22-02-23 |
950 рет қаралған
Құқықтық сауатты арттыру маңызды.
Құқықтық сауатты арттыру маңызды

Құқықты әркім әрқалай түсінеді. Мәселен, еуропалық қоғамда ешқандай азамат заңды жатқа білмейді, бірақ олар заң қалай болу керек екені туралы өздері болжай алады. Шын мәнінде, 80-90 пайыз заң сондай болып шығады. Бұл туралы заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дауталиев сұхбат барысында айтты.

–Халықтың құқықтық мәдениеті қалыптасты деп айта аламыз ба?

–Құқықтық мәдениетті қалыптастырып, бір сәтте аяқтап тастайтын дүние емес. Бұл үздіксіз, үзіліссіз, әрдайым дамып отыратын қоғамдық құбылыс. Сондықтан құқықтық мәдениеттің межесі мынадай деп, нақты айта алмаймыз. Заң ғылымы категория ретінде үш түрлі элементтің жиынтығынан құралады. Біріншісі, құқықтық сана. Екіншісі, құқықтық идея. Үшіншісі, құқықтық мәдениет. Біз осы үш ұғым тұрғысынан қарасақ, құқықтық мәдениетке жалпылама баға беруге болады.

Құқықтық сананың өзі кемінде екі топқа бөлінеді. Біреуі кәсіби емес, құқықтық сана. Ол қоғамдағы қарапайым адамдардың құқық туралы пайымдары мен түсініктері. Екіншісі, кәсіби құқықтық сана дейміз. Оған прокуратура, сот, тергеуші, нотариус, адвокат сияқты кәсіби деңгейде меңгерген құқықтық сана иелері жатады. Қазақстанда ең белең алып отырған ауруымыз – жемқорлық. Осының кесірінен елдің дамуы да тежеліп жатыр. Бюджеттен бөлінген ақша мақсатты жеріне жетпейді. Жемқорлық – мемлекеттік қызмет аясында туындайтын дүние. Бұған көз жұмып, немқұрайлы қарайтын адамдар бар. Осының салдарынан сыбайлас жемқорлық туындайды. Қазір бізде жемқорлық дендеп тұрса, кәсіби деңгейдегі құқықтық санамыз әлі күнге тиісті мәдениет деңгейіне көтерілмеген деген сөз.

Құқықты әркім әрқалай түсінеді. Мәселен, еуропалық қоғамда ешқандай азамат заңды жатқа білмейді, бірақ олар заң қалай болу керек екені туралы өздері болжай алады. Шын мәнінде, 80-90 пайыз заң сондай болып шығады. Яғни, қарапайым азаматтардың заң осындай болуы керек деген түсінігі дұрыс болып шықса, яғни құқықтық мәдениет қалыптасқан деп айтуға негіз бар. Өкінішке қарай, біздің елде заңдарымыз туралы халықтың болжамы сәйкес келмей жатады. Тіпті, сәйкес келгеннің өзінде заңның іске асуында үлкен қателіктерге жол беріп жатады. Жалпы айтқан кезде бізде заң жаман емес, жақсы. Азаматтардың құқықтары мен бостандығын, заңдық мүдделерін қорғайтын нормаларды бекітіп, орнықтырады. Алайда соларды іске асыру, қолдану, пайдалану барысында түрлі кедергілерге, шектеулерге, бюрократиялық белден басуларға жолығып жатады. Сондықтан амал жоқтықтан өз мәселелерін шешу үшін пара беруге барады. Бұл жағдай енді заңның кемшілігінен деп айта алмаймыз.

Құқықтық идея дегеніміз – теңдік идеясы. Екіншісі, бостандық қағидасы. Үшіншісі, әділеттілік. Теңдік мәселесіне қазір көбірек назар аударылып отыр. 30 жыл уақыт ішінде Қазақстандағы азаматтар бәрі бірдей теңдей мүмкіндікке ие болған жоқ. «Жаңа Қазақстандағы» мақсат та – сол. Әділетті Қазақстан құру. Осы тұрғыдан келгенде, ілгерілеу бар.

Үшіншісі, құқықтық саясат. Бұл мемлекеттің құқық туралы жүргізіп отырған саясаты. Алдағы 50-100 жылда елдің дамуын қандай құқықтық саясатпен реттейміз деген мақсат-міндеттен туындайды. Мұны жүргізу үшін бізде құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданады. Соңғы тұжырымдамамыз – 2022-2032 жылға арналған. Бұл тұжырымдамада да осындай авторлық құқықты, интеллектуалдық өнімдерді қорғауға байланысты стандартты қабылдау керек деген сияқты басымдықтар берілген. 2022 жылы 5 маусымда референдум өткізіп, Конституциямызға өзгерістер енгіздік.

