Британдық спорт сарапшысы Мэтт Робинсон бокстың әлем чемпионаттарындағы ең күтпеген жеңімпаздар тізімін жариялады. Сол тізімде ол қазақстандық боксшы Төрехан Сабырханды 10-орынға қойған, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Робинсонның жазуынша, кейбір жанкүйерлердің бұл шешімге күмәнмен қарауы мүмкін, себебі Төрехан – табиғи таланты мен әлеуеті жоғары жас спортшы.
"Төрехан Сабырханды бұл тізімге енгізуіме көпшілік таңғалуы мүмкін. Өйткені ол бар болғаны бір жыл бұрын жастар арасында әлем чемпионы атанған еді. Дегенмен ересектер арасындағы бәсекеге өткеннен кейін, жеңіліссіз болса да, оның өнері айтарлықтай әсер қалдырған жоқ. Бұл, бәлкім, оның физикалық тұрғыдан күштірек қарсыластармен кездесіп жүргенімен байланысты болар. Сондай-ақ ол жасөспірім кезіндегі жеңіл әрі әсем стилінен сәл алыстап, кейде баяулау, дөрекілеу тактикаға жүгінеді", – деп жазады Робинсон.
Айта кетейік, World Boxing әлем чемпионатында Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленген болатын. Ол – әуесқойлар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы атанған алғашқы қазақ боксшысы.