22-09-21 |
510 рет қаралған
Назарбаева Маминге ұзаққа созылған сараптамалардың жемқорлыққа әкелетінін ескертті.
Назарбаева Маминге ұзаққа созылған сараптамалардың жемқорлыққа әкелетінін ескертті

Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева үкімет отырысында жер қойнауын пайдалану саласындағы шешімін таппай жүрген проблемаларды көтерді.

Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен ел экономикасының дамуына залал келтіретін ұзаққа созылған құжат рәсімдеуді сынады.

«Барлау жұмыстары басталғанға дейін жер қойнауын пайдаланушының құжаттары алты ай бойы мемлекеттік органдарда келісуде жатуы мүмкін. Сынамалық пайдалану жоба 9 айдан 1,5 жылға дейін созылатын үш мемлекеттік сараптамадан (экологиялық сараптама, жер қойнауының мемсараптамасы, сынамалық пайдалану жобасының мемсараптамасы) өткеннен кейін ғана мүмкін болады. Кен орнын игеру жобасы үшін де дәл осындай сараптамалар талап етіледі және бұдан кейін барлау мен сынамалық пайдалануға қаражат салған компания оны одан әрі игеруге рұқсат алатыны факт емес», – дейді ол.

Назарбаева сараптамалардан өту мерзімінің ұзаққа созылуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеп соғатынын айтты. Бұл ретте Назарбаева халықаралық тәжірибені мысалға келтірді. АҚШ пен БАӘ-де кен орындарын барлау мен игеруге өтінімдерді қарау мерзімі орта есеппен үш айдан алты айға дейін созылады.

«Миллиондаған қаражат салып, тәуекелдерді өз мойнына алатын инвестордың жобаның мерзімін оңтайландыруға және шикізат бағасы күрт төмендеген жағдайда шығындарды азайтуға мүмкіндігі жоқ. Қазақстанда жұмысты тоқтата тұру туралы шешім қабылдау үшін мемлекеттің рұқсаты қажет. Әйтпесе, инвестор келісімшартты, сонымен қатар, салынған барлық қаражатты жоғалтуы мүмкін», – деді мәжілісвумен.

Ал жұмыс жүргізудің белгіленген мерзімін тоқтата тұруға немесе ұзартуға мемлекет тарапынан санкция алуға бір жарым айдан сегіз айға дейін уақыт қажет.

Халықаралық тәжірибеде, егер экономикалық көрсеткіштер нашарласа (шикізат бағасының төмендеуі, девальвация), инвесторлар кен орындарын игеруді тоқтата тұру туралы өздері шешім қабылдай алады.

Осы айтылғандар негізінде салаға инвестиция тарту деңгейін арттыру үшін Назарбаева мына шараларды қарастыруды ұсынды:

  • халықаралық тәжірибе негізінде жер қойнауын пайдалану мәселелеріне қатысты мемлекеттің көзқарасына тұжырымдамалық өзгерістер енгізу;
  • ғалымдар әзірлемелері мен барлау деректері негізінде ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегия әзірлеу;
  • мемлекеттің геология ғылымына деген көзқарасын қайта қарастырып, сала үшін қазіргі заманғы кадрлар даярлау;
  • әлемдік тәжірибе мен цифрландыруды ескеріп, мемлекеттік сараптаманы қарау мен тапсыру уақытын барынша қысқарту;
  • инвесторларға әлемдік нарықта дағдарыс болған жағдайда өз шешімімен кен орнын игеруді кейінге қалдыру құқығын беру;
  • геологиялық ақпаратты көпшілікке ашық ету;
  • кен орындарын барлау мен игеруге ашық конкурс өткізу.

Депутат осы мәселеге қатысты үкімет ұстанымын ұсынуды сұрады.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.