– Байқасаңыз, соңғы жылдары өз құқығын білмейтін адамдар легі көбейді. Көп жағдайда, олар өздерінің құқықтық сауатының жоқтығынан «жем» болып жатады. Бұл жағдайда, азаматтарды қалай тәрбиелеген дұрыс?

– Алматы облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі болғандықтан, түрлі кездесулерге шығамыз. Мониторингтік топтың кездесулері өтіп жатады. Халық пен биліктің арасындағы байланысқа атсалысып, олардың конструктивті байланыс құруына, әрқайсысының алдына қойған мақсаттарына жетуіне септігімізді тигіземіз. 80-90 пайыз жағдайда заң тұрғысынан шешілетін қарапайым сұрақтар екеніне көз жеткіземіз. Ешқандай күрделі мәселе жоқ. Қайсыбір сұрақты шешу үшін Президент әкімшілігіне дейін хат жазып жатады. Бұлардың шешімдері өте қарапайым. Бұл азаматтардың өз құқықтары мен бостандығын дұрыс білмеуінен, екінші жағынан жергілікті атқарушы органда қызмет атқаратын кейбір қызметкерлердің бюрократтық танытуынан, құқықтық сауаты жеткіліксіздігінің салдарынан болуы ықтимал.

Оны шешудің жолы қандай? Ол үшін құқықтық сауатты арттыру керек. Бұл – Әділет министрлігінің құзырына жататын сұрақ. Жалпы олар республикалық масштабты қамтитын жоба бастаған жоқ. Менің ойымша, көптеген сұрақтар ХҚО-ға барғанда туындайды. Сол жерде құқықтық кеңес беретін штат ашып қою керек. Ол жерде олар халықты көп мазалайтын сауалдарды сұрыптайды, іріктейді. Сол арқылы мәселені тұжырымдайды, тәжірибеге зер салады, соларды шешу жолына қатысты ұсыныстарды іріктеп қояды. Бұл мемлекет тарапынан құқықтық үгіт-насихатты дұрыс жүргізуге жол ашқан болар еді. Мектеп бағдарламасында құқық негіздері оқылады. Бірақ оның сағаты аз. Соның санын көбейту керек. Сонда біз өз құқығын білетін, сауаты бар азаматтарды қалыптастыра аламыз.

– «Жаңа Қазақстанда» сот жүйесі қызметі қаншалықты ашық?

– Сот жүйесіндегі жұмыстардың барлығы ашық өтеді. Заңда көрсетілген кейбір жағдайларға байланысты ғана сот процесі жабық өтуі мүмкін. Ол халықтан жасырынып, бөлектеп, шешім шығару ниетінен емес, кейбір мемлекеттік құпия деген нәрселер болады. Адамдардың жеке құпиясы деген дүние бар. Бұл заңда нақты белгіленеді. Сот өзі білермендікке салып, жабық болады деп, шеше алмайды. Сотты бақылап отырған процестің қатысушылары, прокурор, адвокат бар. Сондықтан бұл нақты заңда көрсетілген. Сот процесіндегі құқықтық реттеудің процессуалдық тәртіптері ғылымда қалыптасқан. Сол ғылымның ұсынған жолымен жүріп келе жатыр. Сот жүйесінің ашықтығы қамтамасыз етілуі үшін біраз бағыттарды игеруіміз керек. Көшпелі сот мәжілістері деген бар. Ол кеңес заманында өте жақсы қолданылған. Осы күнде де қолданылып жүр. Оны әлі де болса жетілдіру қажет. Өйткені еуропалық стандартқа сәйкес, сот орналасқан мекеме адамдары тұрып жатқан орыннан 47 миллден артық орналаспауы тиіс дейді. Яғни, біздің километрмен бергенде, біздің сот ғимараттары 50-60 км-ден алыс қашықтықта болмауы тиіс. Яғни, сот сол елдің азаматтарына қолжетімді болуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, көшпелі сот процесстерін өткізу маңызды. Сол үшін нақты өлшемдерін жасаған дұрыс. Әрі қазір цифрландыру заманы. Бұл да соттың ашық болуына мүмкіндік беретін дүние.

– Соңғы жылдардағы сот жүйесіндегі реформалар төңірегінде не айтасыз?

