Шиелі аудандық ауруханасы перзентханадан сәбиін у-шумен, шоу жасап алып шығатын ата-аналарға ескерту жасады.
Аурухананың мәлімдеуінше, күн сайын сағат 12:00-ден бастап жұмыс уақытының соңына дейін аудандық аурухана алды тойдағыдай у-шуға, қаптаған көліктерге, шоуға, аниматорларға толады. Ата-аналар, тума-туыс, дос-жаран кішігірім той жасайды. Бірнеше рет ескерту жасалған.
«Ескертуге қарамастан, думанды той күнде жалғасуда. Тұрғындар жаңа босанған анаға, өмірге келгеніне жеті күн толмаған баласына ерекше күтім мен тыныштық керек екенін біле тұра, әншілерді, аниматорларды жалдап, концерт ұйымдастыруды үйреншікті әдетке айналдырып бара жатыр. Аудандық аурухана көпбейінді болуына байланысты, басқа да бөлімшелерде ауыр жағдайлар болып жатады: жансақтау бөліміндеде өмір үшін күресіп жатқан ауыр жағдайдағы науқастар және олардың жанын шүберекке түйіп, тілеуін тілеп тұрған туыстарының жағдайына адами тұрғыдан түсіністікпен қараған жөн», - деп мәлімдеді аурухана
Келушілер перзентхана реанимациясында да өз өмірі үшін күресіп жатқан нәрестелер де бар екенін ұмытып кетеді. Нәрестені өмірге әкелген аналардың да аурухананың реанимациясында жататын жағдайлары болады.
«Аналардың бірі сәбиін құшағына алса, кейбір ананың сәбиі жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатады. Нәресте туғаннан кейінгі алғашқы күндерде, анасы сияқты тыныштық пен демалуды қажет ететінін бәрі түсінеді. Босанған ана шаршайды және ол әдеттегі жағдайда баласымен тыныштықта болғысы келеді. Бұл орайда қаумалап келген туған туыстың у-шуы және қатты музыка жаңа туған нәрестенің есту қабілетіне зақым келтіруі мүмкін екенін, тіпті нәрестеде неврологиялық мәселелерді тудыруы мүмкін екенін білу маңызды», - деп мәлімдеді ауруханадағылар.
Қайғырып отырған адамдарға той думандатып, әндетіп, қайғыларына немқұрайлық көрсету адамдыққа жатар ма екен?
Осы себепті аудандық аурухана айналасында, перзентхана маңында баланы шығарып алуға келгенде шоу-бағдарлама жасап, түрлі аниматорларды жалдамауға әкімшілік тарапынан талап етіп отыр.