Қазақстанның 19 жасқа дейінгі боксшылар құрамасы Черногорияда өткен әлем чемпионатында сегіз медаль иеленді. Ұлттық құрама жарысты бір алтын, үш күміс және төрт қола жүлдемен аяқтап, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Черногорияның Будва қаласында ұйымдастырылған дүниежүзілік додада қазақстандық жас боксшылар бірнеше салмақ дәрежесінде жүлдеге таласты.
Әлем чемпионатындағы Қазақстанның жалғыз алтын медалін Зарина Толыбай жеңіп алды. 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз финалда Ресей өкілі Самира Итониеваны жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Тағы үш қазақстандық спортшы ақтық сынға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды.
57 келіге дейінгі салмақта Алина Құдайгенова финалда ресейлік Анастасия Голуновамен кездесіп, қарсыласына есе жіберді.
Ал 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бибарыс Әшірбай ирландиялық Джон Донохиден жеңілді.
90 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Владислав Саможонов шешуші жекпе-жекте Өзбекстан өкілі Ислам Салиховқа жол беріп, күміс медаль еншіледі.
Қазақстан құрамасының қоржынына төрт қола медаль да түсті. Үшінші орынға Мадира Жұмақан (51 келі), Индира Қыдырмолдаева (60 келі), Данияр Ақбисенов (60 келі) және Еркетаң Жарқынбек (90 келі) ие болды.
Осылайша, қазақстандық боксшылар әлем біріншілігін сегіз жүлдемен қорытындылады.
Жалпыкомандалық есепте бес алтын және бес күміс медаль жеңіп алған Ресей құрамасы көш бастады. Үш алтын, екі күміс және екі қола жүлдесі бар Өзбекстан екінші орынға жайғасты.
Ал екі алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленген АҚШ құрамасы үшінші орынға тұрақтады.
Қазақстан құрамасы бір алтын, үш күміс және төрт қола медальмен жалпыкомандалық есепте төртінші орын алды.