Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Спорт

Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады

Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады
Қазақстандық ат спорты шебері. Фото: ҰОК

Қазақстан құрамасы Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өткен 2026 жылғы ХХ жазғы Азия ойындарындағы жарыстарын аяқтады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ұлттық құрама сапынан соңғы болып ат спорты өкілдері сынға түсті.

4 қазанда биіктігі 1,50 метрге дейінгі кедергілерден өту бойынша жекелей конкурдың А санатындағы финалдық жарысының екінші кезеңі өтті.

Қазақстандық Олег Соколенко Cinderella атты атпен өнер көрсетіп, жарысты 14-орынмен аяқтады.

Ал Нұрила Тұрысбекова Quibelle Van D’Abelendreef атты атпен екінші кезеңдегі бағытты толық жүріп өте алмады.

Жарыс қорытындысында Қатар өкілі Фалех Аладжами Qapella атты атпен алтын медаль иеленді. БАӘ спортшысы Абдулла Альмхейри Hudson de Vains атты атпен екінші орын алса, Сауд Арабиясының өкілі Халед Альмобти Diana du Plevau Z атты атпен қола жүлдегер атанды.

Осылайша Қазақстан құрамасы Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады. Оның ішінде 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде бар. Ұлттық құрама жалпыкомандалық медаль есебінде сегізінші орынға тұрақтады.

Айта кетейік, алдыңғы Азия ойындарында Қазақстан 80 медаль алып, жалпы есепте 11-орын иеленген еді. Биыл ұлттық құрама өз көрсеткішін жақсартып, бірден үш сатыға жоғарылады.