Logo
Іздеу
Айдарлар

ҚТЖ қарызын жолаушылар қалтасынан жауып отыр...

/
ҚТЖ қарызын жолаушылар қалтасынан жауып отыр...

Қазақстанда жолаушы тасымалының тарифі тым шарықтап кетті. 

Былтырғы жылдың қазан айынан бері теміржол билетінің бағасы бірден 25%-ға өсіп, халықтың қалтасын қағып отыр. Тасымал саласындағы осыншама қымбатшылықтың себебі неде? 

Жауабы айқын: «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қарызға белшеден батуы, деп хабарлады Ertenmedia.

ҚТЖ-ның жалпы қарызы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңгеге жеткен. Компания басшысы былтыр тіпті дефолт қаупі төніп тұрғанын да мәлімдеген болатын. Монополист өзінің берешегін халықтың есебінен жауып жатыр десек қателеспейміз.

Компания табысының негізгі бөлігі (94%-дан астамы) жүк тасымалынан түседі, ал жолаушы тасымалы әлеуметтік бағыттағы, мемлекеттен субсидия алатын сала. 

Осыған қарамастан, ҚТЖ халықтың жолаушы тасымалына төлейтін ақшасын күрт көтеріп жіберген. Мұндай жағдайда компанияның негізгі шығыны мен қарызы қарапайым азаматтардың есебінен жабылып отыр деуге толық негіз бар.

Былтырғы жылы ұлттық компания 282 млрд теңгені инфрақұрылымды жаңартуға жұмсаған. Алайда бұл соманың жартысынан көбі тағы да қарызға алынған қаражат. Компания әлі күнге дейін қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізе алмай келеді.

ҚТЖ-ның тарифтік саясаты АҚШ президенті  Дональд Трамптың импулсивті мінезіне ұқсас. 

Соңғы деректерге қарасақ, былтыр теміржол тарифтері үш рет көтерілген: қаңтарда 4%, маусымда 8,8%, желтоқсанда 7,8%-ға. Биыл мамыр айында тариф тағы 35%-ға шарықтады. 

Бағаның бұлайша жиі өзгеруі ешбір экономикалық логикаға сыймайды.

Теміржолдағы жаңа вагондар саны көбейді деген мәлімет бар, алайда 43,8%-ға жуығы әлі де 25 жылдан астам уақыт қолданыста болған ескі локомотивтер екені жасырын емес. 

Компанияның "отчеты" позитивке толы болғанымен жолаушылардың басым бөлігі сервистің төмендігіне жиі шағымданады.

ҚТЖ өзінің қаржылық қиындықтарын шешу үшін сіз бен бізге ауыртпалық салуда. Әлеуметтік салада жұмыс істейтін, мемлекет қолдауымен өмір сүретін монополист қарызын халықтың есебінен жабуды әдетке айналдырып алғандай.

ҚТЖ-ның қаржылық саясаты реттелмесе, билет бағасы бұдан әрі шарықтай түседі. Мұның дәлелі ретінде компания алдағы 3 жыл бойы тарифті көтеруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. 

ҚТЖ-ға биліктің қатаң бақылауы мен аудиті керек-ақ. Әйтпесе миллиондаған берешек қарапайым жолаушылардың қалтасынан шыққан қаржымен «жабыла» бермек.