Logo
Іздеу
Айдарлар

«Еркектің мүшесін өсіретін дәрі»: астаналық косметология орталығы тіркелмеген препаратты қолданған

/
«Еркектің мүшесін өсіретін дәрі»: астаналық косметология орталығы тіркелмеген препаратты қолданған

Косметолог маман ер адамның жыныс мүшесін өсіретін дәріні маңдайыма екті деп шағымданған Ольга Каслова денсаулығының күннен-күнге нашарлап бара жатқанын айтты. Ол көзінің көрмей қалу қаупі барын жасырмады, қазір Ольга Мәскеудегі емханалардың табалдырығын тоздырып жүр. Бұл туралы Azattyq Rýhy хабарлады.

Айтуынша бүкіл жиған-терген қаражатын тек дәрігерлердің кеңесін алуға, қымбат қалада өмір сүруіне жұмсап жатыр. Сырқатымен алысып жүрген ол өзіне зиян келтірген косметологты заңды жауапқа тарту үшін күресуге дәл қазір дәрменім жоқ дейді. Ольга басындағы қиын жағдайды құқықтық тұрғыда сауатты талдап, тегін кеңес бере алатын заңгерлердің көмегіне зәру екенін айтты. 

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Ольгаға егілген дәрілердің шынымен де Қазақстанда тіркелмегенін растады.

«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіліміне сәйкес Қазақстан Республикасында «Биоревитализант», «Диметиламиноэтанол», «Illuma 500 Полилактикалық қышқылы» сауда атауларымен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тіркелмеген», - деді олар.

Комитет мемлекеттік тіркеуден өтпеген, сапасы сертификатпен расталмаған және денсаулық сақтау саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келмейтін дәрі-дәрмекті сатуға тыйым салынғанын атап өтті. Бұған дейін Ольга қызмет алған емхананың лицензиясы жоқ екенін айтқан болатын. Ведомство elicense.kz порталына сәйкес аталмыш медициналық орталықтың лицензиясының бар екендігі туралы деректер жоқ екенін де хабарлады.

Жауапты комитет Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасына тұрақты бақылау жүргізіп отырғанын мәлімдеді.

«Уәкілетті орган фармакологиялық қадағалау жүйесінің жұмысын қамтамасыз етіп, елге әкелінген немесе осында өндірілген препараттардың әр партиясын мұқият тексереді. Сонымен қатар, дәрілерді қолдану барысында туындауы мүмкін кері әсерлер де арнайы бақылауға алынады», - деді жауабында.

Ал егер тiркелмеген, қолдануға рұқсат етiлмеген дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды азаматтар өндiріп, сатып алып, тасымалдап, сақтап, қолданатын болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Осыдан кейін сұрағымызға жауап берген астаналық полиция басқармасы бұл фактінің тіркеліп, бірақ қараусыз қалдырылғанын айтты. Құқық қорғау органы өкілінің сөзінше, косметолог жауап беру кезінде қолданып жүрген препараттарының лицензиясы барын айтқан.

«Медицина орталығының жауапты тұлғаларының іс-әрекетінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты, жинақталған құжаттар мұрағатқа жіберілді», - деді полициядан.

Осылайша ары қарай тергеуге немесе жауапкершілікке тартуға негіз болмаған.

Кедендік бақылауды жүзеге асыратын Мемлекеттік кірістер комитеті дәрілерді Қазақстанға әкелу үшін рұқсатты тек Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті беретінін алға тартып, мардымды жауап бермеді.

Айта кетейік, Мемлекеттік кірістер комитеті - заңсыз тасымал, тіркелмеген тауарлар, рұқсатсыз дәрі-дәрмек пен басқа да тыйым салынған өнімдерге қарсы шара қолданатын орган.

Ольга Каслованың жағдайы елімізде заңсыз дәрілер «контрабандасының» болуы мүмкін деген күмәнді тереңдете түсті. Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш препараттардың Қазақстанда тіркелмегенін нақты айтса да, кедендік бақылауға жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті дәрілердің шекарадан қалай өткенін түсіндіре алмады. Ал құқық қорғау органдары емхананың лицензиясының бар-жоғына, дәрілердің тіркеуден өткен-өтпегенін анықтауға аса құлықты болмаған ба!?