31-10-22 |
880 рет қаралған
Нәрестенің денсаулығына не керегін білеміз бе?.
Нәрестенің денсаулығына не керегін білеміз бе?

Соңғы онжылдықта ел бойынша мүгедектігі бар балалардың тіркелген саны өсті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, елде 100 мыңнан астам мүгедек бала тіркелген. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде балалардың денсаулығын нығайту – мемлекеттің маңызды міндеттерінің біріне айналды. Сондықтан педиатр-дәрігер Жанар Қарабаваева нәрестенің жарық дүниеге келісімен күтімі қандай болуы керек, нені жеу керек, неден бас тартуы қажеттігін қозғады.

– Кейде дүниеге келген нәрестенің айықпас дертке шалдыққанын ата-ана түгілі, дәрігерлер де байқамай жатады. Артынан сырқаты асқындап, хал үстіне түскенде дерттің тумасынан бары анықталады. Сонда дені сау баланың дамуы қандай болуы керек?

– Сәби туған сәттен бастап, 28 күнге дейін нәресте болып есептеледі. Алғашқы айда тәуліктің 20 сағатына дейінгі уақытты ұйқымен өтеді. Өйткені ұйқы арқылы жаңа өмірге бейімделе бастайды. Арасында 3-4 сағат қана оянады. Онда да еміп, қарнын тойдыру үшін. Ол кезде көру және есту қабілеті әлі дұрыс қалыптаспаған. Айдың соңына қарай күлімдейді, ішімен жатқызса басын көтеріп, ұстап тұруға тырысады. Дыбысқа елеңдеп, тыңдайды. Одан кейіні айда әр 2-3 сағат сайын емгісі келеді. Жарық пен қарағыны айырып, қолын аузына апарады. Анасының дауысын тани бастайды. Үш айлығында сәбимен сөйлескенде түрлі дыбыс шығарып, көңіл күйін білдіреді. Ішімен жатқызғанда басын сенімді ұстап, оң-солына еркін қарайды. Қолындағы затта ауызына апарып, ойыншыққа ұмтылады. Қозғалмайтын заттарға көз алмай, ұзақ қарайды. Заттың бағытына қарай басын бұрады. Егер баланың дамауында тежеуі байқалса, осы айтқандарды істемей, селқостық танытса, дәрігерлік тексерістен өткізу керек. Негізі анализдің көбісі сәбидің туа сала жасалмайды, сондықтан кейбір дерттің байқалмай жатады. Ата-ана да баланың дамуына мән бермей жатады. Сондықтан сәбиді үнемі қадағалап, бақылап отырған жөн.

– Ана сүтінен басқа сәбиге қосымша тамақты неден және қалай бастаймыз?

– Байқасаңыз, 4-5 айлығында бала үлкендердің тамақтанғанда асына таласып, ұмтылатын әдет шығады. Сол кезде кішкентайға қосымша езбе, ботқа аздап беруге болады. Бірақ қосымша тағамды негізі 6 айдан бастайды. Ботқалардың ішінде манный ботқасын көп бермеген жөн. Әрине, қарын тойыдырып, асқазанды тоқ қылады. Бірақ бұл ботқа асқазан-ішек жолында ауыр қортылады. Ішекке сіңуі қиын. Сондықтан балалардың іші аурырып, желденіп жатады. Ал егер ішектегі белок пен майдың сіңуі бұзылса, ақуыс бен витаминдердің жетіспеуі дамиды. Күріш, қарақұмық, көкөніс езбесін берген жөн. Әуелі баланың салмағына қарай беріледі. Мысалы балаңыз салмағы жасына сай, ана сүтіне тойса қосымша тағам ретінде жеміс, көкеніс езбесінен берсе болады. Ал баланың салмағы аз болса, күріш, қарақұмық, жүгеріні қантсыз суға пісіріп, езіп берсе болады.

– Көп жағдайда аналар өздігінен емдеп, сәбидің ыстығын түсеріміз деп сырқатын ушықтырып алады. Осының алдын алу үшін не істеуге болады?

– Әрине, кез келген ана сәбиі мазасызданып, жылай бастағаннан қорқады. Ал ыстығы көтереліп, дене қызуы түспесе, әбігерге түсетіні анық. Бірақ денесі қызып, ыстығы көтерілуі – бала ағзасында болып жатқан процесстерге жауап. Сондықтан қатты қорқудың қажеті жоқ. Алдымен дене қызуын қай кезде түсіру керек, қай кезде керек емес екенін анықтап алу қажет. Егер температура 38 °С жоғары болмаса және баланың оған мазасы кетпей, жақсы көтерсе, онда қызуды түсіретін дәріні берудің қажеті жоқ. Өйткені дене қызуы көтерілгенде ағза инфекциямен ең алдымен өзі күреседі. Сол себепті қажеттілік болмаса, оны түсіру де керек емес.

Екіншіден, көп мөлшерде жылы сұйықтық беріп, бөлмені ылғалдандырған жөн. Егер ондай құрылғы болмаса, бөлмеге 3 л су құйып қойыңыз немесе сулы орамал жайыңыз, ауаны ылғалдандырып тұрады. Мейлінше, ауа температурасы 20-21 градустан аспауы тиіс.

Егер бала жүйке ауруымен (невропотологта есепте тұрса) немесе дене қызуын көтере алмай жатады – бұл кезде қызуды түсіретін дәріні 37,5 °С бастап беру керек. Ал дене қызуы 38 °С жоғары көтерілсе – балаға дәрігер ұсынған қызу түсіретін дәріні берген жөн. Ешбір жағдайда аспирин бермеңіз. Себебі, аспирин вирустық инфекция кезінде (12 жасқа дейінгі балаларда) қауіпті асқыну – Рей синдромын туғызуы мүмкін. Баланың денесі тырыса бастаса немесе қызуы 40°С жоғары болса, тез арада жедел жәрдем шақырытқан жөн.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.