15-08-22 |
260 рет қаралған
Коронавирустың «көлеңкесінде» қалған ауру көп.
Коронавирустың «көлеңкесінде» қалған ауру көп

Елімізде коронавирус пандемиясы басталғалы екі жарым жыл уақыт болды. Мемлекет азаматтардың саулығы үшін медицина саласындағы мамандар мен құйылған қаржының түгелін дерлік коронавирусқа қарсы бағыттады. Дегенмен осы тұста бір сауал бар. Жалпы алғанда біз атаған індеттен басқа да аурулар бар екенін білеміз. Оның бәрі коронавирустың «көлеңкесінде» қалғандай көрінеді. Соңғы екі жарым жылда өзге аурулар қарқын алып кеткен жоқ па? Тақырыптың мән-жайына үңіліп көрсек.

Жүрек аурулары жалмап тұр
Қазақстанда 2020 жылы барлығы 161 мыңнан астам адам қайтыс болса, 183,4 мың адам көз жұмыпты. Ал 2019 жылы, яғни, коронавирус пандемиясы басталмай тұрған уақытта 133 мыңнан астам адам бақилық болған. Демек, әр жыл сайын қаза табатын жандардың саны артқан. Бірақ бұл көрсеткіш тікелей коронавирусқа байланысты ма? Негізі жыл сайын коронавирустан шамамен 5 мыңға жуық адам қайтыс болған. Демек, мәселе тек вируста емес, басқа да аурулардың себебінен бақиға аттанғандар көбейген. Салыстырып көрсек, елде адамдардың басым бөлігі соңғы 20 жылдан бері қалыптасқан жағдай бойынша, жүрек-қан тамырлары ауруынан қайтыс болады. Мәселен, 2020 жылы жүрек-қан тамырлары ауруларынан 36,2 мың адам, 2019 жылы 30,2 мың адам көз жұмған, былтыр 43,4 мың жан кеткен. Бұдан кейінгі орында тыныс алу жүйелерінің аурулары тұр. Өкпе аурулары, тұмау, туберкулез, жедел респираторлық инфекциялар мен пневмонияны қосқанда, 2020 жылы 23,3 мың адам, 2019 жылы 16,2 мың адам, былтыр 20,8 мың адам дүниеден озыпты. Ал бұдан кейінгі орында жыл сайын 14 мыңнан аса азаматтың өмірін жалмайтын қатерлі ісік дерті тұр. Айтпақшы, жазатайым жарақат пен уланудан қайтыс болатын адам саны коронавирустан да асып отыр. 2020 жылы мұндай жазатайымнан 12 мың өлім тіркелген, ал 2021 жылы 11 мыңнан астам. Дегенмен біз коронавирустың залалын жоққа шығармаймыз. Тек осы вирустан өзге де аурулардың ықпалы артып жатқанын жеткізгіміз келеді.

Қауіпті дерттер тізіміне коронавирус қосылған
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сенсек, соңғы 20 жыл ішінде адамдар көбіне инсульт, жүректің ишемиялық ауруы, тыныс алу аурулары, неонатальды бұзылулар, қатерлі ісік, қант диабеті, деменция, диарея және бүйрек ауруларынан қайтыс болған екен. 2019 жылы әлемде 55,4 миллион өлім тіркелсе, соның 55 пайызының себебі жоғарыда аталған аурулар болған. Мұндай қауіпті аурулардың тізімін 2020 жылдан бастап COVID-19 толықтырғанын білеміз. Былтыр ДДСҰ мен еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің деректері негізінде адам өмірін сақтандырумен айналысатын Freedom Finance Life мамандары бүкіл әлемде адамдар жиі қайтыс болатын аурулардың рейтингін жасаған екен. Осы тізімге көз жүгіртсек, ең қауіпті бес аурудың көшін қатерлі ісік, коронавирус, тыныс алу органдары, жүрек дерті мен қант диабеті бастаған. Ал осы аталған 5 аурудың барлығы бізге жат емес, қазақстандықтарды да жалмап жатыр. Мәселен, 2020 жылы қатерлі ісіктен әлемде 10 миллион адам көз жұмған. Қазақстанда жыл сайын қатерлік ісікке шалдыққан 36 мыңға жуық адам тіркеледі. Есепте 190 мыңға жуық азамат тұр. Жыл сайын онкологиялық аурулардан 14 мыңға жуық отандасымыз қайтыс болады. Ал 2020 жылы тұмау мен респираторлық аурулардан, пневмониядан көз жұмған қазақстандықтардың саны 7 мыңға жуықтаған. ДДСҰ әлемде тіркелген барлық өлімнің 16 пайызы жүрек ауруларынан болғанын айтады. Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шегетін 2 миллионнан астам адам тіркелген. Жыл сайын 40 мың қазақстандық инсульт алады. Оның 5 мыңы инсульттан кейін 10 күн ішінде қайтыс болады екен. Жер бетінде қант диабетіне шалдыққан 400 миллион адам бар, оның 380 мыңнан астам адам елімізде өмір сүріп жатыр.

