20-12-18 |
16880 рет қаралған
Садақа беріп сауап аламын деп жүріп айыппұл алмаңыз….
Садақа беріп сауап аламын деп жүріп айыппұл алмаңыз…

Кісі аяғы басылмайтын жерлерде алақан жайып, қайыр тілеп тұрғандарды көру алып шаһардағы күнделікті көз үйренген көрініс. Әлбетте, адам баласы бұл қадамға саналы һәм ерікті түрде бара қоймас. Қол-аяғы сау, жұмысқа жарамды болса, садақа сұрап несі бар. Екі қолға бір күрек тауып, әрекетін жасаса, Құдай берекетін бермей тұрмайды.

Тек, осыған мүмкіндігі болмаған соң (денсаулық жағынан және басқалай себептермен) барып, еріксіз елден көмек сұрайды. Біз осылай ойлаймыз. Ал, оларға қайыр беру әрі адамшылық, әрі сауапты іс. Мұны ұлтымыз да, ғұрпымыз да, дініміз де құптайды.

Шакир Хахазов
Шакир Хахазов

Бірақ, мұны мәжілісмендеріміз құптай бермейтін секілді. Тіпті, оларға салсақ, көшеде алақан жайғанның бәрі қайыршы емес, керісінше біреулердің «табыс көзі». Олай дейтініміз, жақында Мәжіліс депутаты Шакир Хахазов тосын мәлімдеме жасады. Көз салып көрелік. «Астанада тәртіп ең бірінші кезекте қадағалануы тиіс болса да, бұл проблема елорданы да айналып өтпеді. Қаланың оң жағалауында ересектер мен кішкентай балалар – көрші елден келген мигранттар мен өз азаматтарымыз қайыр тілеп жүреді. Оның үстіне кей адамдардың арбаға таңылған мүгедектерді «қайыр тілеу нүктесіне» әкеліп отырғызып, кешке таман түскен ақшаның бәрін алып кететіні алаңдатады. Олар қайыршылықты бизнеске айналдырған топтар. Құқық қорғау органдары бірден мұндай фактілердің жолын кесуі керек», – деі халқы қалаулысы Шакир Хахазов.

Сондай-ақ, депутат 2015 жылы ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне қайыр тілегендерге айыппұл салатын норма енгізілгенін, соған қарамастан одан бері қайыр сұрау азаюдың орнына, керісінше көбейіп кеткенін тілге тиек еткен-ді. Мәжілісменнің меңзеп отырғаны аталмыш кодекстің 449-бабы (Қоғамдық орындарда тиісу) болса керек. Онда «Қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру – жеке тұлғаларға ескерту жасауға не бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» деп көрсетілген. Ал, осы әрекет бір жыл ішінде тағы қайталанса, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады не бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады. Шакир Хахазовтың «қанағаттанарлықсыз» баға беріп отырғаны осы бап болса керек.

Осы себепті депутат өзінің ұсынысын жасапты. «Үй-күйсіз адамдар мен қайыршылардың көбі өмірден қиналғаннан соң бейәлеуметтік өмір салтын ұстанып жүрген жоқ. Олар жалқаулықтан, арқа сүйеушілік көзқарастан, қоғамның белсенді мүшесі болғысы келмегендіктен сондай жолға түсіп отыр. Сондықтан, жанашыр азаматтар оларға қайыр беру арқылы үлкен қателік жасайды. Осылайша, өздері арамтамақтыққа қолдау көрсетеді. Біздің берген садақамыз оларды аздырады. Бұл ретте қайыршыларға емес, оларға садақа беретіндерге айыппұл салатын шет мемлекеттер тәжірибесін үлгі ету керек», – деді Шакир Хахазов.

Депутаттың сөздерін түгелімен жоққа шығаруға болмас. Мәселен, қайыр тілеушілердің «қолымен» жұрттан ақша жинап отырған топтар турасындағы айтқанын. Халық қалаулысына қосыла алмайтын тұсымыз, қайыр бергендерді жазалау қажеттігі жайлы ұсынысы. Бір кездері пара алғандармен қатар бергендерді де жазалау туралы норма енгізілгені есте. Алайда, одан парақорлық, жемқорлық жойылғаны шамалы. Бұл да іске асса соның кері болмақ.

Садақа беріп сауап аламыз деп жүріп айыппұл алмасақ жарар еді…

 

Кәрібай ТАСШАБАЕВ, адвокат:

– Әкімшілік кодекске қайыршылыққа жаза енгізілген болатын. Бірақ, ол ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Өйткені, полиция бұл бағытта дұрыс жұмыс істемейді.

Ал, енді депутаттың қайыршыларға садақа бергендерді де жазалау керек деген ұсынысына келсек, мен бұған түбегейлі қарсымын. Адамды қайырым жасағаны үшін жазалау ақылға сыймайтын нәрсе. Әлем елдерінің қай-қайсысын алсаңыз да, қайырымдылық жасағаны үшін адам жазаланбайды, қайта онысы оң қабылданады. Біздің қоғамда да сондай. Қиын жағдайға тап болған адамдар еріккеннен елден қайыр-садақа тілемейді. Денсаулығында кінәраты бар, не мүгедек, қолы жоқ немесе көзі көрмейтін жанға жанашырлық танытып, садақа беріп сауап алудың орнына жаза арқаласаң не болғаны. Бұл әлемде жоқ, күлкілі нәрсе.

Иә, Тараздан, Шымкенттен қайыршыларды әкеліп әр жерге қойып қайыр тілетіп, сол арқылы бизнес жасап отырғандар жоқ емес. Бұған тосқауыл қою керек. Алайда, бұл жерде де әңгіме полицияның жұмысына келіп тіреледі. Жолдауын жариялаған кезде Елбасы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты тұрғызып қойып, ауылдан келген адамды ешқандай сынақсыз, дайындықсыз қабылдап, үстіне формасын кигізіп полиция қыла саласыңдар, ал олар қалай жұмыс істеуді білмейді, қалтасына бірдеңе салып берсе, көшедегі келеңсіздіктерге көз жұмып қарай салады деп сынға алды ғой. Сондай жоғары дәрежелі жиында министрдің мұндай сын естуі өте ұят жағдай.

Сондықтан, қайыршыны немесе оған қайыр-садақа берген адамды жазаламас бұрын, полицияны дұрыс жұмыс істете білу керек.

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.