Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Спорт

Қазақ балуаны АҚШ-та әлем чемпионы атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді

Қазақ балуаны АҚШ-та әлем чемпионы атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді
Мерей Базарбаев. Фото: United World Wrestling

Қазақстандық еркін күрес шебері Мерей Базарбаев АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Arasha.kz.

57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз финалда Түркия өкілі Бекир Кесермен белдесті. Шешуші кездесуде Мерей қарсыласына ұпай бермей, 8:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.

Осылайша, қазақстандық балуан әлем чемпионы атанып, ұлттық құрама қоржынына еркін күрестен осы турнирдегі жалғыз жүлдені салды.

Мерей Базарбаев әлем чемпионатында төрт қарсыласын жеңді

Қазақстандық спортшы алтын медальға дейінгі жолында бірнеше мықты қарсыласпен кездесті.

Алғашқы белдесуінде америкалық Люк Лилледальді 3:1 есебімен жеңді. Ширек финалда Франция өкілі Расул Галбораевтан 13:2 есебімен басым түсті.

Жартылай финалда жапониялық Даито Катсумені 7:0 есебімен ұтып, алтын жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. Ал финалда түркиялық Бекир Кесерді 8:0 есебімен тізе бүктірді.

Мерей Базарбаевтың бұл жеңісі Қазақстан күресі үшін тарихи нәтижелердің бірі болды. Ол 23 жасқа дейінгі балуандар арасында еркін күрестен әлем чемпионы атанған екінші қазақстандық спортшы ретінде тарихқа енді.

Бұған дейін мұндай жетістікке Ризабек Айтмұхан қол жеткізген. Ол 2024 жылы Албания астанасы Тиранада өткен әлем біріншілігінде 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленген еді.

Қазақстан әлем чемпионатын жеті медальмен аяқтады

Лас-Вегастағы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы жалпы жеті жүлде жеңіп алды.

Грек-рим күресінен отандастарымыз екі алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленді. Еркін күрестен Мерей Базарбаев алтын алса, әйелдер күресінен ұлттық құрама еншісіне бір қола жүлде жазылды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатын үш алтын, бір күміс және үш қола медальмен қорытындылады.