–Елімізде сот саласының реформалардың негізгі нысанға алып отырған мәселесі – сот билігінің тәуелсіздігі. Академик Салық Зимановтың айтуынша, мемлекеттің демократиялық көрінісі – сот билігінің тәуелсіздігі мәселесімен анықталады. Егер де мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы сот деп үш тармаққа бөлсек. Соның ішінде соттың тәуелсіз жұмыс атқаруы маңызды рөл атқарады. Сондықтан алдағы реформалардың басты нысанға алатын мәселесі – тәуелсіздік мәселесі. Осы тұрғыдан алсақ, бұрын, Кеңес заманында соттардың қаржыландыруы, оларды тұрғын үймен қамтамасыз етілуі секілді тағы басқа мәселелерді атқарушы орган жүргізген. Мысалы, жергілікті жерлерде әкімдер болса, жоғары деңгейдегіні үкімет жүргізген. Кейіннен бұл істі Жоғарғы сот өз қолына алды. Яғни, Жоғарғы сот жанындағы сот әкімшілігі комитеті деп аталды. Бұл комитеттің төрағасы Жоғарғы соттың төрағасымен тағайындалады. Тіпті, судьяны жоғарғы соттың төрағасына тәуелді деген сын айтылып жүрді. Қазіргі таңда бұл дербес, өз алдына бөлек ұйымға айналды. Яғни, сот әкімшісі институты.

Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғауға бағытталған жұмысты қолдау бағытында жасалып отыр. Соңғы уақыттағы іргелі реформаның бірі – Конституциялық сот институты. Әрине, заңгерлер мен ғалымдар арасында қызу пікірталас бар. Бірі – оны сот жүйесіне жатқызса, екіншісі – сот жүйесіне жатқызбайды. Яғни, сотты билік органы деп танымайды. Әр тараптың өз уәжі, өз негіздемесі бар. Меніңше, бұл реформа – өте қажет реформа. Мысалы, Конституциялық сотқа дәл осы күні мыңнан аса азамат жолданған. Қазір соның тоғызы қаралған екен. Тіпті, күні кеше ғана салық кодексіне қатысты норманы құқықтық дау ретінде Конституциялық сот өндірісі қарады. Есептеуімше, бізде бір жылда 2 мыңнан аса іс қаралуы тиіс. Тәжірибе көрсетіп тұрғандай, бір жарым ай ішінде мыңнан аса жолдама түскен. Біріншіден, азаматтарымыз Конституциялық сотты сот жүйесінің бір құрамдас бөлігі, яғни соттың инстанциясы ретінде қарайтыны санамызға қалыптасып қалғанын көрсетеді. Өйткені көпшілігі соттың шешіміне көңілі толмағандықтан соның негізінде арызданған азаматтар.

Екіншіден, шынымен де елімізде қордаланып жатқан мәселе өте көп. Азаматтардың құқығы мен бостандығы қорғалу механизмі ретінде мемлекет тарапынан ұсынылған. Сот саласында бәрі әділетті шешім тауып жатса, Конституциялық сотқа жүгінуге неге соншалықты мүдделі? Демек, олардың тарапынан наразылық, қанағаттанбаушылық бар. Конституциялық соттың кемшілігі жоқ емес. Мысалы, Конституциялық соттың құрамы мемлекеттік тілді білуі талабын да ескеруі керек еді. Сонымен қатар, оның құрамында ғалымдар болуы тиіс.

– Бүгінгі құқықтық саясаттың іске асырылу барысы қалай?

– Бағана айтқанымдай, құқықтық саясат – құқықтық мәдениеттің құрамдас бір бөлігі. Құқықтық саясаттың соңғы бір жылдағы жұмысын бағалайтын болсақ, саяси реформаларға көбірек көңіл бөлінген. Яғни, конституциялық реформаларға көбірек мән берді. Мысалы, бұрын Парламент тек партиялық тізіммен сайланып келген. Осы жолы өзін-өзі ұсыну, яғни аралас сайлау жүйесін еңгізіп отыр. Бір жағы – пропорционалды жүйе, екіншіден – мажоритарлы жүйе. Мәселен, осы күні Парламент мәжілісінің 29 депутатты бір мандатты округтері бойынша сайланбақшы. Астана қаласы бойынша екі мандатқа 63 адам таласып отыр. Ал облыстық мәслихаттарға Қазақстан бойынша әрбір орынға үш жарым адамнан таласып отыр. Бұл – үлкен көрсеткіш.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл оның реформаларының бірінші айналымының нүктесі. Осы сайлауды дұрыс өткізетін болсақ, біраз өзгерістер болатыны анық. Оған қоса, Президенттің «Халық үніне асатын мемлекет» концепциясы бойынша, ауылдың, округтердің әкімдері сайлана бастады. Ал 2024 жылдан бастап ауданның әкімдері сайланбақ. Шынымен, егер халықтың таңдауымен сайланатын болса, біз Қазақстандағы мемлекеттік билікті децентрализациялауды аяқтаймыз. Децентрализация – әлемдегі конституциялық үрдістің үш негізгі бағытының біреуі. Оның бірінші бағыты – адам құқықтары мен бостандыққа бағытталған болса, екіншісі – саяси децентрализация. Үшіншісі, жергілікті демократияны дамыту. Әзірге, бізде осы үшінші сала қолға алынбай отыр. Егер жергілікті демократия жүзеге асса, сайлаудың бәрі әділетті өтеді. Құқықтық салада осыны қолға алуымыз керек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.