06-09-22 |
400 рет қаралған
Назарбаевқа сырттан да, іштен де ылғи қысым жасалды – Әбілязов.
Назарбаевқа сырттан да, іштен де ылғи қысым жасалды – Әбілязов

Мұхтар Әбіләзовтің «Орда» сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға берген сұхбатын кеше ғана қарадым. Мұнда ол саяси күресті бастаған уақыттан бергі негізгі оқиғалар, Назарбаевпен кездесулер туралы айтады. Ақша ұрлады деген айыптың қайдан шыққанын, көпшілік біле бермейтінін басқа да сұрақтарды түсіндіреді. Елге қандай жағдайда келетінін айтады. Әбіләзовті жақсы көру міндет емес. Бірақ оның айтқандарынан біраз нәрсеге қанығуға болады, деп жазды журналист Ержан Әбдіраманның телеграм каналында.

Сонымен қатар ол сұхбаттың қысқаша мазмұнын жариялады:

Менің 2001 жылдан бергі бүкіл іс-әрекетім, басымнан өткен оқиғалар – үздіксіз процесс, оны бөлек-бөлек қарауға келмейді.
Мені алғаш 2002 жылы қудалап, түрмеге қамады. Ол кезде бірнеше миллион долларды ұрлады деген болатын.
2009 жылғы айып та осындай. Тек ауқымы үлкен. Өйткені, менің іс-әрекетімнің ауқымы кеңейген болатын.

2001-ден 2005 жылға дейінгі оқиғалар және Ержан Тәтішев туралы

Ержан Тәтішев оқудың бітірген соң менің компанияма қарапайым қызметкер болып келді. Нұрлан Смағұлов екеуі жақсы жұмыс істеді. Мен оларға компания құрып, онда кіші әріптес болуды ұсындым. Ержан Тәтішевті ТұранӘлемБанктің басқарма төрағасы етіп өзім тағайындадым.

2004 жылы ол аң аулап жүріп өлген кезде банк акциясының 60 проценті менің, 30 проценті Ержанның, қалған аз бөлігі шетелдік банктердің меншігінде еді. Бірақ бұл ауызша келісім болатын. Құжат жүзінде 20 процент Тәтішевке, ал басым бөлігі менің бақылауымдағы шетелдік компанияларға рәсімделді. Мұның бәрі Назарбаевтан қорғану үшін, оның банкті тартып алуына жол бермеу үшін жасалды.

Ержан Тәтішев біздің партияның құрылтайшысы болды. Саяси жиындардың бәріне қатысатын. Мен жағдайға қарай әрекет етуді ұсынсам, Ержан режимді дереу ауыстыру қажет дейтін.
Мені қамауға алардан бірнеше күн бұрын үшеуміз Нұрлан Смағұловтың пәтерінде кездестік. Нұрлан саяси әрекетті тоқтатуды өтініп жалынды. Мен қамай берсін дедім. Сол кезде Нұрлан «Ержан, сен айтшы!» деді. Ал Ержан мені қолдады. «Мейлі, банкті күйрете берсін, аяғына дейін тұрамыз, елдің болашағы банктен маңызды» деді.

Мені қамауға алған соң банктің жағдайы қиындай бастады. Ержан түрмеге менімен кездесуге келді. Нұртай Әбіқаев оған «Әбіләзовті 15 жылға соттаймыз, ал сен мүлдем құрисың» депті. Ержан саясатпен айналыспауға уәде беріп, қағаздарға қол қоюымды сұрады. Қолы дірілдеп отырды. «Жақсы Ержан, банктегі барлық өкілетті саған берем. Банкті сақта» дедім және отбасымды аманат етіп тапсырдым. Сөйтіп, ол саяси іс-әрекеттен бас тартты.

Алайда, Ержан бизнесте стратегиялық ойлай білетін. Обалы не, түрмеден шыққан соң Мәскеуге менімен кездесу келгенде «Өтінем, маған ештеңе айтпашы. Сосын олар мені қысса бәрін айтып қоюым мүмкін. Мен қысымға шыдай алмайды екенмін. Одан да ештеңе білмей, тек бизнесімді жасап, саған есеп беріп қана тұрайын» деді.

Түрмеден босатқанда Назарбаев маған рақымшылық жасағысы келген жоқ. Оған сырттан да, іштен де ылғи қысым жасалды. Ол кезде Назарбаев мұндай қысымнан кейін белгілі бір әрекеттер жасайтын. Осылайша түрмеде отырған менімен ылғи келіссөз жүргізді. Бостандыққа шығасың, бірақ саясатпен айналыспайсың деген шарт қойды.

