19-07-22 |
1160 рет қаралған
Алаш автономиясы жарияланды ма?.
Алаш автономиясы жарияланды ма?

Тарихшы Сәбит Шілдебай «Алаш автономиясы жариялаған да жоқ, құрылған да жоқ» деп көзқарасын айтып, facebook парақшасына көлемді жазба жариялады. Онда тарихшы «құрылтай», «съезд» сөздеріне қатысты пікірін айта келіп:

«Енді, «АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ» деген мәселеге келсек, ешқашан мұндай автономия жарияланған емес! 5-13 желтоқсандағы Екінші бүкілқазақ съезінде Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылданғанымен, оны құру әрі жариялау мәселесі шешілмеді. Яғни, ол кейінге қалдырылды. Съезд 54 адамнан тұратын Алаш­орда атты үкімет құрып, Түркістан автономиясы құрамындағы Жетісу және Сырдария облыстарының қазақтары қосылған жағдайда Алаш автономиясын жариялаймыз деген шешімге келді.

Бұған Т. Жұрбай, С. Аққұлұлы, Б.Қойшыбаев сынды бірқатар тарих әуесқойлары дауласуы мүмкін, бірақ, өзін-өзі сыйлайтын бірде-бір кәсіпқой тарихшы дау айтпайды деп ойлаймыз», – деп жазады.

Мұндай даулы көзқарастар арагідік көрініп тұрады. Бірақ Сәбит Шілдебайдың жазбасы өзге тарихшылар тарапынан үнсіз қабылданған жоқ. «Айқын» газетінің сайтында тарихшы Дихан Қамзабекұлының көлемді мақаласы шықты. Мақалада тарихшы Алаш автономиясының құрылғанына, жарияланғанына, өмір сүргеніне деректер келтірген. Және «автономия құрылмады, жарияланды» деген көзқарастарға деректер келтіре отырып:
«Сондай-ақ біз кезінде «Хандық биліктен Президенттік республикаға дейін» атты монография жазған танымал заңгер-профессор, экс-сенатор Еркеш Нұрпейісовтің: «Мемлекет пен құқық теориясы тұрғысынан қарап, ІІ жал­пықазақ съезін – мемлекеттік құрылтай жиын деп, ал оның қаулыларын – ле­гитимді автономиялық республика фор­масындағы Қазақ мемлекетінің құры­луы деп байыптауға толық негіз бар. Ал та­рихшыларға қажетті «ресми жарияла­ну» – ақпараттық қана мәнге ие нәрсе, сондықтан оның ешқандай заңдық күші жоқ. Себебі жалпықазақ құрылтайы (съезд) қаулыларының ғана заңдық мәртебесі бар», – деген мемлекетшіл салиқалы пікірін толық қуаттаймыз», – деп жазады.
Ал Дихан Қамзабекұлы мақаласында келтірілген дәйектер мынадай:

Алаш автономиясының ресми де, бейресми де рәсімделгенін және қызмет үдерісін дәлел­дей­тін дәйексөз бен пікірлердің бір парасын оқырман назарына ұсынайық:
Автономияға дейінгі Алаш пікірі: «Русияда осы күні автономияны, яки өз билігі өзінде болуды алмаймыз деген халық жоқ. …Автономияны біз үндемей отырып қолымызға алуға жақындадық» («Са­ры­арқа» газеті, 29.09.1917 жыл, №15).

* * *
Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай: «Екінші жалпы қазақ-қырғыз сиезі Алаш баласын біріктіріп, өз алдына автономия етуге қаулы қылды» («Қазақ» газеті, 28.12.1917 жыл, №255).

* * *
Әлихан Бөкейхан (1917 жылы шілдеде Алаш партиясын құрардағы ойы): «Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз Алаш ұранды жұрт жиылып, Алаш авто­номиясын тікпек болдық» («Қазақ» газеті, 23.12.1917 жыл, №256).

* * *
Ғұмар Қараш: «Қазақ баласы Алаш туы астына кіріп, автономия алып отыр» («Ұран» газеті, 31.12.1917 жыл, №20).

* * *
Әлімхан Ермекұлы: «Алаш автоно­миясына Құран оқылып, ат қойылғанда қазақ сиезіне ел ішінен келген қария-ақсақалдардың еңіреп жылағаны болып еді: «бұл күнді көрген енді біздің арманымыз жоқ» деп («Сарыарқа» газеті, 22.01.1918 жыл, №28).

* * *
Ғұмар Қараш: «Сиез қаулысының бай­лауы – әуелі қазақ былайғы жұрттардай өз тізгіні, өз билігі өзінде болатын айырым автономиялы ел болуы» («Ұран» газеті, 16.02.1918 жыл, №24).

* * *
Тұңғыш Алаш жастары газетінің бірінші санындағы мақала: «Жасасын Алаш автономиясы!» («Жас азамат» газеті, 30.07.1918 жыл, №1).

* * *
Сібір үкіметінің министрі Михаил Шатилов: «Алашорданың автономиясын Сібірдің облыстық Думасына қабылда­тамын!» («Жас азамат» газеті, 01.09.1918 жыл, №5).

