Францияда Жаңа Каледония атты жаңа мемлекетті құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы Politico басылымы хабарлады.
«Жаңа Каледонияның болашағына қатысты талқылау жүргізіп жатқан саяси қозғалыстар сенбі күні таңертең жаңа мемлекет құру туралы келісімге келгенін жариялады. Алайда бұл мемлекет Франциядан толық тәуелсіз болмайды», – делінген мақалада.
Басылымның атап өтуінше, бұл келісімнің арқасында аймақ автономия алады. Сонымен қатар, Жаңа Каледония азаматтығы енгізіліп, халықаралық қатынастар саласында жаңа мемлекетке белгілі бір өкілеттіктер беріледі. Келесі кезеңде бұл мәселе Франция парламентінде дауысқа салынып, аралдарда референдум өтеді.
2024 жылдың көктемінде Жаңа Каледонияда конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты тәртіпсіздіктер басталған болатын. Атап айтқанда, мигранттарға сайлау құқығын беру халықтың наразылығын тудырған, деп жазды Интерфакс агенттігі.
Жаңа Каледония — Францияның әкімшілік-аумақтық бірлігі, Тынық мұхитындағы архипелаг.
Аралдағы Париж билігін Франция президенті тағайындайтын жоғарғы комиссар ұсынады. Атқарушы билік — жергілікті үкіметтің қолында.