25-10-23 |
780 рет қаралған
Еңбек дауы заңды елемеуден туындайды.
Еңбек дауы заңды елемеуден туындайды

Еңбек дауларының алдын алу мақсатында қолға алынып жатқан шаралар ауқымды. Құқықтық, зайырлы қоғамда әр еңбек, кез келген қызметке лайықты ақысы төленуі тиіс. Азаматтардың еңбек құқығы қорғаулы міндетті. Осы талаптарды орындау үшін еліміздегі барлық құзырлы орындар белсенді жұмыс жүргізуде. Ел Үкіметі азаматтарды толық жұмыспен қамту, жұмыссыздарды кәсіпке баулу, еңбекақыны көтеру, жұмыс істеуге жайлы орта қалыптастыру бағытында көптеген бағдарлама, стратегиялық жоспарларды жүзеге асырып келеді. Жергілікті әкімдіктер де бұл шарадан шет қалмай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, іс бастайтын, кәсіп үйренімін деген тұрғындарға мейлінше көмек қолын созып отыр. Еліміздің прокуратурасы бұл игіліктерді халықтың көруін, заңнама талаптарының сақталуын қадағаласа, сот құрылымы заңсыз істерді әділ, сапалы шешуге күш салуда.

Сонымен қатар, біраз уақыттан бері жұмыс берушілер мен кәсіподақтар бірлесіп «Еңбек келісімшартын жаса!» деген жалпыхалықтың акцияға да мұрындық болды. Бұл акцияның негізгі мақсаты барлық еңбек ортасында жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек қарым-қатынасын заңдастыруға бағытталған. Өйткені, еңбек келісімшартында жұмыс беруші мен жұмысшының құқығы мен міндеттері толық көрсетіледі. Ал мұндай құжаттың болмауы қарапайым еңбек адамдарының жасаған жұмысына сай жалақы ала алмауына әкеліп соғады.

Қазақстанда еңбек дауларын заңдық шешудің толық тетігі жасалған. Бұл жерде мынаны ескеру керек. Егер азаматтар еңбек келісімшартын жасап барып жұмысқа тұрса, осы шартты басшылыққа ала отырып, жұмыс беруші орындамаған, талапқа сай орындамаған міндеттемелер бойынша өз құқығын қорғауға болады. Ал келісімшарт жасамай жұмыс істегендердің жағдайы не болмақ?

Алматы қаласы еңбек инспекциясының маманы Эльвира Алдабергенованың айтуынша, еңбек келісімшартын жасамай жұмысқа араласқандардың құқығын қорғау әлдеқайда қиынырақ. Мұндай азаматтарға жұмыс істегенін дәлелдеу оңайға түспейді. Тіпті жанында бірге жұмыс істеген адамдардың өзі жұмысынан шығып қаламын деген қорқынышпен куәгерлік етуден бас тартатын жағдайлар кездеседі. Сондықтан, әркім өз құқығын қорғауы тиіс. Дегенмен, өзіне қатысты еңбек заңнамасы талабы бұзылғанын дәлелдегендер, өз құқығын қорғауға қол жеткізеді. Өйткені, Еңбек кодексінің 33-бабында адамды жұмысқа жіберу еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жүзеге асатыны көрсетілген. Сәйкесінше жұмыс беруші еңбек шартын жасау керек екенін біле тұра жасаған немесе тиісті түрде ресімдемеген жағдайда, заңда белгіленген тәртіппен жауапөа тартылады. Бұл жағдайда еңбек қатынастары жұмыскер жұмысқа нақты кіріскен күннен бастап туындады деп танылады.

Осы ретте есте ұстарлығы, қызметте еңбек дауы туындаса, қызметкер құқығы бұзылса мұндай іске бірінше араласуы керек тұлға ол – Мемлекеттік еңбек инспекциясы. Осы мекеме мамандары қызметкерлерден түсетін шағымдармен жұмыс істейді. Жалпы бұл құрылымға мейлінше еңбек алаңындағы жұмысты дұрыс үйлестіріп, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы шиелінстің алдын алу, түйткілге жол бермеу мәндеті жүктелген. Соған орай еңбек инспекциясы Қазақстан Республикасындағы еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын бақылап, қауіпсіз еңбек жағдайларын қаматамасыз ету, жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету; жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарау бағытында ауқымды іс-шаралар жүргізеді.