2005 жылдан бастап қысымның қайта күшеюі

Ержан Тәтішев 2004 жылы 19 желтоқсанда өлді. Мен Қазақстанға 2005 жылы 20 мамырда келдім. Соның алдында Назарбаев мені сөйлесуге шақырды. Мен оның әдіс-айласын жақсы білем. Бірден барсам, міне Ержан өліп еді, Мұхтар да келді деген әңгіме таратпақ. Бірақ банк менікі, сондықтан келуім керек. Келмес бұрын акционерлермен кездестім. Директорлар кеңесі мені кеңестің төрағасы етіп сайлады.

2005 жылы ақпанда Назарбаев мені тағы келіссөзге шақырды. Соның алдында Мәскеуде маған қастандық жасалған болатын. Әйелім «барма, өлтіреді» деп жылады. Ұзақ таразылай келе тәуекелге бел байладым. Мұның мен үшін қандай ауыртпалық болғанын өзге адам түсіне қоюы қиын.

Назарбаев сол күні таңертең АҚШ президентінің Каспий өңірі бойынша арнайы өкілі Систановичті қабылдады. Ал мен келісілген уақытта Болат Өтемұратовтың кабинетінде күтіп отырдым.
Бір кезде Назарбаев бірнеше күзетшісімен келді. «Міне, саған өзім түстім. Міне, қолымды беріп тұрмын. Давай, келісейік» деді.
Назарбаевтың мұндай нәрсе айтуы оның қатты қорқып отырғанын білдіреді. Себебі, содан бір жыл бұрын Украинада революция болды. Сарапшылар тарапынан келесі революция Қазақстанда болады деген болжамдар айтылды. Ал мен 2003 жылдан бері Қазақстанда революция ұйымдастырумен айналыстым. Қазақстанның демократиялық партиясы жұмысын жүргізіп жатты.

Назарбаев өзінің жауын, яғни мені бақылауда ұстағысы келді. Бұл кезде Мәскеуде тұратынмын. Ол маған Қазақстанға оралуды ұсынды. Жалғыз емес, отбасыңмен кел, бала-шағаң кепілдікте болады деп ашық айтты. Өзің банкте төраға болып жұмыс істейсің және банктің 50 процентін маған бересің деді.

Назарбаев жоспары – мені жанында ұстау ғана емес, біртіндеп банкті тартып алу, ал қиқаңдасам түрмеге қамай салу еді. Осылайша, банкті беруді талап ете бастады. Мен акциялардың 50 проценттен көбі Ержанның әйелі Анардың бақылауында, мен тек менеджермін деп алдаумен болдым. Анар Австрияда тұратын, мен онымен Қазақстанға барарда менімен ақылдасуды келісіп алғам.

Назарбаевпен әңгіме шамамен былай болды. «Тәтішевтің әйелі қанша сұрап отыр?» деді ол. «500 млн доллар, өйткені банк 3 млрд доллар тұрады». «Бұл көп, тартып алу керек». «Өйтсек, Анар халықаралық сотқа береді, сөйтіп банк күйрейді». «Онда өзің төле». «Менде ондай ақша жоқ». Назарбаев президент іс басқармасының басшысы Владимир Ниді шақырды. Сөйтіп, екеуміздің көзімше Владимир Кимге мынаған 500 млн доллар беріңдер деді. Ким құп, орындаймыз деді. Бірақ іс созылып кетті.

Тек бір жылдан кейін 500 млн доллар жиналғанын айтты. Ал мен «Анар енді 500 млн емес, 1,5 млрд сұрап отыр» дедім. «Қалайша?» «Өйткені, осы уақыт ішінде банк дамыды, капитал өсті, акционерлер тапқан пайданы қайтадан банкке құйды, сонымен қазір банк қазір 6 млрд доллар тұрады». «Неге сен мұндайға жол беріп отырсың?» «Мен менеджермін, бәсекелестер бар, сондықтан тиімсіз жұмыс істей алмаймын».

Бұл 2007 жылдың ақпаны болатын. Назарбаев қатты ашуланды. 1 сәуірге дейін 50 процентті маған рәсімдейсің, әйтпесе тартып аламыз деп ультиматум қойды. Мен мұның аяғы банк дағдарысына апарады, өйткені, кредиторлар 16 млрд доллар займды дереу қайтаруды талап етеді дедім. Өздерінің қаржы консультанттарымен кеңескен соң олар бұл сөзімнің рас екеніне сенді.

