22-02-23 |
1070 рет қаралған
Электрондық білезіктер – ізгілендіру белгісі ме?.
Электрондық білезіктер – ізгілендіру белгісі ме?

Жалпы кісен атаулы – асауға салатын бұғалық. Осы тақылеттес электрондық білезік – ұзын арқан, кең тұсау. Бұл білезіктер қиынның қиығына ілінген көген көз бас бостандығынан айрылғандарға, қашуға бейім тұратын баскесерлерге, тергеу амалдары жүріп жатқан күдікті-сезіктілерге, заңдық негізде, қолға не аяққа салынады. Бұрын малға ен салынып, құсқа сақина тағылушы еді, енді бұл кеп темір тордың аржағында отырғандарға келіп жетті.

Соңғы кезде қоғамымызда белең алып жатқан демократиялық бағыттағы үдерістер мен өзгерістер көп, еліміздің заңнамасы да соған сәйкес болуын талап етеді. Қазақстан Республикасының 2021 жылдан 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы құқық көкжиегіндегі жаңа басымдықтарды айқындап берді. Мәселен, қылмыстық-атқару құқығын жетілдіру саласындағы заң сапасын жаңарту мәселелері осымен тікелей астасып жатыр. Қылшығы мен қан-жыны аралас заманда сүрінгендердің іс-ірекетіне қарай құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заң қылмыс пен қылмыс емес әрекеттердің арасына сына қақтырмайтындай бүтіндікті, екі ұдай еткізбейтін нақтылықты, күмән келтірмейтін айқындылықты, адам құқығына қол сұғушылық әрекетті соқырға таяқ ұстатқандай нақты айқындап беретін барынша ашықтықты талап етеді. Өлшем сол. Басқаша болу мүмкін емес. Ендеше қылмыстық-атқару құқығының басты даму бағыты – қылмысы үшін жазалауды жүзеге асырғанда, қоғамға қауіптілігі кішігірім қылмыстарды жасағанына бас бостандығына шектеу салынғандарға (кәмелетке толмағандарға, абайсызда қылмыс жасағандарға, қылмысын жеңілдетер мән-жайлары болған адамдарға, т.б.) қылмыстық жазасын өтеу кезінде электрондық кісен-білезіктері салынады.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 393-IV Заңына сәйкес, қылмыс саласындағы заңнаманы ізгілендіру мақсатында электрондық құралдарды қолдану елімізде сонау 2012 жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енген болатын.

Тіпті бас бостандығынан айрылғандардың кей бөлігі, өздері электрондық білезік тағуға ниетті болатын болса, колония аумағынан шығып тұруына рұқсат етіледі. Қылмыстық атқару жүйесін ізгілендірудің бір ұшы осындан көрінеді. Осылайша, бір жағынан, сотталғандар үнемі бақылауда болып, қоғамға қауіп тудырмаса, екінші жағынан, қылмыстық ортаның ықпалына түсу жолына тосқауыл қойылады. Бұл шараның әр сотталушыға жұмсалатын түрме қаражатын үнемдейтін жағы да жоқ емес.

Қолға не аяққа салынған электрондық кісендер адамның қай жерде тұрғанын көрсетіп, ақпаратты құқық қорғау органдары серверіне жіберіп тұрады. Электрондық ізге түсу құралдарын қолдану ісі қылмыстық атқару жүйесінің инспекторларының, аумағында басқа да көптеген тексерулер өткізіп тұратын жұмысы қалың учаскелік инспекторларының қызметін әлдеқайда жеңілдетері анық. Құқық қорғау органдарындағы технологиялық инновацияның бір түрі бұл.

Қазақстанның, далиған даламыздың көлемін, кей өңірлерде халықтардың аз шоғырлануын ескерсек, сот үкімі шығарылған жүріп-тұруда белгілі бір міндеттері бар аталған санаттағы сотталғандарды қадағау өте қиынға түсері анық. Сондықтан өркениетті елдерде жүзеге асып жатқан шараларға, әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, жазаларды орындау сапасын жетілдірудің бірден бір жолы – сотталушыларға бақылау жасайтын электрондық құрылғыларды енгізу екені анық болып отыр.

Жасыратыны жоқ, жыл сайын түрмеге тоғытылар көген көздер саны артып-ақ келеді. Бұдан еліміздің еңбекпен түзету не тергеу мекемелерінде қамауға алынғандардың дені – жұмысқа толықтай қабілетті кішігірім не не орта ауырлықтағы қылмыс жасағандар болып шығады. Ендеше бас бостандығынан айыру орындарында тоғытылғандардың санын кеміту, бөлінер қаражатты үнемдеу мемлекеттік міндеттердің бірі десек, осы міндетті орындаудың бір түрі – электрондық білезік екені айдан анық.

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 29 қазанда ІІМ-нің кеңейтілген алқасының отырысында сөз сөйлеп, қылмыстық-атқару жүйесінде жазалардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берген болатын. Онда Президент: «…қылмыстың өршуіне және түрме «тәртібінің» таралуына мүлде жол беруге болмайды. Бас бостандығынан айырмай жазалауға қатысты түйткілдер бар. Министрлік қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерді шешу бойынша нәтижелі жұмыстар көрсетуі керек» деді. Қылмыстық атқару жүйесі ізгілендірілуге бет алуда.

Елеужан Серімов.
запастағы полиция полковнигі
Қарағанды қаласы

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.