Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейту мәселесі қаралды. Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, қарашаның үшінші аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өзгерген жоқ, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазан айында инфляцияға ең көп әсер еткен өнімдер қатарында қызанақ, қияр, тартылған ет, сиыр және жылқы еті, балық, банан сияқты тауарлар болды. Дегенмен жылдық көрсеткіш бойынша қызанақ пен қияр айтарлықтай арзандаған.
Талдау нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына кірмейтін, бірақ баға өсіміне көп ықпал ететін 30 өнім анықталды. Соның ішінен 23 тауарды әлеуетті түрде тізімге енгізу ұсынылды. Бұл мәселе бизнес өкілдерімен қосымша талқыланатын болады.
Тізім кеңейген жағдайда кәсіпкерлер мәмілелер ашықтығын қамтамасыз етіп, 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтауға міндеттеледі. Мұндағы мақсат – азық-түлік айналымында ашықтықты күшейтіп, делдалдардың бағаға ықпалын азайту.
Жұманғарин ұсынылған позициялардың әрқайсысын бизнес қауымдастықтармен жеке талқылауды тапсырды. Түпкілікті шешім консультациялар толық аяқталғаннан кейін қабылданады.