Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Спорт

Қазақстандық хоккейші қыздар Азия чемпионатында үшінші жыл қатарынан жүлде алды

Қазақстандық хоккейші қыздар Азия чемпионатында үшінші жыл қатарынан жүлде алды
Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Жапонияның Саппоро қаласында өткен 2027 жылғы Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама құрлық біріншілігінде үшінші рет қатарынан жүлдегер атанды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Биылғы Азия чемпионатына Қазақстан, Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея құрамалары қатысты. Турнир айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылып, әр команда үш кездесуден өткізді.

Қазақстандық хоккейшілер алғашқы ойында жарыс қожайыны Жапония құрамасына 0:4 есебімен есе жіберді.

Екінші кездесуде ұлттық құрама Қытаймен күш сынасты. Тартысты өткен матчта қазақстандықтар 1:2 есебімен жеңілді. Бұл ойында Қазақстан сапынан жалғыз шайбаны София Зубкова соқты.

Қазақстан Оңтүстік Кореяны ірі есеппен жеңді

Турнирдің соңғы кездесуінде Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяға қарсы мұз айдынына шықты.

Бұл жолы отандастарымыз қарсыластарын 5:1 есебімен сенімді жеңіп, қола медальға қол жеткізді.

Қазақстан құрамасының сапында София Зубкова, Аида Олжабаева, Пернеш Ашимова, Малика Алдабергенова және София Муравьёва мергендігімен көзге түсті.

Осылайша, үш кездесуде бір жеңіске жетіп, үш ұпай жинаған Қазақстан құрамасы турнирлік кестеде үшінші орынға тұрақтады.

Ал Оңтүстік Корея құрамасы төртінші орынды иеленді. Жапония мен Қытай чемпиондық атақ үшін таласады.

Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы хоккейден Азия чемпионатында үшінші жыл қатарынан қола медаль жеңіп алып отыр.