ТұранӘлемБанктің күйреуі, Әбіләзовтің шетелге қашуы

Әйтсе де, 2009 жылы шабуыл басталды. Өкімет банктің жағдайы тұрақсыз деп мәлімдеді. Бірнеше компания біздегі депозитін алып Халық банкке салды. Олардың бәріне осындай нұсқау берілді. Мысалы, Қазақмыс 30 млн доллар депозитін бізден алып, Халық Банкке салды. Бізбен жұмыс істейтін бір кореялық компанияның басшысын Ни шақырып, Әбіләзовтің көзі құриды депті.

Кешегі сыйлас адамдарым, достарым теріс айнала бастады. Бұрын менде департамент директоры болып жұмыс істеп, кейін қаржылық бақылау агенттігінің төрағасы болған Арман Дунаев көзіме тура қарамай, қашқақтайтын болды. Олардың бәріне мені құрту туралы команда берілгені анық еді. Биліктің әртүрлі деңгейіндегі адамдар өкіметтің жоспары туралы мәліметтер жіберіп отырды. Соның арқасында мені ұстаудан екі күн бұрын елден кетіп үлгердім.

Осылайша, мені ақшасыз қалдыру, яғни күрес жүргізуіме мүмкіндік бермеу үшін Назарбаев банкімді тартып алды. Ал өзімді құртып үлгере алмады.

Әбіләзов ТұранӘлемБанктен 6 млрд доллар алып кетті ме

Менің 2001 жылдан бергі бүкіл іс-әрекетім, басымнан өткен оқиғалар – үздіксіз процесс, оны бөлек-бөлек қарауға келмейді.
2002 жылы түрмеге қамағанда бірнеше миллион долларды ұрлады деген болатын. 2009 жылғы айып та осындай. Тек ұрлады деген ақша бірнеше миллиардқа жетті. Өйткені, менің іс-әрекетімнің ауқымы кеңейген болатын.

Бұл үздіксіз жалғасып жатқан күрес. Тек адамдар бәрін білмейді. Олар бір сегментті ғана көреді, бірақ тұтас тізбекті көре алмайды.

Мен банктің кассирін шақырып, миллион долларды маған аудар дей алмаймын. Ақшаны өз компанияларыма кредит беру арқылы шығару? Біріншіден, оның өз процедурасы бар: заң департаменті, кепіл жүйесі, сақтандыру жүйесі, кредит комитеті жұмыс істейді. Әшейін кредит ала салу мүмкін емес.
Екіншіден, саясатқа қатысы бар банкті Қаржылық бақылау агенттігі әйтеуір бірдеңе табу үшін ылғи тексеріп отырады. Үшіншіден, халықаралық аудит бар, ол басқа жерде емес, біздің кеңседе отырды және күнделікті мониторинг жасаумен болды.

Әкежан Қажыгелдин туралы

Оппозиция дегеніміз билік үшін күресетін, қазіргі режимді ауыстыру мақсатында ұйым құратын адамдар. Қажыгелдин мұндай іспен айналысып отырған жоқ. Керісінше, соңғы сұхбаттарының бәрінде ол Тоқаевты қолдап жүр. Сондықтан мен оны оппозициялық саясаткер деп есептемеймін және онымен біріге алмаймын.

Қажыгелдин ақылды адам. Ол да мен сияқты Қазақстанда тұрмағанмен, елдегі жағдайды жақсы біледі, дұрыс және тез қорытынды жасайды. Бірақ ол өтірік айтады. Бұрын Назарбаев дана адам, тек қателік жасайды деген, қазір Тоқаев дипломат, оған уақыт беру керек дейді. Бұл өтірікті ол мақсатты түрде айтады.

Бажкенова: Сіз билікке келеді деген ой мені шошытады, өйткені көршілердің бәрімен ұрсысып қалуыңыз мүмкін

Мен министр болдым. Ешкіммен ұрсысқам жоқ. Ресейдің энергетика саласын Анатолий Чубайс деген кісі басқарды. Тоқаев одан сескенетін. Кезекті келіссөз алдында оны сыртта күтіп тұрды. Сені және мемлекетіңді сыйлауы үшін қалай сөйлесу керектігін мен оған дәл сол жиында көрсеттім. Чубайс бүкіл елдің көзінше «Мұхтар Қабылұлы, сіздің мына мінезіңіз маған ұнамайды» деді. Мен оның сөзін бөліп: «Анатолий Борисович, сіз кіммен сөйлесіп тұрғаныңызды ұмытып қалдыңыз білем. Мен сіздің орынбасарыңыз емеспін. Мен көрші елдің министрімін» дедім. Ол бірден «Кешір, Мұхтар Қабылұлы, менікі дұрыс емес» деді. Мен оны құрметтеймін. Өйткені, ол қабылданған тәртіпті бұзды, бірақ бірден қателігін мойындады. Ары қарай қарым-қатынас түзелді. Ал Тоқаев менің үстімнен Назарбаевқа шағым айтып барды.

