Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері әлем елдерімен әртүрлі салада қарқынды қарым-қатынас орнатқаны анық. Әсіресе, экономиканың басым бағыты саналатын сауда-саттықта қол жеткізген жетістіктер жетерлік. Өнімнің сапасы мен қоршаған ортаға зиян келтірмеуіне аса мән беретін Еуропа елдерінің өзі осы күні отандық өндірісімізге құмарта бастады. Еліміз де игіліктен құр қалған жоқ, экология мен қаржы жағын ұштастырған «жасыл экономика» бағытында тәжірибе жинап, бірталай істі ілгері жылжытты. Осының арқасында 30 жыл ішінде кәрі құрлықпен сауданы нығайтта білгеніміз айқын байқалды.
Жаңа арнаға жол ашты
Еуропа елдері Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға шикізат өндірісі бойынша белгілі бір дәрежеде мұқтаж. Өйткені жерінің аумағы аз мемлекеттер астық пен шикізатқа келгенде сан соғып отыр. Бұл мүмкіндікті еліміз уағында ұтымды пайдалана білді. Рас, бұрын еліміз астықтың көп бөлігін Иран, Ауғанстан секілді мемлекеттерге жөнелтетін. Кейін басқа да арналарды қарастыра жүріп, кәрі құрлыққа жол ашты. Мәселен, Қазақстан 2022 жылдың жалғашқы 7 айында Еуропаға 183,3 мың тонна бидай экспорттады. Бұл өткен жылғы кезеңмен (85,7 мың тонна) салыстырғанда 2,1 есе көп. Бұл ретте еуропалық бағыттағы бидай экспортының құны 3,1 есе — $25,1-дан $77 млн-ға дейін өсті. Еуропадағы негізгі сатып алушы ретінде Италия (82%) алдыңғы орынға шықты. Келесі кезекте Польша (6%), Латвия және Мальта (әрқайсысы 3%). Сондай-ақ Греция, Ұлыбритания, Швейцария және Финляндияға экспорттың аз көлемі бар. Ауыл шаруашылығы шикізаты экспортының өсуі Қазақстанға макарон өнімдерін өндіру бойынша әлемдегі ең ірі ел – Италияға бидай жеткізушілер арасында төртінші орын алуға мүмкіндік берді. Өткен жылы Италия бүкіл әлем бойынша 2,3 миллион тонна макарон экспорттап, одан 3,6 миллиард доллар пайда тапты. Ал Қазақстан барлығы 65 мың тонна макарон өнімдерін экспорттаған. Осылайша, әлемде алғашқы 20 елдің қатарына қостық.
Жемісті кезеңнің жаңалығы
Тәуелсіздіктен бергі 30 жылдан астам уақыт – маңызы ерекше тұтас кезең. Экономикалық тұрғыда бұл кезеңді жемісті болды десек – жаңылмаймыз. Еуропамен сауда-саттық жайы жанданды, жаңа технологиялар келді. Таяуда Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығы құрылатын болып, жобасы таныстырылды. Еуропалық инвестор Svevind Group компаниясы аймақта қуаты жылына 2 миллион тонна болатын «жасыл» сутегі өндірісін қолға алуды мақсат еткен. Жоба бойынша тәулігіне қуаты 255 мың текше метр су тұшытатын қондырғы, 40 ГВт жаңартылатын энергия станциясын (жел, күн) және негізінен экспортқа немесе ішкі нарықта тұтынуға арналған 20 ГВт су электролизі өндірісін салу әрі пайдалану көзделген. Аталған жобаны жүзеге асыру барысында, құрылыс кезеңінде шамамен 3500, нысандарды кезең-кезеңімен іске қосу кезінде 1800-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Еңбек дауларына жиі ілігетін облыс үшін бұл – орайы келген оңды іс. Азаматтар да біліктілігін арттырмай қалмайды. Маңғыстау облысында маман даярлау үшін Германия мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнату қарастырылуда. Қош, айтқанымыз көп игіліктің бірі ғана. Әйтпесе жеткен жетістік ұшан-теңіз.
Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі әрі бастысы. 30 жыл ішінде Қазақстанға Еуропадан тартылған инвестиция көлемі 160 миллиард доллардан асқан. Ал биылғы 8 айды қарастырсақ, қос тарап арасындағы тауар айналымы 43 пайызға өсіп, 26 миллиард долларға жетті. Биылдан бастап мемлекетіміз аталған одақпен энергетика, «жасыл» экономика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы іс-әрекетке негізделген қарым-қатынастарды белсендірді. Тараптар өзара тиімді іс-әрекетітті одан әрі күшейту үшін бірлесе күш-жігер жұмылдыруға келісім жасасқан.
Тағы бір дәйек, Еуропалық Одақтың Орта Азияға құйған барлық қаржысының шамамен 70 пайызы Қазақстанға бөлінген екен. Биыл 8 айда Қазақстан мен Еуропалық Одаққа мүше елдер арасындағы сауда көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 40 пайыздан астам артты. Қазіргі таңда еуропалық капиталдың үлесі бар үш мыңға жуық компания Қазақстан экономикасының түрлі секторында жұмыс істеп жатыр. Оның бәрі – қосымша жұмыс орындары, әлеуметтік мәселелерді шешіп, ел экономикасын дамытудың негізгі қадамы саналады.
Өзге де салаларда байланыс артуда. Еліміз машина жасау, темір мен болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы секілді салаларда жылына құны 1,5 миллиард долларды құрайтын 100-ден аса өңделген өнім ұсынуға қауқарлы. Қазақстан жыл сайын Еуропалық Одақ елдеріне 5 миллион тоннадан астам бидай экспорттайды. Тек былтыр Қазақстанның Еуропа елдеріне экспортталатын азық-түлік тауарларының көлемі 32 пайызға ұлғайып, 630 миллион доллардан асқан. Міне, экономикамыздағы осындай белді үрдістерді айтпай кетуге болмайды. Бұндай нақты қадамдар әрі қарай жалғаса беретіні сөзсіз.