20-02-21 |
4690 рет қаралған
«Көк түтінге тұншығып, шыр-шыр еткен шыбыным»: Танымал ақын елді жылатты.
«Көк түтінге тұншығып, шыр-шыр еткен шыбыным»: Танымал ақын елді жылатты

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева өрт кезінде қайтыс болған бүлдіршіндерге жоқтау арнады. Ақын желідегі парақшасына жыр шумақтарын жазған.

Айналайын ақ бөпем..
Ақ бөпем ау, ақ көкем..
Кебініңе жылынып,
Қара жерде жат бөпем..

Әлди, әлди сүйгенім..
Қызыл отқа күйгенім..
Тойып тамақ ішпедің,
Бүтін киім кимедің..

Кешір мені кеш күнім..
Не сұмдықты естідім..
Тар бөлмеге тығылып,
Күл боп кеткен бес гүлім..

Әлди, әлди құлыным..
Лап етті ме бұрымың…
Көк түтінге тұншығып,
Шыр-шыр еткен шыбыным..

Өлім неге оп-оңай..
Неткен қайғы о тоба-ай..
Жоқшылықтың отына
Күйіп кеткен ботам-ай..

Кешіре алсаң кеш ботам..
Еге болмай есті Отан..
Бес күн жалған дүниеге
Сыймай кеткен бес ботам..

Әлди әлди ақ бөпем..
Жер бесікке жат бөпем..

Ол қыршын кеткен бес періштемен «Жер бесікке жат бөпем» деп қоштасты.

«Айналдырған 2 күнде 9 бала өртеніп кетті… Бұдан асқан қасірет бар ма…?! Жертөледе, гаражда тұрып жатқан қаншама бөпелер бар. Соларға баспана әперуге ат салысуға шақырсақ «неге туа береді, неге қайыр сұрай береді деп сөгесіздер. Сәбилердің не жазығы бар?», -деп жазды ақын  Instagram парақшасына.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы пәтерде болған өрттен бір отбасының бес баласы қаза болды.  Пәтер ішінде ата-ананың қарауынсыз қалған балалар 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған.

Елді есеңгіреткен оқиғаға қатысты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жаңатас қаласында өрттен қаза болған бес баланың ата-анасына көңіл айтты.

Кейін желіде отбасыға қатысты тың деректер шықты.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.