Тағы бір мысал. АҚШ-тың елшісі Элизабет Джонс бір жиында бізге елдің энергетика саласына қалай реформа жасау керектігін үйрете бастады. Энергетика реформасының авторы мен болатынмын. Ол энергетика саласының маманы емес, ал Қазақстан энергетикасын тіпті білмейді. Орнымнан тұрып, «Джонс ханым, егер Қазақстанның елшісі АҚШ-тың министрін осылай ақыл айтса, министр оны қалай қабылдар еді?» дедім. Мұнымен АҚШ-пен қарым-қатынасымыз бұзылған жоқ, керісінше өзара құрмет арта түсті. Өйткені, олар мені өз елінің егемендігін қорғайтын профессионал ретінде қабылдай бастады.

Ешқашан министрмен сөйлеспейтін, бірден Назарбаевтың кабинетіне баратын ТеңізШевройл басшыларының да бізді осылай құрметтеуіне қол жеткіздім. Оларды бізде отырып, біздің министрлікпен жұмыс істеуге мәжбүрледім. Бұл ұрыс та, компромисс те емес. Бұл – мемлекеттің мүддесін қорғау. Мықты мемлекетті оның мүддесін қорғай алатын мықты адамдар құрады.

Сіз шошимын дейсіз. Онда мемлекеттің тәуелсіз әрі мықты болуын, оны мықты лидерлер басқарғанын қаламайсыз деген сөз. Яғни, осы уақыт ішінде көнбістікті, бәріне төзіп тірлік етуді сүйегіңізге дейін сіңірген деген сөз.

Ұрлық, коррупция, қылмыс бәріне төзсеңіз, қазіргідей батпақтап жүре бересіз. Ал мен үздік стандарттарды үлгі етсек деймін. Үздік стандтарттар коррупцияға төзбейді. Мен коррупцияға, құлдыққа төзбеймін. Біздің ұлт әлсіз болғанын қаламаймын. Бұл жаман ба? Мұны айтқаным үшін неге мен оппозицияда болуым керек? Еркін және қауіпсіз елде өмір сүру, жетістікке жетуге мүмкіндік алу – кез келген адамға табиғи нәрсе.

Егер билік баршаға осындай жағдай жасаса, онда мен соның ішінде болар едім. Ғылыммен немесе бизнеспен айналысар едім. Ал саясатқа мен еріксіз келдім. Өйткені, өз көзқарасымды қорғау керек болды.

Мен күрес тәсілін өзгерте алам ба?

Режим өзгерген жоқ. Ол диктаторлық сипатта қалды. Демократия жоқ. Партия құру мүмкін емес. Елге келсем қамауға алады.
Маған тағылған айыпты алып тастаса, сөйтіп келіссөзге жағдай жасаса, онда елге келуге дайынмын. Бірақ Тоқаев өйтпейді. Керісінше, Франция президенті Макронға мені беруді сұрап, түрмеде менің жағдайым жақсы болатынын айтып 250 беттік петиция жолдады. Тоқаев менің интеллектуалдық деңгейімді жақсы біледі. Сондықтан мені дұшпан санайды.

Менің мақсатым – қазіргі режимді құлатып, демократиялық қоғам құру.
Бұл іспен мен айналысып келем және айналыса берем. Режим құлаған соң, партиямды тіркеп, сайлауда жеңіске жетсем, сөйтіп премьер-министр қызметінде өкіметті басқарсам деймін. Біздің елде президент лауазымы болмауы керек деп санаймын.

Біз сыртқы саясатта әлемнің жетекші елдерін – АҚШ пен Еуропаны бағдар етеміз. Өркениет, ғылым, үздік жетістіктер – бәрі сонда. Біз ең үздік және ең мықты елдерден үйренуіміз керек.

Күшті мемлекет құрудың белгілі технологиялық жолы, тізбегі бар. Сол жолмен жүргенде ғана біз Ресей әскер кіргізе ме, Қытай басып ала ма деп қорықпайтын, алпауыт елдердің ортасындағы Израиль сияқты мемлекет құра аламыз.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.