04-08-24 |
12970 рет қаралған
Баспагер өзіне қоқан-лоққы жасалып жатқанын айтты.
Баспагер өзіне қоқан-лоққы жасалып жатқанын айтты

Баспагер Бақытжан Бұқарбай өзіне қоқан-лоққы жасалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, «Қазақтарды басқару туралы» кітапқа қатысты туындаған әлеуметтік желідегі даудан соң, кітап саудадан алынып тасталғанына қарамастан, қоқан-лоққы толастамай тұр.

Заңгерлермен ақылдасып жатырмын. Өйткені мен өзімді, отбасымды, кәсібімді заң аясында қорғайтын боламын. Үйімді күні-түні полиция патрульдейтін болды. Бұл шешімді қабылдаған биліктегі азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Адекватты реакция танытып, қолдау білдіріп жатқан оқырмандарыма да ризашылығым шексіз. – деді Бақытжан Бұқарбай.

Еске салайық, «Қазақтарды қалай басқару керек?» атты кітап желіде дау тудырған болатын.

Кітап дүкен сөрелерінде сатылып тұрғаны жайлы белгілі блогер, медиа продюсер Нұрқожа Ерсайын айтты.

Достар, мынау не енді? Қараңыздаршы. Тура Алматының төрінде «Как управлять казахами?» деген кітапты қойып қойыпты. Кітаптың қысқаша тарихын айтып берейін. Бұл бәріне белгілі кітап. Иван Кириллов деген оңбаған кісі 1734 жылы шығарған, яғни қазақтар жоңғарлардың әсерінен құлдырап, Ресейге қосыла бастаған кезде Иван Кириллов деген адам осы кітапты жазып шыққан. Мұны сыртының өзінде жазып қойған. Қазақ пен қырғыз руларын бір-бірінен бөлу, ажырату арқылы оларды бағындырып, оларды тізе бүктіріп, Ресейге бағындырудың тікелей нұсқаулығы. Сол кітап енді сатылып жатыр. Суретінде де бір хан орыс офицерлерінің алдында бас иіп, бағынып жатыр, – дейді блогер.

Дизайнер, сәулетші Елзат Мұқашевтің сөзінше, кітапты сөреден көрген адамдар оны суретке түсіріп, мазақ еткендей болған.

Осыны сатуға рұқсат берген адамның намысы бар ма деген сұрақ туады, – дейді Мұқашев.

Нұрқожа Ерсайынның сөзінше, кітап туристер көп тоқтайтын жанармай құю бекетінің дүкенінде сатылып тұрған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.