16-09-22 |
280 рет қаралған
Оразалин жолға жарымаған Ақтөбені шаңға көміп кетті.
Оразалин жолға жарымаған Ақтөбені шаңға көміп кетті

 Президент қозғаған, бір емес екі премьер арнайы келіп тексерген жолды ақтөбеліктер бірнеше жылдан бері бітіре алмай отыр. Тіпті Ақтөбенің сапасыз жолдарын прокурорлар тексеріп, шенеуніктер Әдеп кеңесіне шақырылды. Жергілікті полиция жол сапасын бақылай алмаған 200-ден аса шенеунікке айыппұл салды. Сонда да өз жұмысына көңілі тоқ Оңдасын Оразалин үнемі жол сапасы жақсы екенін айтудан танбады.

 Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бұрын Ақтөбе облысындағы жол сапасын сынады. Жол жөндеу жұмыстарына бақылауды бәсеңсітіп алған облыс әкімінің бірінші орынбасарын қызметтен босатты.  Ақтөбеліктер президент сынынан сабақ алмады ма? Өңірде жол азабы неге азаймай тұр.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысы аумағындағы жолдың 72% ғана қанағаттанарлық жағдайда. Бұл республика бойынша ең төмен көрсеткіш. Ал облыс басшысының пікірі басқа.

«Біздің жол қазір жақсы. Сапасын ұлттық орталық бақылап, тиісті талап қойып жүр. Бұрынғыдай емес, құрылыс қарқыны жоғары. Қазіргі кезде барлық ауданның жағдайы бірдей. Жолдың кіреберістерін салып жатырмыз. Бәрінде бір күнде үлгере алмаймыз. Шалғай ауылдарға жол жетпей жатыр. Жалпы республика бойынша БҚО,Ақтөбе, Атырауда жол жағдайы жылдар, ғасырлар бойынша қалыптасып қалған. Біздер сынға ұшырадық»,- дейді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Ақтөбелік шенділер жол жөндеу жұмысына салақ

Еліміздің бір емес, екі премьер министрі арнайы келіп тексерген қаладағы айналма жолдың құрылысында шикілік көп. Шенділер атқарылмаған жұмыс үшін мердігер компанияға  27,6 млн теңге қаржы аударып жіберген. Прокурорлар Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың «КТП» ЖШС-не орындалмаған жұмысқа алдын ала бюджет қаржысын аударғанын анықтады.

Прокуратураның тексерісі нәтижесінде  27,6 млн теңгенің жұмысы атқарылмағаны белгілі болды. Құжат бойынша 8,9 млн теңгеге сыртқы жарықтандыруға арналған 340-тан астам болат тіректер орнату жұмысы қабылданған. Бірақ іс жүзінде жұмыс іске аспаған.

Қара жолда өлім көп. Ақтөбе облысында жеті айда айда 50-ге жуық адам жол апатынан көз жұмды. Соңғы бір айдың өзінде оннан аса адам қара жолда қаза болды.

Ақталу…

Әдеп кеңесінің мүшелері Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысының жұмысы қызметке толық сәйкес емес деп тапты.

«Оңтүстік айналма жол 2017 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Жоба 3-4 айда аяқталуы тиіс еді. Бірақ 2017-2018 жылдары қаржыландыру болмады. Қаржыландыру 2019 жылы басталды. Былтыр 1,4 млрд теңгенің жұмысы атқарылды. Құрылыс кезінде атқарылған жұмысқа қатысты актпен қатар, азайту, қосымша жұмыс қосу да бар. Мемлекеттік сатып алу Заңнамасы аясында серіктестікке шара қолдану үшін аумақтың құрылысына жауапты «КТП» серіктестігіне де арыз түсірдік», – деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Шенеунік уақытынан кешіккен жол жөндеу жұмыстарының биыл аяқталатынына сендіреді.

«Жаңа министірлік керек…»

Ал қырық жылдай жол саласында еңбек еткен ардагер Сабыргерей Таңатарұлы жол сапасын бақылауға алатын арнайы министрлік не агенттік құрылмай қатаң бақылау болмайтынын алға тартты.

«Тендерден бастап реттеу керек. Қазір тендерге түсетін мердігердің техникасы бар ма, жұмыс күші жете ме оны қарап жатқан ешкім жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырау мен Ақтөбенің арасындағы жолды салуға әзірбайжанның бір компаниясы тендер ұтып алды. Олар Байғанин ауданы тұрғындарынан көлік, техника жалға алды. Тұрғындарды жұмысқа тартты. Бірақ ақшаларын бермей қойды. Солар әлі ақыларын даулап жүр. Техникасы жоқ шетелдік компанияны жол құрылысына кім жолатқан? Жол құрылысының басы-қасында күні-түні «технадзор» дейміз ғой, сол жүру керек. Техникалық бақылаушылар топырақ тапталып, тас төселгеннен бастап, асфальт жабындысының бәрін-бәрін бақылап отыруы тиіс. Жұмысына салғырт қарағандарды жазалау керек», -дейді жол саласының ардагері.

Тықыр таянған ақтөбелік «фараон»

Өзін фараонға қатты ұқсататын Ақтөбе әкімі жерлестерінің сенімін ақтай алмады. Осыдан үш жыл бұрын ақтөбелік басшыны аңсап күткен жерлестер үміті су сепкендей басылды.

Ақтөбеліктер есінде Оразалин тек «Мен –ресми лауазымды, танымал тұлғамын. Фараондар заманынан бері билікті ешкім жақсы көрген емес», «90 жылдары бұдан да қиын болған», «ата-баба әруағы қолдады» деген сөздерімен ғана қалды. «Кабинетімді өз ақшама жөндедім» деген Ақтөбенің бай шенеунігі «бүгін креслосын босатады» деп күтілуде.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.