап Қазақстан нарығына ең алғашқы отандық дәрі-дәрмек өндіруші жетекші компания «НОБЕЛ АФФ» АҚ келді. Ол елімізге инвестиция ғана емес, халықаралық стандарттағы GMP сертификатты өндірісті де ала келді. Отандық компания екі жыл көлемінде құны 30 миллион АҚШ доллары тұратын заманауи озық жабдықтарда алты препараттың өндірісін жолға қойды. 2004 жылы дәрiлiк заттар айналымы саласында 7,5 мыңнан астам фармацевтикалық объектiлер жұмыс iстедi. Оның iшiнде 370-i ғана, яки 5 пайыздайы ғана мемлекеттiк меншiк нысанындағы объектілер еді.

Бұл кезеңде де атқарылған реформалардың белгiлi бiр терiс салдары болды. Мәселен, дәрiлiк заттардың халықтың әлеуметтiк осал топтары үшiн қолжетiмдiлiгi төмендедi. Осы уақытқа дейін фармакоэкономикалық зерттеулердi жүргiзу тетiктерi әзiрленбегендіктен, дәрiлiк заттардың жанама тиiмдiлiктерiн, пайдаланылуын, бағасын және қолжетiмдiлiгiн бақылау мониторингi тиiстi деңгейде жүргiзiлмей келдi. Сынақ зертханаларының материалдық-техникалық базасы дәрiлiк заттардың сапасын бақылауды ұйымдастырудың қазiргi заманғы талаптарына сәйкес келмедi. иммунобиологиялық зерттеулердi жүргiзу үшiн зертханалар болған жоқ. Жалған дәрiлiк заттар жасау, фармаколаңкестiк, дәрiлiк заттар мен биологиялық белсендi қоспаларды агрессиялық жарнамалау проблемасы өсе түсті. Тұтас алғанда, республиканың фармацевтикалық және медициналық өнеркәсiбiнде халықаралық өндiру стандарттарына сәйкес келетiн субъектілер жоқ еді. Бұл мәселердің шешімі Денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада қарастырылды. Мемлекеттік бағдарламаның әкелген бір жаңашылдығы – 18 қыркүйек 2009 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстанның кодекс қабылдағаны. Сондай-ақ осы жылы бірыңғай дистрибьюторлық жүйе тетігімен «СҚ-Фармация» ЖШС-ның құрылуы болды.

Өткен жылдар еліміздің фармацевтика саласында қалыптасу мен даму жолындағы белес болса, ендігі мақсат жетілу, яки халықаралық стандарт пен нарыққа түбегейлі бет бұру болатын. Сондықтан да 2014 жылы дәрі-дәрмектердің 80%-ы сырттан әкелінетіні сынға алынып, Үкімет алдына ішкі сұраныстың 50%-ын отандық өндірісте өндірілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Мақсат ақырындап іске асып келеді. Шетел асып келетін дәрі-дәрмек бағасы қымбат. Ал елімізде отандық дәрі-дәрмек өндірісін жолға қоятын барлық мүмкіндік: ғылыми әлеуетіміз, биологиялық шикізат қорымыз жеткілікті.

Елімізде кешегі кеңестік кезеңнен қалған 5 зауыт, кейін қосылған 79 кәсіпорын бар. Осылайша, ішкі нарықтың қамтылуы 2014 жылы 10%-ды құрады. Сол жылдан бастап елімізде ішкі нарықпен қатар экспорттың да үлесі артты. Мәселен, 2016 жылмен салыстырғанда, отандық фармкомпаниялар 2015 жылы шетелге 62%-ға артық өнім жөнелткен. Бұған бір жағынан шетелдік инвестицияның көмегі де тиіп отыр. 2017 жылы бұл салаға 11,5 млрд теңге құйылды. Бұл сегменттегі экспорт нарығы көбіне Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне, оның ішінде Ресей мен Қырғыз Республикасына бағытталған. Оның сыртында Тәжікстанға, Өзбекстанға, Моңғолияға, Германияға және басқа да елдерге препараттар жөнелтіледі.

Еңбек еселенуде

2021 жылғы дерек бойынша, республика бойынша фармацевтика өнеркәсібінде 168 кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындарда 17 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Отандық фармацевтика нарығының сұранысы 1 миллиард 500 миллион АҚШ долларына тең. Қазақстан халқы жыл сайын осынша ақшасын дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтарға жұмсайды деген сөз.

Былтыр отандық фармацевтика үшін жемісті болды. Былтыр 12 айда 21,3 млрд теңгені құраған фармацевтика саласына инвестициялар көлемінің ұлғайғаны байқалды. 2021 жылы Жамбыл облысындағы биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ базасында иммунобиологиялық препараттар мен вакциналар (коронавирус инфекциясына қарсы) шығаратын зауыттың іске қосылуымен, сондай-ақ «Химфарм» АҚ зауытының жаңғыртылуымен, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС-де жаңа цехтардың іске қосылуымен көлем ұлғайтылды.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың көлемі 191,6 млрд теңгені құрады. Фармацевтикалық нарықтың жалпы көлемі 820,2 млрд теңгені құрады. Енді жергілікті фармөндірушілер қазақстандықтардың дәрі-дәрмектерге қажеттілігін толығымен қамти ала ма деген мәселеге келетін болсақ, фармацевтика саласының жоғары өсу серпініне қарамастан, отандық өнім әлі де нарықтың қажеттіліктерін толық қанағаттандырмайды. Фармацевтикалық нарықтың көлемі елдің дәрілік заттарға қажеттілігінің 17-20%-ын ғана қамтамасыз етеді.

Биыл наурыздағы жағдай бойынша бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына 49,5 млрд теңге сомасына алынған өнім жеткізіліп, жылдық сатып алынған көлемнің 45 пайызын құраған. Қазіргі кезде Үкімет «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының аясында фармацевтика саласына жиі талдау жасап, өндірістің дамуына күш салып келеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.