01-03-23 |
290 рет қаралған
Қазақстанда бір жылда инфляция 21,3% болды.
Қазақстанда бір жылда инфляция 21,3% болды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы ақпанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 21,3% болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 26,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,5%, ақылы қызметтер 15% өсті.

2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда пияз – 105%, кір сабын – 90,3%, кеңсе тауарлары – 71,8%, қияр – 56,8%, ағартқыштар мен балалар сабыны – әрқайсысы 56,3%-дан, қант – 55%, консервіленген сүт – 49,1%, күріш – 44,9%, макарон өнімдері – 41,1%, ұн 40,2% қымбаттаған.

Жылдық мәнде, керісінше, ақбас қырыққабат 30,1%-ға арзандады.

Бір айдын ішінде тұтыну бағаларының индексі (2023 жылғы ақпан) 1,3% болды. Өткен айда азық-түлік тауарлары – 1,5%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,8%, ақылы қызметтер 1,3% өсті.

Азық-түлік тауарлары арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен, ақпанда басты пияз – 28,5%, қызанақ – 17%, ақбас қырыққабат – 10,9%, қияр – 9,8%, қызылша – 5,4%, тәтті бұрыш – 4,7%-ға қымбаттаған.

Сондай-ақ баға күрішке – 4,4%-ға, салқындатылған балыққа – 3,6%, консервіленген сүтке – 2,8%, кертік батон мен шоколадпен глазирленбеген кәмпиттерге – әрқайсысы 2%-ға, майлылығы 2,5% айран мен тұздалмаған сары майға – әрқайсысы 1,8%-ға, пастерленген сүтке – 1,6%-ға өскен.

Осы ретте айлық мәнде құмшекер 2,3%, қарақұмық жармасы 1,5%-ға арзандады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде бағаның ең көп өсімі ақпанда жуу және тазалау құралдарында байқалды.

Мәселен, өткен аймен салыстырғанда кір сабын – 2,8%, кір жуу ұнтағы, ыдыс жууға арналған құралдар – әрқайсысы 2,5%-ға, ағартқыштар – 2,4%, дәретхана қағазы 2,1% қымбаттады. Баллондағы сұйытылған газ 1,6% қымбаттады.

Жолаушы тасымалындағы баға бойынша әуе көлігінің қызметтері – 21,5%-ға, темір жол көлігінің қызметтері 2,3% өсті.

Коммуналдық қызметтер бойынша орталықтан жылыту тарифтері – 7,1%, ыстық су – 6,3%, су бұру – 3,1%, тұрғын үйді күтіп ұстау – 1,8%, суық су – 1%, электр энергиясы 0,7%-ға өсті.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Алматы облысында – 1,8% (орташа республикалық деңгейден 0,5 п.т. жоғары), ең төменгісі – 0,7% Қызылорда облысында тіркелді.

Аймақтық бөліністе азық-түлік тауарлары Қарағанды облысында – 2,2%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – Жетісу облысында – 1,4%-ға, ақылы қызметтер Павлодар облысында – 2,9%-ға ең жоғары өсім көрсеткен.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.