31-10-22 |
870 рет қаралған
Қаржылық сауаттылық: несие және бөліп төлем жасау жайында не білеміз?.
Қаржылық сауаттылық: несие және бөліп төлем жасау жайында не білеміз?

Бүгінгі күннің талабы – қаржылық сауаттылық. Көпшілік табысын үсті-үстіне ұлғайтпақ түгілі, тапқан табысын қайда, қалай жұмсау керегін білмей жатады. Көпшілік айлықтан айлыққа күн көруде. Несие алудың қажеті бар ма, бөліп төлем жасау қаншалықты тиімді деген сұрақтарға қаржылық эксперт Күнекей Нұрлан жауап берді.

– Әрбір азаматтың қаржылық сауаттылығы болуы керек деген еуропалық көзқарас бізге сіңді ме? Әлде саналы түрде түсінгенімен, ақшаны жұмсау әдеті қалыптаспаған ба?

– Бізде адамдар негізінен айлықтан айлыққа ғана күн көрумен шектелуде. Кейде айлық шығыны тапқан табысынан көп болып жатады. Төлейтін несиесі, пәтерақысы, заттай алып алған рассрочкалары тағы бар. Сол бір айналыммен жүре береді. Төлемге жетпей жатса, қарыз алады, оны жалақыдан қайтарады, тағы қарызданады. Бұл тығырықтан шығудың жолы – қаржылық сауатты ашу. Ең әуелі қаржылық сауаттылық дегеніміз – ақшаны дұрыс басқару, жұмсай білу. Қаржылық сауаттылығыңызды көтерсеңіз, ақшаңызды дұрыс игере аласыз. Қарызданбай, тапқан табысыңызды көбейтуге де мүмкіндік болады. Қай банктен депозит ашамын, қандай валютада, ипотека төлеген ұтымды ма, пәтерге шыққан дұрыс па деген сұрақтардың жауабын біліп, өзіне қолайлысын таңдауға мүмкін.

– Бүгінде әрбір қазақстандықтың мойында несиесі немесе ипотекасы бар. Несиеден қалай құтылуға болады? Жалпы несие алу тиімді ме, тиімсіз бе?

– Расымен, банкирлер де несие алмаған, тап-таза клиенттің жоқтың қасы дейді. Несие тархы деген, алған қарыздың жазбасы, яғни күнделік секілді. Оны тек банк пен күнделік иесі көре алады. Несие алмас бұрын, алдымен оның қажеті бар-жоғын анықтап алған дұрыс. Бір айлық жалақыға бағаланған дүниені несиеге алып, екі еселеп қайтарғанша, жалақының 30 пайызын 3-4 айдай жинаса да сол затты үстемесіз алу мүмкін. Оның үстіне, көбіне несиенің төлемі айлық жалақының жартысынан асып түседі. Бұл – тиімсіз.

Бізде көп жағдайда тойға несие алып, оны 4-5 жыл төлейді. Кейбір үйленген жұптар ұзамай ажырасып жатады. Төлем жасалмай, іс сотта қаралып, бос әурешілік көбейе түседі. Не болмаса кейбірі бір несиесін жабамын деп, екіншісін алады. Төлем екі есе ұлғая түседі. Мұны қайта қаржыландырумен (рефинанс) шатастырмаған жөн. Жалпы, тұрмыстық техника, киім-кешекті несиеге алудың қажеті жоқ. Алғыңыз келсе, ақшаны жинап алыңыз. Өйткені ертеңгі күні не болатыны белгісіз, сол себепті өзіңізде қолма-қол ақшаңыз болғаны дұрыс.

– Қазір кез келген дүкеннен бөліп төлем жасау арқылы қажет дүниені алу қолжетімді. Бұл қаншалықты тиімді?

– Әрине, несиеге алғаннан гөрі, бөліп төлем жасау тиімдірек әрі арзанға шығады. Бөліп төлеудің екі түрі бар: банк және компаниядан ұсынылады. Егер бөліп төлеу банктен ұсынылса, өнімді немесе қызметті ұсынған компания банкке комиссия төлейді. Ал бұл комиссия бөліп төлеу арқылы көрсетілген тауар мен қызметтің құнына кіреді. Соған қарамастан, компаниялар көбінесе банк көмегіне жүгініп, ескірген тауар тезірек өткізуге немесе сатуды арттыру үшін жарнамалық науқанды бөліп төлеуді сұрайды. Қазір тіпті ел ішінде қажетті дүниені қолма-қол ақшаға емес, бөліп төлеуге алу трендке айналған.

Компаниядан бөліп төлеу ұсынылса, баға дәл қазір сатып алып жатқаныңыздан жоғары болады. Алатын аралық мерзімін және айырмашылықты есептеп көрі керек. Егер ақысы қалтаға ұрмай, төлеуге қолайлы болса, ыңғайыңызға қарайсыз. Көп адам осыған үйреніп алғаны соншалық, кейбірінің қарызы алған жалақының басым көпшілігін соған төлеп өтеді.

Өткенде сауалнама жүргізу арқылы жұрттың 82 пайызы – бөліп төлем жасауды пайдаланған. Оның 76 пайызы бұл төлем түрін бір-ақ рет пайдаланса, 46 пайызы тұрмыстық техника алған. Ал 31 пайызы ұялы телефон алыпты.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.