24-09-22 |
590 рет қаралған
Иранда алаңға жиналып, хиджабтарын өртеген халық наразылығы өршіді.
Иранда алаңға жиналып, хиджабтарын өртеген халық наразылығы өршіді

Иранда 22 жастағы қыздың өлімі халық наразылығын күшейтіп, әлем назарын аудартты. Елдегі қатаң шектеулер мен полицияның қатігездігіне қарсы шыққан халық саны артып, қақтығыстан адам өлімі көбейді. Ирандағы жағдайға қатысты сарапшылардың пікірін білген едік.

Arasha.kz тілшісі Қазақстандағы бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі болған танымал журналист Қуанышбек Қаридың пікірін жазып алды.

“Иранда соңғы жылдары ірілі-ұсақты митингтер көбейді. Арасында жүздеген адам қаза тапқан ірі оқиғалар кездесті. Биліктің саясаты санкцияға бастау алып келді. “Билік дұрыс саясат ұстану керек” деген бағытта ұрандар болды. Ал 22 жастағы Махса Аминидің өлімінен кейін болған шеру тіпті басқаша. Ұран жағынан, талап жағынан алып қарастырсақ та, әйелдердің немесе еркектердің белсенділігі жағынан алсақ та бір әйелдің өмірі билікке қарсы жаппай наразылыққа ұласып кетті. Ұранда “бір адамның қазасы 80 миллион жарасы” деп айтылды. Яғни, бір адам қаза тапты, одан 80 млн адам жарақат алды. Бұл дегеніміз бір адамның өлімі бүкіл елді қозғап жіберді”,- дейді Қуанышбек Қари.

Әлем саясаткерлерінің айтуынша, Ирандағы наразылық тек хиджаб мәселесінде ғана емес. Елдегі шектеулердің халықты қажытып жібергенін білдіреді дейді. Яғни елде әлеуметтік, саяси түйткіл өте көбейіп кетті.

“Географиялық жағынан алып қарағанда да осы жолғы митингтің тұтануы Иран мен Ирак шекарасындағы Күртстан провинциясында болды. Қайтыс болған Махса Амини күрт ұлтынан шыққан. Ол туып-өскен Күртстан провинциясы Иранның орталық билігіне қарсы бағытта деуге болады. Қанша жылдан бері орталық билікке ерекше наразы провинция. Мына жағдай соны үдетіп, көшеге шығарып жіберді. Анықталмаған мәліметтер бойынша шеру 80-нен астам қалаға жайылды. Күнде шеру. Орамалға қарсы шыққандар бар. “Ерікті болсын” деген де талап айтылып жатыр. Орамалын алып отқа жақты, ту қып ұстады. Яғни, оны көтерілістің туына айналдырды. Оған әлеуметтік қырынан қарайтын болсақ, шекаралық провинцияларда әлеуметтік ахуал нашар. Шекарадағы ауыл орталық үкіметтен жеткілікті деңгейде қолдау ала алмай отыр. Шекаралық провинцияларда суннит мәсхабындағы мұсылмандар қоныстанған. Иран – ислам республикасы.

Шеруде бөлінушілік жоқ. Шеру сунниттер қоныстанған провинцияда тұтанғанымен, бүкіл елді қамтып кетті. Яғни, ел мемлекет ұстанған саясатты ұстанды. Исламдық, шариғатқа тәуелді болған, қазіргі уақытта қолданысқа жарамайтын саяси жолды ел қаламайды. Бұл наразылықтың екінші қыры осында жатыр. Оның үстіне 1979 жылы ислам революция жеңіске жеткенде елдің бәрінде үміт болды, оған дейінгі коррупция, түрлі жағдайға тоқтам болады деп ойлады. Өкінішке орай кейін репрессия, Иран-Ирак соғысы, сөз бостандығына қысым, саяси алауыздық болды. Оның бәрі ислам атымен орнаған режимнің басқа да әлемдегі диктатордан айырмашылығы жоқ екенін көрсетті”,- дейді Қ. Қари.

Айта кетейік, Иранда 22 жастағы Махса Аминидің өлімінен кейін Тегеран ауруханасының жанында басталған көтеріліс бірнеше қалада жалғасып, аяғы қантөгіске ұласты.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.