* * *
Тұңғыш Алаш жастары газетінің «Он үшінші декәбір» атты автономияның 1 жылдығына арнаған мақаласы: «Ақ орда тігіп, алтын ту көтеріп, автономиялы жұрт боламыз деген күн» («Жас азамат» газеті, 26.12.1918 жыл, №17).

* * *
Ғаббас: «Қазақ-қырғыздың уақытша хүкіметі – Алашорда да Алаш қаласына келіп, Алаш автономиясын жариялағаннан кейін қазақ-қырғыз балалары бағынған хүкіметіміз осы деп сеніп, ант беріп, басқа хүкіметті танымай, өз хүкіметінің әмірін екі қылмай орындау керек» («Сарыарқа» газеті, 22.01.1918 жыл, №28).

* * *
Алашорданың 1918 жылы 24 маусым­дағы қаулысы («Об отношении к законо­дательству Советской власти»): «Все декреты, изданные Советской властью на территории автономной Алаш, признать недейст-вительными».

* * *
Әлихан Бөкейхан (1918 жылы 25 қыркүйекте Уфадан жолдаған телеграмы): «Құрылтай уәкілдігінің комитеті Алашты автономиялы жұрт деп таныды. Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар. Алаш – Русиядағы одақтас мемлекет­тер­дің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкіне керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қан­шама болсын, қарыздануға қорғанбаңдар. Жетік, білікті қару алсын. Алаш әтретінің Орал, Торғай бөлімдерінде әскер жасау жұ­мысы жалғассын. Оралда қазақ әпет­сер­лерін шығармақпыз» («Абай» журналы, 25.09.1918 жыл, №10).

* * *
«Кіндік хүкімет» атты мақала: «Мем­лекет кеңесінде жалпы Русияға кіндік хүкімет сайланды. Кіндік хүкіметке бес-ақ кісі кірген… Бұл хүкімет жалғыз-ақ Құ­рылтай (Учредительное собрание) алдында ғана жауапкер. Басқа ұйымдарға атқарған ісінен, Құрылтай жиылғанша, есеп-жауап та бермек емес және де хүкіметке кірген кісі орнынан да түспек емес… Алаш Орданы хүкімет деп, Алашты автономиялы жұрт деп мемлекет кеңесі таныды. Енді Сібір хүкіметі танымасына жол жоқ» («Абай» журналы, 12.10.1918 жыл, № 11).

* * *
Алаштың облыстық съездері мате­риалдарын шолсақ, «Автономия туралы», «Автономия жайы», т.б. мемлекетшілдік ұғымдар анық жазылған.

* * *
Алашорда (үкімет) шығарған қаулы­ларда да «Алаш автономиясы» деп айқын жазылған. Мысалы, 24.06.1918 жылы
Ә.Бө­кейхан, М.Тынышбайұлы, Х.Ғаббасұлы қол қойған қаулының аты – «Алаш авто­номиясының территориясында уақытша жер пайдалану тәртібі».

* * *
Академик-тарихшы, алаштанушы Кеңес Нұрпейісовтің «Алаш һәм Алашорда» атты монографиясында (Алматы, «Ататек» баспасы, 1995) «Мемлекеттік құрылым ретінде Алаш автономиясының ұйымдасуы», «Алаш автономиясының үкіметі – Алашорда», «…қазақтардың жарияланған автономиясы» (соңғысында ғалым орыс мәтініндегі «автономияны» осылай түсінік бере аударыпты), т.б. тезистер бар.

Тарихшы осындай дәйел-дәлел келтіре отырып, қортынды сөзінде:

«Мұны неге қазбалап отырмыз? Бұ­йырса, келесі жылы Мемлекет басшысы идеясымен жазылып жатқан жаңа 7 том­дық «Қазақстан тарихы» аяқталады. Сонда «Алаш автономиясы жарияланған жоқ» деп, масқара болып қалмаймыз ба?.. Біз Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты дәл осы Алашқа қатысты томда елдік биіктен көрінеді деп сенгіміз келеді.

Сонымен бірге Алаш кезеңін зерттеп жүрген бірсыпыра шетелдік ғалымдар ХХ ғасыр басында шыққан қазақ тіліндегі газет-журнал материалдарын місе тұтпай және белгілі деңгейде астамшылық көз­қараспен «Алаш автономиясы жария­лан­ған жоқ!» немесе «Алаштың мемлекеттілік нышаны, рәмізі болған емес» деп жазуды үрдіске айналдырып барады. Ал енді осындай пайым өз ішімізде айтылғанда, «Көзі қарайған там сүзедінің» кері ме деп қаламыз.
Кез келген мәселе бойынша пікір, көзқарас толығып байыпталады, сарап­талып жетіледі. Қазақ елі мемлекетшіл­дігінің аса қиын да жауапты кезеңі – Алаш автономиясы туралы ой да нақтыланатын уақыт әлдеқашан келді.

Халқымызда «Қырсыққанның иті қырын жүгіреді» деген ата сөз бар. Дәйек көрсетіліп, дәлел алға тартылып жатса, ең бастысы мұның бәрі елдік пен мем­лекеттілік құндылықтар арқауын үзбеуге бағытталса, «бірдің кесірі – мыңға» ұла­сатын қаупі барын ұмытпалық» дейді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.