Жапонияның Нагоя қаласында 2026 жылғы ХХ жазғы Азия ойындарының ресми жабылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Қазақстан құрамасының спортшылары да қатысты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жабылу рәсімі Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионында ұйымдастырылды.
Қазақстанның көк туын көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, 16 жастағы Ақмарал Ерекешева алып шықты.
Биылғы Азия ойындарына құрлықтың 45 елінен 11 мыңға жуық спортшы қатысты. Олар жалпы саны 469 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Аичи-Нагояда өткен дода Жапония тарихындағы үшінші жазғы Азия ойындары болды. Бұған дейін ел 1958 жылы Токиода және 1994 жылы Хиросимада құрлықтық жарысты қабылдаған.
Қазақстан атынан 35 спорт түрінен 558 спортшы сынға түсті. Ұлттық құрама жарыс қорытындысында 84 жүлде жеңіп алды. Оның ішінде 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль бар.
Осы нәтижемен Қазақстан жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.
Келесі жазғы Азия ойындары 2030 жылы Қатар астанасы Дохада өтеді. Жарыс 4-19 қараша аралығына жоспарланған. Доха Азия ойындарын өз тарихында екінші рет қабылдайды.