Ал енді қазіргідей жекелеген еңбек даулары туындағанда алдымен келісу комиссияларына бару міндеттеледі. Еңбекке балйнасты заңсыздықтармен бетпе-бет келмегендер келісу комиссиясының жұмысынан бейхабар болуы мүмкін. Жалпы мұндай ұйым жұмысшылар саны көп, үлен мекемелерде құрылып, жұмыс істеуде. Ал енді шағын мекемелерде дау туындағанда келісу комиссиясын құру міндет. Бұл комиссия жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдерінен тұрады. Комиссияға екі тараптан теңдей өкіл енеді. Әрі олар қарауына түскен арызды міндетті түрде тіркеуі тиіс. Дау өтініш берушінің қатысуымен немесе өкілінің қатысуымен қаралады. Кейде өтініш беруші жазбаша келісім беріп, дауды өзінің қатысуынсыз қарауды сұрауы мүмкін. Мұндай өтініш болған жағдайда, дау өтініш берушіні қатыстырмай өтеді. Осы ретте келісу комиссиясы ұзаққа созбай, өтініш түскен сәттен бастап он бес жұмыс күн ішінде қарауы тиіс. Келісу комиссиясының да құзыреті мықты. Бұл бірлестік жасаған ұйғарым, шығарған шешім де белгіленген мерзімде орындалуы міндет. Ал комиссиясы шешімі діттеген мрзімде орындалмаған жағдайда, жұмыскер немесе жұмыс беруші сотқа жүгінуге құқылы. Сондай-ақ, келісу комиссиясы шешім шығармаған кезде де тындаған мәселемен сот айналысады.

Тағы бір ескеретін жағдай, жұмыстан босату туралы еңбек дауларын қараудың шекті мерзімі бар. Айталық жұмысшының өзін жұмыстан босату туралы бұйрық шыққаннан кейін жұмысқа тұруды қалпына келтіру, бос жүрген мерзіміне ақы төлеу туралы шағымын комиссия бір ай ішінде қарауы шарт. Ал басқа еңбек даулары бойынша жұмыскер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс күннен бастап бір жыл ішінде шағымдана алады.

Жұмысшыларға төленетін өтемақы көлеміне қатысты да дау аз кездеспейді. Еңбек кодексінде көрсетілгендей, жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шарты бұзылса, сондай-ақ мекемедегі ішкі жағдайға орай жұмыскерлер саны қысқарғаны үшін келісімшартты басшы тоқтатқан жағдайда, жұмыс беруші қызметкерге міндетті түрде өтемақы төлейді. Сондай-ақ өтемақы жұмыс беруші еңбек шартында өзіне бекітілген міндеттемені орындамаған жағдайда жұмысшының талап етумен өтемақы төленеді.

Жалпы елімізде еңбек дауларын қарау бойынша бірыңғай сот тәжірибесі қалыптасқан. Оның тәртібі Жоғарғы Соттың бастамашылығымен дайындалған нормативтік қаулыда жан-жақты дәйектелген.

Еңбек заңнамасында аналар мен балалардың құқығын қорғауға да айрықша мән берілген. Соған сәйкес, жұмыс беруші жүктілік мерзімі он екі аптадан асқан әйелдердің еңбек шартының мерзімін ұзартуға міндетті. Мұндай жеңілдік баласы үш жасқа толмаған, бала асырап алған және бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалысқа шыққан аналарға да қолданылады. Сондай-ақ, балалар мен зейнет алдындағы азаматтардың да құқығы Еңбек кодексінде толық қорғалған. Бұл мемлекеттің еңбек етуге ынталы азаматтарды қолдаутынын көрсетеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.