04-09-22 |
730 рет қаралған
Полицияға бағынбадың деп журналисті қамағалы жатыр.
Полицияға бағынбадың деп журналисті қамағалы жатыр

Сайтымыздың Ақтөбедегі тілшісі Ардақ Ерубаеваны материал әзірлеу кезінде белгісіз адамдар қолын қайырып, алып кеткен, онымен қоймай 4 сағат қамауда ұстаған.

Ол 31 тамыз күні үкімет басшысының Ақтөбеге сапары туралы материал дайындау кезінде қысымға ұшырап, жарақат алғанын хабарлаған болатын.

Үкімет басшысы келіп, Тоғжановты Ақтөбе облысының әкімі етіп тағайындаған күні журналист шенділерді суретке түсіргісі келген, алайда белгісіз адамдар оның қолын қайырып, ол жерден алып кеткен.

«Әкімдіктің алдында фото, видео түсіріп тұрғанымда азаматтық киімдегі екі адам дене жарақатын салып, күштеп сүйреледі. Қолымдағы телефонды тартып алды. Көмек сұрап, айқайлағанда жұлқылап, ешкім естімесін дегендей дедектіп алып кетті. Шешілген орамалымды тағуға мұрша бермеген соң қолымды сермей бердім. Басқаша қалай қорғанар едім?», -дейді ол.

Полицияның алып кеткенін біле тұра әкімдік қызметкерлері ештеңе болмағандай меңіреу кейіп танытқан.

«Маған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық турылы 667 баптың 1 тармағы бойынша айып тағылып тұр. Бұл -құқық қорғау қызметкерлеріне бағынбау және кедергі келтіру. Ескеруді сұраймын, ол жерде мені сүйреп, күш қолданған “қызметкерлердің” өздерін полиция екендерін дәлелдейтін форма болған жоқ және өздерін таныстырмады. Қолдарында құқық қорғау органынан екенін дәлелдейтін құжаттары да болған жоқ», – дейді А. Ерубаева.

Бейтаныс адамдар оған дене жарақатын келтірген. Сол себепті зардап шеккенін айтып, полиция қызметкерлерінен көмек те сұрапты.

«Рапорт жазған үш қызметкер де менің кортежге жүгіргенімді айтады, оған қандай дәлел бар? Қазақстан Конституциясы БАҚ өкілдеріне сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі және кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқық берілген. Президент билік өкілдерінің, полицияның халыққа жақын болуы керек екендігін бірнеше рет қадап айтты. Ал полицияның бұл әрекеті құзырлы органның өкілеттілігін асыра пайдаланып, қысым көрсету деп білемін», – дейді журналист.

Бұл іс бойынша алғашқы сот отырысында судья Мұратқан Есдәуір іске қатысы жоқ, журналистің ар-намысыма тиетін сөздер айтқан.

«Қорғаушы сұрағаныма қарамастан бірінші сот отырысы қорғаушысыз өтті. Сот отырсы онлайн өтеді деді. Участковой әкімдіктің жертөлесінде орналасқан. Ол жерде интернет істемейді. Содан олар үстелді жертөлеге түсетін есіктің алдына қойды. Бұл сотқа лайықты жер емес екенін айтып едім, ондағылар маған «сен не особаясың ба, жалпы жоғары білімің, мәдениетің бар ма, менің түрімді көруге құмартып бара жатсың ба» дегендей іске қатысы жоқ нәрселерді айтып, ар-намысыма тиді. Өз құқығымды пайдаланып соттан отырысты офлайн өткізуін сұрадым», – дейді Ардақ Ерубаева.

Айта кетсек, соттың келесі отырысы ертең сағат 14.30-да болады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.