Сақтандыру серпін алды
Көп елде бұл қауіпті ауруларды емдеу міндетті мемлекеттік медициналық сақтандырумен жабылады. Бұл ретте ешкім еңбек ету қабілетінен айырылғаны үшін, шетелде емделгені, трансфер мен күрделі операция үшін өтемақы төлемейді. Сондықтан отбасылық бюджетті қамтамасыз еткісі келетін адамдар өзі ең жақсы деп санайтын ерікті сақтандыруды таңдайды. Сол сияқты Қазақстанда да өмірге қауіпті ауруларға сақтандыру ресімдеуге болады. Оны пайдаланып жатқандар бар. Мысалы, 2020 жылы елімізде 5 мыңнан астам адам өзіне коронавирустан сақтандыру рәсімдеген. Мұндай ерікті сақтандыруды қатерлі ісік пен жүрек-қан тамырлары ауруларына да рәсімдеуге болады екен. Бұрын аурудың атын тілге алмайтын халықта осындай үрдістер шығып жатыр. Әйткенмен, өмірі үшін қауіптенген әр адамның еркі бар.

Экология мен тағамның әсері
Жер шарын жайлаған түрлі дерттің асқынуына түптеп келгенде ғалымдар ортақ себептердің әсер етіп отырғанын алға тартады. Оның бастысы – экология мен күнделікті тұтынатын тағамдар. Яғни, осы екеуінің бірі бүлінген болса, үлкен кесапаттың бастауы болуы мүмкін. Тағы бір себеп – денсаулыққа дер кезінде көңіл бөлмеу. Мәселен, елімізде проблемаға айналған, жұрт аты жаман ауру атап кеткен қатерлі ісік ғылымда ағзаның кез келген жерін бүлдіретін 100 шақты аурудың жиынтығы ретінде түсіндіріледі. Алғашқыда назар салмаған кішігірім дерттер жиылып, соңында осыған апарады. Қалыпты жасушаның қауіпті клеткаға түрленуінен, ұғынықты тіл мен айтқанда, адам бойындағы мутациялық өзгерістен пайда болады. Бұған көп жағдайда негізгі сыртқы факторлар әсер етеді. Ултьракүлгін сәуленің өтуі, химиялық қоспалардан шығатын түтін (оған темекі түтіні де жатады), вирус пен бактерия, паразит тудыратын инфекцияларды жұқтыру. Сондықтан осы үш фактордан сақтанған жөн екен. Бұдан бөлек, артық салмақ пен қарттықтың да кесірі барлық дерттің оянуына себепші. Дегенмен адамзат қарттықтың дауасыз екенін біледі. Ал артық салмақтан сақтануға мүмкіндік бар.

«Аурулардың себебі өте көп. Күнделікті тыныстайтын ауамыз, ішетін сусын, жеген тағамы мыздың басым бөлігі организм үшін қолайлы бола бермейді. Яғни, жақпауы мүмкін. Ал әрбір жағымсыз әсер ағзадан жай кете салмайды. Клеткалық деңгейде өзгерістер болып, дақ қалдырады. Мәселен, ғалымдардың арасында әлі талас бар. Біреу майлы тағам пайдалы десе, біреу зиян дейді. Кей ғалымдар жүрек пен қатерлі ісіктің ауруын тікелей осы тағамнан көреді. Менің ойымша, әр нәрсенің өз жөні, мөлшері бар. Сол мөлшер сақталуы қажет. Адамның жеген тамағында калория аз болуы мүмкін. Бірақ бастысы, ақуыз 10-15 пайыздан кем болмаса болды. Ал экологияны қалыпқа келтіру қолдан келмейтін тәрізді. Себебі адамзат тіршілік етуі қажет, сәйкесінше өндіріс пен зауыттар бар жерде табиғат та бұзыла бермек. Экология тағам сапасына тікелей әсер етеді. Мысалы, бұзылған қоршаған ортада өскен жеміс-жидек пен судың, мал етінің пайдасынан зияны көп болады. Ал бұлардың бәрі адам өміріне қауіпті ауруларды тудырмай қоймасы анық», – деген болатын Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Қазір жаһандық экология күрделі мәселеге айналды. Әрісін қоя тұрайық, елімізде де соңғы жылдары ауа мен судың тым ластанып жатқаны жайлы жиі дабыл қағылып жатыр. Бүгінде ерлер арасында ең көп кездесетін және ең жиі өлімге апаратын өкпе обыры екен. Өкпе обырынан қайтыс болғандардың 80 пайызы темекі шеккендер. Бәрін айт та, бірін айт, адамзатқа коронавируспен қатар қауіп төндіріп тұрған кеселдер көп-ақ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.