Logo
Іздеу
Айдарлар

Перизат Қайраттың соты. Журналистерді залдан шығарып жіберген

/
Перизат Қайраттың соты. Журналистерді залдан шығарып жіберген
Фото: orda.kz

Бүгін Астанада бұрынғы «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық қорының жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Қордың өзі қазіргі уақытта тарату процесінен өткен. Бұл туралы Arasha.kz редакциясын Orda-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Айыптау тарабының мәліметінше, Перизат Қайрат үш жарым миллиард теңге көлеміндегі қаражатты жымқырды деп күдіктелуде. Бұл қаржы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын құруға, су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға және соғыстан зардап шеккен палестиналықтарға көмек көрсету мақсатында жиналған.

Ал Ғайни Алашбаеваға алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша айып тағылып отыр.

Сот процесі жартылай жабық режимде өтіп жатыр. Процестің басында судья Сабыржан Каримов ақпарат құралдарын сот залынан шығаруға бұйрық берді. Оның айтуынша, кез келген сәтте банктік құпия және басқа да құпия ақпараттар жария етілуі мүмкін.

Журналистер бөлек бөлмеге орналастырылып, сот залынан тікелей трансляцияны экран арқылы көруі тиіс болды. Алайда алғашқы сәттерде экран қара күйінде тұрды.

Айта кетейік, бұған дейін Перизат Қайрат тергеу изоляторында соққыға жығылғанын мәлімдеген. Полиция кейінірек бұл мәлімдемеге қатысты бейнебақылау камерасынан үзінді көрсетіп, күдіктінің сөзімен келіспейтінін хабарлады.